Гаджетсіз өмір мүмкін бе?
Гаджетсіз өмір мүмкін бе?
445
оқылды

Бұрынғының балалары өрмекші мен тышқаннан, қараңғыдан қор­қа­тын. Қазір қолынан смартфонын тартып алсаң, жылайды. Мұның ересектерге де қатысы бар. Ғылым бұ­ған арнайы атау берген – номо­фо­бия.

Біз смартфонға қаншалықты тәуелді еке­німізді байқамаймыз. Кейде теле­фон­ды үйде ұмытып кетеміз. Көпшілігіміз жұ­мысқа кешігетінімізге қарамастан смар­тфонды алуға үйге жүгіреміз. Жаны­мыз­дан тастамаймыз. Номофобия – ке­ңіс­тікте телефонсыз қалудан қорқу. Қа­зір­гі зерттеулерге сүйенсек, әрбір жас – номофоб. Ұлыбританияда жүргізілген зерттеуге қарасақ, Британия халқының 53%-ы телефонын жоғалтса, қуаты бітсе және желісіз қалса, беймаза күй кешеті­нін айтқан. 9%-ы смартфоны өшіп қалса, қатты уайым­дайтынын жеткізген. Әрбір онын­шы қатысушы жұмысына байла­нысты теле­фонды үздіксіз қолданады екен. Рес­понденттердің жартысынан көбі «теле­фо­н­ымызды мүлде сөндір­мей­міз» деп жауап берген.

«Номофоб екенімді қалай білуге бо­ла­ды?» Жиі қойылатын сұрақ. Теле­фо­ны­ңызды үнемі жаныңызда ұстайсыз ба? Тіпті, жуынатын бөлмеге алып кіресіз бе? Кез келген жұмысты гаджетпен атқарған ұнай ма? Онда сіз – номофобсыз. Уайым­да­маңыз, одан арылуға мүмкіндік бар. Әзірге номофобия халықаралық аурулар классификациясына кірген жоқ. Бірақ әлемдік психологиялық қоғамдастық аталған тақырыпқа мән беріп отыр.

Номофобия – психологиялық мәсе­ле. Оның себебі мен салдарын бейсанадан із­деу керек. Психолог Балабек Сақта­ға­нов­тың айтуынша, номофобтар – кө­бі­несе әлеуметтік байланыс орната алмай­тын, қалыпты ортада қарым-қатынас жасай алмайтын адамдар. Олар жиі күйзеліске ұшырайды, мазасызданады. Ал гаджетті жаңа кеңістікке қарайтын «те­резе» ретінде қабылдайды. Олар теле­фон арқылы сөйлесе алады, оқи алады, фильм көреді. Бір сөзбен айтқанда, өзі­нің ішкі бос кеңістігін толтырады.

Психолог сөзінің жаны бар. Ортамен қарым-қатынас жасауға тіксінетіндер смартфонда «өз әлемін» құрады. Мұны эскапизм деп атайды. Яғни, оффлайн өмірден онлайнды жөн көру. Өйткені номофобтар кейде тәулік бойы телефонға «байланып» отырады. Әлеуметтік желі мен поштасын тоқтаусыз тексеріп, бір бел­гінің келерін күтеді. Хабарлама келсе, қоңырау шалса, елегізіп отырады. Теле­фо­нын түгелдей бақылайды. Таңертең тұра сала, экранға қарап, кім не жазғанын тексереді. Бұл денсаулыққа кері әсерін тигі­зеді. Тіпті, кейбір номофобтар ұйық­тар алдында гаджеттегі интернетті өшір­мей­ді. Хабарлама келсе, жауап бере ал­мау­дан қорқады. Түні бойы миы демал­май, ертеңіне дел-сал болып жүреді. Бай­ланыс жоқ жерде өзін қоярға жер тап­пайды. Оларға уақытын достарымен емес, смартфонмен өткізген қызық.

