Димаш – Азияның келбеті
Димаш – Азияның келбеті

TC Candler сайты «Азиядағы ең кел­бетті адам – 2019» байқауының қо­рытындысын жариялады. Әнші Ди­маш Құдайберген үздік ондыққа енді.

Сайт таратқан мәліметке сүйенсек, да­уыс беру қорытындысы бойынша Ди­маш Құдайберген 8-орын иеленген. Жал­пы, тамызда тәуелсіз сарапшылар Ди­маш Құдайбергенді «Азиядағы ең кел­бетті адам» аталымына ұсынған-ды. Сайт Instagram-дағы парақшасында Димаштың қатысатыны туралы арнайы жазба жариялады. Шарт бойынша желі қол­данушысы бір ғана қатысушының су­ретіне лүпіл басып, пікір жаза ала­ды. Мұны тәуелсіз бақылаушылар қада­ға­ла­ды. 30 қыркүйекте Instagram-дағы дауыс беру аяқталды. Кейіннен TC Candler рейтинг жасап шықты.

Димаштың Азияның ең келбетті адам­дарының ондығына кіруі – бірінші ке­зекте жанкүйер қолдауының арқасы. Себебі олар күн-түн демей дауыс беріп, пікір жазған. Сайт таратқан мәліметке сүйенсек, пікір қалдырғандардың басым бөлігі Димашты ерекше жақсы көретінін жазған. Сондай-ақ әнші дауысы, бет-бейнесінің тартымдылығы сөз болған. Желі қолданушылары тіпті Димаштың бірінші орынға лайық екенін көрсеткен.

Бұған дейін Димаш «Әлемнің ең кел­бет­ті адамы – 2018» байқауына қатыс­қан-тұғын. Әнші ол рейтингте 90-орынға тұ­рақтады. Мұнда да талап бойынша жан­­күйерлер Димаш туралы жазбаға лү­­­піл басып, пікір қалдыруы керек еді. Нә­­­тижесінде, Димаш Бекхэм, Леонардо Ди Каприо мен Месси бар тізімде қатар тұрды.

Желі қолданушылары әнші жайында «Димаш Жер планетасындағы ең келбетті жігіт», «Басқа қатысушылардың бет-жүзі әр­ленген, ал Димаш бояусыз-ақ сым­бат­ты. Ол бірінші орынға лайық» деген сияқты пікір қалдырды.

Қытайда әлемді мойындатып, Амери­ка­да концерт беруді жоспарлаған Димаш үшін бұл – кезекті баспалдақ. Қазақ ба­­ласының ерекше дауысына ғалам таң­дай қағады. Келбетіне, дауысына, жан дүниесіне баға береді. Димаш аудито­рия­сы кеңейген сайын жаңа мүмкіндік ашылады. Алдағы жылдары әншіні Азияның ғана емес, әлемдік рейтингтің алдынан көруіміз мүмкін.


Айбике ЖАНАСЫЛ