Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «сыбайлас жемқорлыққа мемлекет пен қоғам біріге отырып, қарсы күресу керек» екенін әрдайым қадап айтып, әр сөзінде, халыққа Жолдауларында осы өзекті мәселені үнемі назарда ұстап келеді. «Сыбайлас жемқорлық – жай ғана құқықбұзушылық емес. Ол мемлекеттің сенімді тұтастығын ажыратып, ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін» ескертуден жалыққан емес.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасы халқымызды осыған шақырады. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің ішкі саясаттағы басты бағдарының бірі болып қалыптасты. Қазақстанда ТМД елдерінің арасында алғаш рет «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы» күрес туралы заң қабылданды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы орган құрылды.
Тарихқа үңілсек, сыбайлас жемқорлық — адамзаттың дамуымен бірге келе жатқан ең көне ұғым. Өкінішке қарай, бірде-бір қоғамда оны түп тамырымен жоятын идеология әлі қалыптасқан жоқ. Бүкіл әлем осы зұлымдықпен күресіп жатыр. Одан арылу үшін заңдар мен мемлекеттік құрылымдар өзгертіліп, сыбайлас жемқорлықты жоюдың жаңа жолдары мен технологиялары енгізіледі. Алайда «жойылып» жатқан «сыбайлас жемқорлық» жоқ, қайта өршіп, жаңаша бағытқа бейімделіп алатыны белгілі. Сондықтан да бұл күрес тынымсыз әрі тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Мемлекет қоғамның қолдауынсыз жеңе алмайтыны да белгілі. Мұндай «өміршең құбыжық құбылыспен» күресуде азаматтық қоғам шешуші рөл атқарары сөзсіз.
Ал қоғам дегеніміз – сіз бен біз, яғни заңға, қоғамдағы өзіміздің міндеттеріміз бен моральдық ахуалымызға деген бір-біріміздің қарым-қатынасымыз. «Қылмыс – қалыпсыз қоғамдағы қарапайым адамдардың қалыпты әрекеті» дейді ресейлік жазушы В.Пикуля. Демек, зұлымдықтың тамырын қоғамның өзінен іздеген жөн. Бұл әлеуметтік зұлымдықтың себебін өзімізден іздегеніміз абзал: сыбайлас жемқорлықтың неден басталатынын білсек те, неден басталғанын байқасақ та, немкетті қарап, байқамаған кейіпте жүреміз. Кейде оған өзіміз себепші де боламыз. Бәрі содан басталады.
Әділетсіздікті көргенде мемлекетті кінәлап, ренішімізді білдіреміз. Алайда сыбайлас жемқорлықпен күресуге келгенде, ешқайсымыз атсалыспаймыз. Көптеген азамат күнделікті тұрмыстағы сыбайлас жемқорлықты көретұра заңсыздыққа жол береді, оны әшкерелеудің орнына бейқамдық танытады. Кейде мұны қалыпты жағдай деп те ойлайды. Мұндай жағдайда мемлекет те, құқық қорғау органдары да ешнәрсе істей алмайды. Бәрін жазалап, қапасқа отырғызу мүмкін емес. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресу үшін әрбір азаматтың жауапкершілікті сезіне, белсене араласып, атсалысқаны керек. Оны құрықтауға өз үлесін қосқаны қа-жет. Яғни, азаматтардың сыбайлас жемқорлық туралы көзқарасын өзгертпейінше, тиімді нәтижеге жету мүмкін емес.
Сыбайлас жемқолықпен күресу – қоғамның және әр азаматтың ортақ ісі, ортақ міндеті екенін әр қазақстандық, әр отбасы түсінуі керек.
Ұлы Абай атамыз «ұрпағыңызға асыл мұра ретінде арсыздықты әкелетін байлықты емес, тәрбиені қалдыр» деген екен. Сыбайлас жемқорлыққа немқұрайлылық – қоғамның ең өзекті мәселесі. Адам табиғатының бұзылуына, адамгершіліктің тапталуына, адамдардың бөлінуіне әкеледі. Бұл – қоғамдық сананың рухани емес, материалдық тұрғыдан дағдарысқа ұшырауы.
