YouTube: қазақша контенттің сапасы қандай?
YouTube: қазақша контенттің сапасы қандай?
712
оқылды

YouTube желісі жаһан медиасының басты тетіктерінің біріне айналғаны сөзсіз. Бұл видеоплатформада қазақ тіліндегі контенттер үздіксіз көбейіп жатыр. Тіпті, табыс табудың жолына айналып үлгерді. Дегенмен қазақша видеоконтент сұранысты ақтап жатыр ма? Көрерменге қай бағыттағы дүниелер ұсынылып жатыр, ал ең бастысы аудитория қалыптастыра алдық па?

Бір платформа – дүние

Осы күні телеарналардың өзі YouTube-қа тәуелді. Әрқайсы жеке парақшасын ашып, платформа арқылы көрермен жинауға көшкен. Бірақ көрерменге қызықты һәм сапалы дүние ұсына алған кез келген адам даңққа бөлене алады. 2019 жылы 2 млрд адам YouTube-ты тұрақты түрде, күнделікті үзбей пайдаланған екен. Ал YouTube Genesis Qazaqstan-ның болжамына сенсек, былтыр Қазақстанда айына 10 миллион адам видеоплатформаны шолып отырған, оның 70%-ы, яғни 7 миллионы апта сайын, 6 миллион адам күн сайын кірген. Орташа есеппен алғанда, әр қолданушы шамамен 40-60 минут уақытын күнделікті YouTube-қа арнайды екен. Мұндай үлкен трафиктің басты себебі бар, адамдар мәтінді оқығанға қарағанда визуализация арқылы, яғни бейне арқылы көруге ауысып, теледидардың орнына YouTube-ті қолдана бастаған. Мы­­салы, ел аумағында 2011-2019 жыл­­дары теледидар қарайтындар саны 2 есе азайыпты. Демек, YouTube-тың дәурені жүріп тұр. Енді платформаның ішіне ойыссақ. Дәл жаңағы YouTube Genesis Qazaqstan мынадай мә­ліметті келтіреді. Жалпы, Қазақ­стандағы интернет қол­данушылар YouTube-ке теле­бағдарламаларды, клип­терді кө­руге, ән тыңдауға көбірек кіреді екен. Қолда­ну­шы­лардың саны күн санап артып келе жатқанымен, отандық видео­контент өте аз. Сон­дықтан жеке арнасын ашып, да­мытқысы, пайда тапқысы келетін азаматтар үшін мүмкіндік туып тұр. Сұранысқа сай өнім бол­ма­ғандықтан, YouTube көрер­мендері шетелдік, әсіресе ресейлік өнім­дерді қарайды. Алайда Қа­зақ­стандағы YouTube көрер­мен­дерінің басым бөлігі қазақтілді қол­данушылар. Негізі, YouTube көрерменінің 60%-дан астамы 2000 жылдардан кейін туған балалар болса, олардың 80%-нан астамы қазақ тілінде білім алған. Сон­дықтан қазақтілді контент өсе бе­ретін сыңайлы. Бірақ мәселе мы­нада, қазақша контенттің қа­ралымы жоғары болу үшін Қазақ­станмен шектелмей, өнімді ТМД елдері көретіндей етіп жасау қажет. Ал оның қиын дүние екені айтпаса да түсінікті. Орыстілді контент сапасы, деңгейі, мазмұны қазақ­тілдіге қарағанда жоғары екенін жасыра алмаймыз. Мәселен, бізде телеарналар ашқан парақ­ша­ның жазылушысы көп. Қа­зақ­стандық ең үздік бестікті қа­раңыз: Gakku, «Той думан», «Седьмой канал», «Еуразия 1», Qazaqstan TV. Жазушылар саны бар болғаны 1-2,5 млн арасы. Ресейде бір ғана сұхбат жанрындағы вДудь парақшасының 8,37 млн жазы­лушысы бар. Ал бізде осы сұхбат жанрын жүргізіп отыр­ғандардың деңгейін салыстырып көрсек. Журналист Аман Тасы­ғанның Aman Tasygan LIVE арна­сына 305 мың адам тіркелген. Ара­­сы жер мен көктей. вДудьтың кей сұхбаттары 20-30 млн қаралым жинаса, Аман Тасығанда бұл көрсеткіш 1,5-1,7 млн. 15-20 есе айырмашылық. Демек, орыс ті­ліндегі контенттердің сұранысқа ие болып тұр­ғаны айдан анық.

