Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аумағы жөнінен еліміздегі ең ірі (Қазақстан аумағының 15,7%-ын алып жатыр), ал өнеркәсіптік әлеуеті мен минералдық ресурсы бойынша ең бай өңірге сапармен келді. Мемлекет басшысы Қарағанды облысына жұмыс сапарын жаңа салынған мектепті көруден бастады.
Жаңа білім ошағына – 1 200 орындық жаңа мектеп-гимназияға жақын жердегі қазақ мектептерінен 900 оқушы ауыстырылыпты. Бұл қазақтілді білім ордаларындағы үш ауысымда оқыту мәселесін шешуге бағытталған маңызды қадам. Қ.Тоқаев мектептегі оқу-тәрбие жұмыстарының ұйымдастырылу барысымен танысып, бастауыш сынып оқушылары оқитын кезекші сыныптарды аралады. Мемлекет басшысына заманауи құралдармен жабдықталған кабинеттер, STEM-лаборатория, робот техника және зияткерлік бөлмелер, телестудия мен медиастудия таныстырылды. Мектепте сабақтан тыс үйірме жұмыстары үшін ART-студия және хореография залы қызмет етеді. Президент жаңа мектеп-гимназияға Абайдың есімін беру ұсынысын қолдады. Білім ордасы адамзат кемеңгерінің мұраларын зерттеу, насихаттау орталығына айналады. Мектеп базасында қалалық және облыстық іс-шаралар өткізілмек. Ол үшін 700 орындық акт залы бар. Іші Абай шығармашылығына қатысты көрнекті ақпаратпен безендірілген. Облыста жаңа оқу жылында 504 мектепте 204 мың оқушы, соның ішінде 22 мың 1-сынып оқушысы білім алуда. Пандемия жағдайында шәкірт саны 300-ден аспайтын 279 мектеп дәстүрлі қалыпта жұмысын жалғастыруда: оларда 29 мыңға жуық оқушы оқиды. Мұның сыртында бастауыш және 5-сынып оқушылары үшін 6 166 кезекші сынып ұйымдастырылған: 77 мыңнан астам бала оқып жатыр. Бүкіл білім беру мекемелерінде санитарлық режим барынша күшейтілген. Мемлекет басшысы Қарағандыдағы бірқатар спорт нысанын аралап көрді. Ол жаңадан бой көтерген теннис орталығына соқты. Онда бір мезгілде 650 бала жаттыға алады. Нысанның инфрақұрылымы әлемнің ең озық стандартына сай. Мұнда 11 корт бар, оның 7-і жабық. Сонымен қатар жалпы және арнайы денешынықтыру жұмыстарына арналған залдар сайланған. Орталықта ATP/WTA Challenger деңгейіндегі әлемнің үздік 100 ойыншысы қатысатын халықаралық және республикалық теннис жарыстарын өткізуге мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар Президент үстел теннисі орталығын аралады. Онда 18 үстел қойылған ойын залы, 9 теннис үстелі орналасқан жаттығу залы, медицина және массаж кабинеттері, жаттығу залы, әкімшілік ғимараты, төрешілер мен бапкерлердің бөлмелері, мәжіліс залы мен VIP орындар бар. Онда күніне 400 адам үстел теннисін ойнай алады. – Бұл тек жаттығып қана қоймай, халықаралық жарыс өткізуге барлық жағдай жасалған әдемі орталық. Қарағанды облысының әкімі Ж.Қасымбекке, Үстел теннисінің президенті Д.Әбілғазинге, Қазақстан үстел теннисі құрамасының бас бапкері Э.Әлиеваға алғыс айтқым келеді. Болашақта үлкен жеңіске жетесіздер деп үміттенемін. Көп жаттықсаңыздар, жетістік те мол болады, – деді Қ. Тоқаев. Орталық құрылысына Республикалық үстел теннисі федерациясы 1 млрд 950 млн теңге қаржы жұмсаған. Биыл Қарағанды облысында 85 спорт нысаны пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының даму перспективасына қанықты. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Президентке АЭА-дағы инвестжобалардың жүзеге асырылу барысы, тұрақты жұмыс орындарын ашу, жеке және шетелдік инвестицияларды тарту, сондай-ақ Қазақстан мен Германияның бірлескен кәсіпорнының жұмысы туралы баяндады.