Адамның телефонсыз қалудан қор­қуы­ның бірнеше себебі бар. Мысал ретін­де телефонда жеке, құпия ақпаратты сақтауды қарастырайық. Мұндайда адам смартфонын қадағалаусыз қалдыруға қорқады. Шамадан тыс үрейленеді. Егер мұндай қорқыныш басым болса, арты фобияға айналады. Жалпы, номофобтар­ды екі түрге жіктеуге болады. Бірінші­сін­де фобияның бастапқы белгілері білінеді. Олар телефонға қарсы күрес жү­ргізсе, нәтиже көрсете алады. Ал келе­сі­лері өмірді ұмытып, смартфондағы әлемге еніп кеткендер. Бұлармен пси­хо­лог­тар кешенді жұмыс жүргізеді. Ішкі әле­міндегі бос орынды смартфонмен емес, басқа пайдалы затпен алмастыруды үйретеді.

Психологтың айтуынша, номофобия­мен әркім күресе алады. Алайда маман кең­есін алу артық етпейді. Әсіресе, теле­фон­ды екінші әлемге теңейтіндер үшін.

«Номофобия белгілерінің санаңызда бар екенін мойындасаңыз, ол сіздің пси­хи­каңызды толық жаулап үлгерме­ге­нін білдіреді. Тәуелділер жалғыздық пен түрлі комплекс сезімін қалай жояды? Ең дұрысы – басқа нәрсеге тәуелділік. Тар шеңберден шығу үшін жеке қақтығыстар­мен күресу керек» дейді психология ғы­лым­­дарының докторы Балабек Кеніш­тай­ұ­лы.

Номофобияны жеңу үшін ішкі күрес­ті біртіндеп жүргізген дұрыс. Бәрін бір мезгілде орындаймын деп асықпаңыз.

Таңертең бірден экранға қарамау үшін түнде телефонды жатар орыннан алшақ қойыңыз. Смартфонды жуынатын бөлмеге алып кірмеңіз. Өзіңізге арнайы шарт қойыңыз, әрі үнемі орындаңыз. Кейіннен тапсырманы күрделендіріп, асүйде қарамауға тырысыңыз. Ақырында, смартфонды өзіңізбен бірге бөлмеден-бөлмеге тасуды тоқтатыңыз. Гаджетті бөл­­меде немесе арнайы орынға қоюды ой­лас­тырыңыз. Жұмыс уақытында кере­гіңізді компьютерден іздеңіз. Достар­мен кез­десуде, киноға барғанда, сапарға шық­қанда смартфонды жадыңыздан шығарыңыз.

Келе-келе телефонды бір мезгіл өшіру­ді үйреніңіз. Мысалы, демалыс күні смартфоннан жарты сағатқа алыстаңыз. Біртіндеп осы уақытты ұлғайтыңыз. Әлеу­меттік желіні жиі сүзгіден өткізуді кейін­ге қалдырыңыз. Осылайша, біраз уақыт өткен соң телефонның аса қажет құралдардың қатарында емес екенін түсінесіз.

Оффлайн өмірді көңілді өткізуге болады. Бәрі өзіңізге байланысты. Достарыңызды серуендеуге шақырыңыз немесе саябаққа барыңыз. Дыбысын өшіріп және қоршаған ортамен бай­ла­ныс­та болыңыз. Смартфондағы қолже­тім­­ді ақпаратты басқа дүниемен алмас­ты­рып үйреніңіз. Мысалы, кітап оқып, компьютерде қажетті ақпаратты іздеп, ал фильмді теледидардан қараңыз. Мұның бәрі өмірдің ұялы телефонда емесін көрсетеді. Кішкентай гаджетке күллі дүниені сыйдырдық дейтіндер бар. Бірақ әлем оффлайнда қызығырақ.

Өткенге қарасақ, адамзат телефонсыз да тіршілік еткен. Той не ас берсе, бір жыл бұрын сауын айтқан. Алыс жерден хабар алып, байланыс орнатқан. Аталған мысалдар телефонсыз өмір сүріңіз демейді. Тәуелділікпен күресе білуге үндейді. Айналаны тануға шақырады. Номофобияны жеңумен қатар мүмкін­ді­гі­ңізді сынаңыз. Мүмкін сіз өзіңіз ойла­ғаннан да байқампаз шығарсыз?


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