Көкшетауда жаңадан бой көтерген «Сарыарқа» мөлтек ауданының тұрғындары Nur Otan партиясына шағым айтып келді. Олар ауласына тағы бір үй тұрғызуға қарсы. Мұнда онсыз да көлік қоятын жер жоқ. Балалар ойын алаңы да дұрыс жасақталмаған. Сондықтан құрылысқа қалай да жол бермейміз дейді тұрғындар. «Менің төрт балам бар. Бірнеше жыл банкке жинап, алған үйімнің алдына тағы бір үй салмақшы. Сонда балалар қай жерде ойнауы тиіс?! Бұл біздің ортақ ауламыз, сондықтан құрылысқа қарсымыз», –дейді көп балалы ана Гүлсім.
Халықпен кездесуге қалалық партия филиалының төрағасы, Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смаилов келді. Әкімге базынасын айтқан тұрғындар 5 қабатты үй салуға жол бермейміз деп бекініп отыр. Ересектер өткен жазда балаларға бос жатқан жерге уақытша футбол алаңын жасап беріпті. Енді сол жерде тұрғын үй бой көтермек. Бұл 5 қабатты тұрғын үй жылдар бойы кезекте тұрған отбасыларға арнап салынбақ. Былай тартса арба сынады, былай тарса өгіз өледінің кебін киген әкімдіктегілер, құрылыс мәселесін тағы бір қарап, бұл мәселені тұрғындармен ақылдасып шешетіндігін айтып, халықты көндірді. Мәселе Nur Otan партиясының Ақмола облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының бақылауында болмақ.Ал, зейнет жасына келсе де, әкімдіктің есігін тоздырып хат жазумен әлек боп жүрген осы үйдің тұрғыны Еркін Байкенов партияға да шағым қалдырғанын айтты. «Мен бірнеше жылдан бері партия мүшесімін. Жаңадан салынбақшы тұрғын үйдің жобасы бойынша аулаға 20 авткөлік тұрағы жасалады деген. Ал бұл үйде 100-ден астам адам тұрып жатыр. Бәріміз көлігімізді қайда апарып қоямыз сонда?! », – деп күйінді ол.