Карл Маркс «әлеуметтік жүйенің қақ ортасы іріп-шірісе, онда халықтың саны емес, қылмыстың саны өрши түседі» деп жазған екен. Адам белгілі бір материалдық жағдайға тәуелді болғанда, ар-ұят, намысты екінші орынға қояды. Егер ар-ұят, намысты екінші орынға қоятын болсақ, онда болашақта тұтас бір ұрпақты жоғалтып алуымыз мүмкін. Біз осыны түсінуіміз қажет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресе отырып, өмірімізді одан ары жақсартып, адамгершілік, рухани байлығымызды жоғалтпай, өркениетті ел құруымыз керек
Міне, елімізде бүгінде осындай тәжірибеге қатысты шараларды қабылдау және ұқсас реформаларды жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл қадамдар сыбайлас жемқорлық көріністерін төмендету мен жою бағытында үлкен заманауи серпіліске әкелері сөзсіз.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті әдеп жөніндегі кеңесінің отырысы өтті. Шиелі ауданының әкімі сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарын баяндады. Былтыр шиелілік 3 шенеунік парамен ұсталыпты. Анау-мынау емес, аудандық Ішкі істер бөлімі көші-қон қызметі бөлімшесінің бастығы Ғ.Оңғарбаев заңсыз әрекетке барған екен. Бөлімшенің экс-бастығы шетел азаматтарын тіркеу үшін тұрғындардан 20 мың теңге және 30 мың теңге көлемінде барлығы 50 мың теңге пара алған. Ол Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 366-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айрылып,
3 500 000 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Пара алып тұтылғандардың қатарында ауыл әкімі де бар. Гигант ауылдық округінің әкімі Қ.Қалиев ауыл маңайынан жер рәсімдеп беру үшін «ауызбастырық» дәметіпті. Нақтырақ айтқанда, Гигант ауылдық округінің аймағынан жер учаскесін рәсімдеп беру үшін аудан тұрғынынан 60 мың теңге көлемінде пара алған. Ауыл әкімі Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 366-бабының 3-бөлігінің 4 тармағымен кінәлі деп танылып, мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айрылып, оған 7 700 000 теңге айыппұл салынған. Ал аудандық Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бұрынғы басшысы М.Шоханов мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген лауазымды адам бола тұра, Қылмыстық Кодекстің 361-бабының 1-бөлігінің көзделген қылмыстарды жасап, сол бойынша кінәлі деп танылып, Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 65-бабына сай қылмыстық жауаптылықтан босатылыпты. Шиелі ауданы «Ақтоған ауылдық округі әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жетекші маман-есепшісі Т.Мықтыбаев лауазымды қызметін пайдаланып, өзіне сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп, жымқыру мақсатында жалпы сомасы 2 912 586 теңгені иемденіп, мемлекетке ірі көлемде залал келтірген. Жетекші маман Шиелі аудандық сотының Үкімімен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 189-бабының 3-бөлігінің 1,2-тармақтарымен кінәлі деп танылып, мемлекеттік мекемелерде есепші қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, екі жыл мерзімге бас бостандығынан айрылған. Айтпақшы, өткен жылы аталған ауданға қарасты Жуантөбе ауылдық округінің әкімі Ә.Бегайдаров ауылдық округтің балабақша меңгерушісін заңсыз қудалағаны үшін «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза алса, аудандық ауыл шарашылығы бөлімінің басшысы М.Әшірбековке тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған. Сондай-ақ жыл басында Шиелі кентінің әкімі Ғ.Аманжолов БАҚ өкілдеріне дөрекілік танытқаны үшін «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза алыпты. Сонымен қатар әдеп кеңесінде облыстық Ішкі саясат басқармасының жауапты тұлғаларына қатысты тәртіптік істі тоқтату туралы мәселе қаралды. 2019 жылғы 26 наурыздағы №02-19665 хатына сәйкес Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасарлары Б.Жанаділов пен Г.Исмайловаға қатысты тәртіптік істер қозғалып, қызметтік тергеп-тексеру тағайындалды. Қызметтік тергеп-тексеру қорытындысына сай, басқарма басшысының орынбасарлары Б.Жанаділов пен Г.Исмайлова мемлекеттік сатып алу заңнамасында белгіленген талаптарды бұзып, мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізуде заңнамада көзделген құжаттарды ұсынбаған әлеуетті өнім берушілерді конкурсқа қатысуға жіберуі арқылы оларға негізсіз қолдау көрсеткені байқалады.
Дегенмен Г.Смаилова мен Б.Жанаділов заңға сәйкес жұмыстан босатылды. Сондықтан аталған лауазымды тұлғаларға қатысты қозғалған тәртіптік іс-кеңес мүшелерінің қолдауымен тоқтатылды. Кеңесте Қызылорда қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Т.Бәйменовтің тәртіптік жазасын мерзімінен бұрын алу жайы да сөз болды. Оған әдеп жөніндегі кеңестің қарауына Т.Бәйменовтің тәртіптік жазасын мерзімінен бұрын алу туралы Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаевтың ұсынысы негіз болған. Осылайша, кеңес мүшелерінің басым даусымен Т.Бәйменовтің тәртіптік ісі тоқтатылды.
Сондай-ақ кеңесте Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалары, Әдеп кодексін бұзудың профилактикасы бағытында атқарған жұмысы туралы басқарма басшысының орынбасары баяндама жасады.
Миуа БАЙНАЗАРОВА,
Қызылорда облысы