Қаралымың көп болса, қалтаң қалың

Қазақстандық YouTube-те та­нымал болған видеоблогерлердің қатарында Pazl, Noni.kz, MikeMiller, AJIuKZ, «Супер­келін­шек», «Шоу Ирины Кайра­товны» арналары бар. Бұл тізім өте ұзақ және күн сайын көбейіп жатыр. Қорыта айтқанда, отан­дастарымыз қарайтын негізгі екі бағыт қана бар, танымдық және көңіл көтеру. Ал мұндағы блогерлер табыс тауып жатыр ма? Осыған тоқталсақ. YouTube Шыны керек, ең әуелі бір нәрсе анық, қазақша контент арқылы мол ақша табудың ауылы әлі жырақтау. Табыстың аз болуына басты себеп бар, ол – жарнама нарығының әлі дұрыс жолға қойылмауы. Отандық видеоблогерлер айына 5 миллион қаралым жинаса да, түсетін пайда 400-500 доллардан аспайды. Мұн­дай көрсеткішке Ресей, Кана­да, Аустралия сияқты елдерде 5-6 мың доллар төлейді. Алайда бірінші орынға ақшаны емес, сапаны қой­­са, жарнама берушілерді тарту оңайырақ болады. Дегенмен қа­зақша контент арқылы 5 млн қара­лым жинау әлі мүмкін емес дүние сияқты болып көрінеді. – Мұнда пайда табу үшін келмеу керек. Блогерлердің жіберетін ең басты қатесі де – осы. Дәл осы мәселе бойынша жұмыс істеу қажет. Ақша бар болса, шыдам мен уақыт керек. Қазір жарнама бір­­тіндеп Instagram-нан YouTube-ке ауысып жатыр. Бірақ ұзақ үрдіске созылып кетті. Мысалы, елдегі көптеген компания бюджетінің басым бөлігін телеарнаға немесе Instagram-ға бөледі. Себебі жұрттың көбі осы желілерге ағылған. Тек қаржының 5%-ын видеожарнамаға береді. Қарасаңыз, өте аз қаражат. Бір анығы, келешекте елдегі жалпы контенттің 80%-ы видеоконтентке ауысады, – дейді YouTube Genesis Qazaqstan контент-продюсері Ақбота Сал­ғараева. Бір ұққанымыз, мысалы Ресей­дің ғаламтор коммерциясы нарығы теле­дидардың коммерция нары­ғына жетіп қалған. Бә­секе­лестік таныта алады. Яғни, бүгінгі аудито­рияға ғаламтордағы жарнама теле­дидарға қарағанда бірнеше есе өтім­дірек. Сәйкесінше, бүкіл бренд қаражатын ғаламторға бағыттайды. Ал Қазақстан оған енді ғана беттеп келе жатыр. Түйіндей келе айтарымыз, YouTube-та қазақтілді оқырманның көбейіп жат­қаны. Бірақ олар қан­дай контент көреді, бұл – басқа мәселе. Көбіміз орыс ті­ліндегі контентке белгілі бір деңгейде «мұқ­­­таж» екеніміз жасырын емес. Ал оны жойып, жаңа үдеріс бастау үшін қазақ тіліндегі сапалы ви­­­деолардың көбеюі тиіс. Бұл мәсе­ленің ар жағында мемлекеттік тіл­­дің мүддесі жатқанын ұмытпасақ керек.

мадиярМадияр ТӨЛЕУ