Таразда өрт азаймай тұр
Таразда өрт азаймай тұр
149
оқылды

Жылыту маусымы басталғанына бір ғана ай болды. Сол аралықта Жамбыл облысының өзінде 200-ден аса өрт оқиғасы тіркелген. Өрттің шығуына көбіне пештің ақауы себеп болады. Мәселен, бір айдың ішінде қала аумағындағы тұрғын үй секторында 12 оқиға тіркелді. Ал жыл басынан бері қала аумағында 236 өрт болған. Осы апаттардан 7 адам қаза болып, екеуі әртүрлі күйік жарақатын алған.

Мысалы, жылыту маусымы қо­сылған шақта Тараз қаласында 120 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйдің шатыры өртенді. Бұл оқиға екінші шағынауданда орын алған. 80 адам қауіпсіз аймаққа көшірілді. Өрт сөндірушілердің айтуынша, олар жалынмен бір сағат күрескен. Пә­тер­лері бүлінген адамдардың тізімі жасалып, олар жақын маң­да­ғы әлеуметтік нысанға орна­лас­ты­рылды. Өртті сөндіруге 9 дана техника мен 50-ге жуық жеке құрам жұмылдырылған.

Өртің алдын алу мақсатында Жам­был облысы Төтенше жағдай­лар департаментінің қызмет­кер­лері, Тараз қаласы Төтенше жағ­дай­лар басқармасының қызмет­кер­лері, Өрт сөндіру және авария­лық құтқару қызметі қызметкер­лері, «КазТрансАймақ» ЖПФ АҚ мамандары, «Жібек жолы» белсенді жастары волонтерларының қаты­суы­мен өрт қауіпсіздігі жайында сенбілік өткізді. Тұрғын үй секто­рын­да Мусорская, Ищина, Жилко­операция, Локомотив, Лукма­нова, 1, 2, 3-і Қарасу көше­ле­рінде рейд тексеріс жүргізілді. Ау­л­аларды аралау барысында тұр­ғын үй мен жер үй иелеріне жады­на­малар, парақшалар таратылды.

Мұндай шараларды күз бастал­ғалы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өткізумен келеді. Олар жеке сек­тор­дағы үйлерге барып, қауіпсіздік ережелерін түсіндіруде. Дегенмен әр адамның жадында негізгі ереже­ле­рі жазулы болуы тиіс. Мәселен, өрт шыққан үйде терезелерді ашып, түтінді шығаруға болмайды. Таза ауа отты одан сайын өрші­те­ті­нін ұмыт­пау керек. Ал көпқабатты тұр­ғын үйде өрт шықса, лифтті қолданбаған жөн. Өйткені өрт кезінде электр тоғы өшірілетін­дік­тен, лифт кез келген жерде тоқтап қалуы мүмкін. Бастысы, адам қор­қы­нышқа бой алдыртпай, сасқа­лақ­тамау керек.

Сонымен қатар иіс тиіп, газдан уланған қайғылы жағдай кең тарал­ған. Ол да жылыту жүйесінің ақау­лы­ғынан болады. Оның ара­сын­да көмірмен жанатын пештер­дің жарамсыздығы мен түтін шығатын құбырлардың бітеліп қалатыны да бар. Мамандар бүгінгі күнге дейін 300 мәрте рейд ұйым­дас­тырған. Олардың айтуынша, былтырғы осы уақытпен салыс­тыр­ғанда қаза тапқандар саны 3 есеге, ал жарақат алғандар 25 па­йызға кеміпті.

– Оқиғалардың басым бөлігі осы тұрғын үй секторындағы аз қам­­тылған, тұрмысы төмен отба­сы­лардың үйлерінде орын алған. Осыған байланысты қазіргі кезде Қордай ауданында 500 мың теңге және Тараз қаласында 1 миллион теңге қарастырылды. Осы қаржыға автономды газ талдағыштарды алып, аз қамтылған отбасылардың үйі­не орнатсақ деген жоспар бар. Бұл қайғылы оқиғалардың алдын алуға көмектеседі, – дейді облыс­тық ТЖД басқарма басшысы Мақсат Әкімбаев.