Кедендегі кептеліс
Кедендегі кептеліс
200
оқылды

Қазақ-қытай шекарасындағы жағдай жаздан бері шиеленісіп тұр. Мәселе көліктер­дің шекараны кесіп өте алмауы жайында болып отыр. Отандық тауар тиелген алып фу­ралар ар жақтағы клиентіне жете алмауда. Біздің кеденшілер «Қытай жағы қабыл­да­май­ды» дегенді алға тартады. Өнім жеткізуде ұзақ үзіліс туындағандықтан, шың елін­дегі серіктестері қазақстандық жеткізушіден бас тартып, өзге елдердің өніміне ден қоюы мүмкін.

Кеденнен өте алмай бір ай тұрдық!

Мысалы, Тараз қаласын­да­ғы «Сәуле» кондитерлік фаб­ри­ка­сының өкілі Айдар Мұ­рат­бе­ков Мемлекеттік кірістер ко­ми­тетінің төрағасы Марат Сұл­танғазиевке шағымданды. Фаб­рика биыл 7 қазанда Қы­тайдағы сатып алушысына экспорттық жүгін аттан­ды­рып­ты. Алайда кәмпит, вафли, пече­нье, өзге де кондитерлік өнім­дер толтыра тиелген жүк кө­лігі кеденнен өте алмай, қаң­тарылып қалған. «Біз ҚХР-дағы сатып алу­шы­мызбен 2018 жылғы 18 қа­занда келісімшарт бекіткенбіз. Со­дан бергі екі жылда ол біздің тауар­ды үздіксіз сатып алып, Қы­тайға таратуда. Біздің ма­ши­намыз 8 қазанда «Қорғасқа» же­тіп, «Нұрлы жол» кеден бе­кеті аумағына кіруге өтініш бер­ді. Өтініш қабылданған. Бі­рақ түсініксіз себептер бойын­ша машинамыз бертінге дейін шекарадан өте алмаған. Бір ай бойы жүгімізді сатып алу­шыға жеткізе алмадық», – дей­ді А.Мұратбеков. Ол Үкіметтегі биік лауазым­ды шенділердің қазақстандық экспортты ілгерілету жайында көп мәлімдеме жасағанын еске салды. Ал экспорт болса, құл­ды­­рауда. Ұлттық банк төра­ға­сының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтің мәліме­тін­ше, Қазақстанның жаһандық нарыққа сата алған экспорты 2020 жыл басынан бері 21,7%-ға немесе 45,5 миллиард дол­лар­ға дейін күрт төмендеген. Са­лыстыру үшін айталық, 2019 жылы еліміз әлемге 57,72 мил­лиард доллардың өнімін сата алған болатын. «Қазақстанда жасалған тауар­дың, әсіресе шикізат емес, өңделген өнімдердің экс­портын дамыту керек дегенді үнемі айтады. Қытайдағы са­тып алушымыз «егер же­т­кі­зі­лімде мұндай үзіліс қайталанса, бұдан былай бізден өнім сатып алуды доғаратынын» хабарла­ды. Неге отандық өндірушілер-экспорттаушылар үшін бөлек, жа­сыл дәліз жасамасқа? Бос сөз­бен емес, бізді осындай нақ­ты іспен қолдасын», – дейді кә­­­сіпкер. Осы орайда, Ішкі істер ми­нистр­лігі Polisia.kz арқылы Қа­зақстан–Қытай шека­расындағы «Нұр жолы» учаскесінде қоғам­дық тәртіпті сақ­тауға полицейлер тар­тыл­ғанын мә­лім етті. «Полиция департаменті Қазақ­стан – Қытай шекарасында жүк кө­­лігінің кезегі мен олардың жыл­жуын бақылауды Пан­филов ау­даны әкімі басқаратын арнайы штаб жүзеге асыратынын хабар­лайды. Күн сайын бейнетір­кегіш­термен қамтамасыз етілген 20-ға жуық по­лиция қызметкері патруль­деу ре­жимінде 2 ауысымда қызмет ат­қа­рады. Полиция қыз­меткерлері учаскеде қоғамдық тәртіп пен жол ережелерінің қатаң сақталуын бақы­лайды», – деді ішкі істер ор­ганы.

Өткізу қарқыны 200-ден 20-ға құлады

Проблемаға қатысты Мем­ле­кеттік кірістер комитеті түсінік­теме берді. – COVID-19 Қытаймен ше­карада кө­ліктердің жинақталып қа­луына себеп болды. БАҚ-та ше­карадағы кептелістер туралы, ше­карадан өту кезінде ашықтықтың болмауы және сыбайлас жемқорлық кө­ріністері туралы материалдар жа­рия­­лануда. Бұл ретте мынаны атап өтеміз: Қытай пан­демиямен және оның салдарымен күреске бай­ла­нысты шекарадан өтуді қа­тайтты. Егер бұрын «Нұр жолы» бақылау-өткізу пункті арқылы ҚХР күніне 200-ден астам көлік қабылдайтын болса, пандемия басталғалы бұл сан күніне 20-30-ға дейін азайды. Жағ­дайды реттеу мақсатында 2020 жыл­­дың 1 шіл­десінен бастап бұрын, наурыз айының соңында уақытша жабылған қазақстандық «Қалжат» және «Май­қапшағай» бақылау-өткізу пункттері қайта ашылды. Бі­рақ олардың Қытай жағы жабық, – дейді МКК. Әрине, ар жағы жабық тұрса, бер жа­ғының көзбояу қылып ашыл­ғанынан кә­сіпкерге еш пайда жоқ. Оның үстіне экс­порттаушылар ке­дендегі кептеліске «элек­тронды ке­зек» кінәлі екенін айтуда. Мем­кіріс­тер комитетінің басшысы өз бло­гында оның жайын түсіндіре кетті. «Автокөлік құралдарының өту кезегіне қатысты мәселені шешу үшін «Нұр жолы» өткізу бекетінде 2020 жылғы 9 қыркүйекте «элек­тронды кезек» жүйесі іске қосылды. Содан бері көрші елге өту үшін «Нұр жолы» пунктінің аумағына кіруге тек GoCargo.kz сайтында тіркелген авто­көліктердің ғана мүмкіндігі бар. Осы жүйе экспорт, гума­нитарлық жүк, инвестициялық жобаларға арналған жүктер секілді тауар санатына және басымдығына қарай автоматты ре­жимде өту кезегін бөліске салады. Өзге автокөлік жал­пыға белгі­лен­ген тәртіппен электронды ке­зек­тегі брон­­дауына сәйкес шека­радан өтетін болады», – деді ол. кеден

Үкімет не әрекет қылуда?

Ел Үкіметі осы жылдың 15 шіл­десінде ҚХР-мен арадағы тауар ай­налымын арттыру жөніндегі іс-ша­ралар жоспарын бекітті. Оған сәйкес тауарлар тиелген қытай жүк көліктері көлік-логистикалық орталықтарға жеңіл­детілген талаптармен кіріп жатыр. Сондай-ақ көршінің жүргі­зушілерінің 24 сағатқа визасыз ре­жимде кіруіне жағдай жасалды. «Қазіргі уақытта бұл модель «Нұр жолы» бақылау-өткізу пунк­тінде қолданылады: көлік-ло­гис­тикалық орталыққа орта есеп­пен тәулігіне Қытай тауарлары ар­тылған 30 бір­лікке дейін жүк көлігі өтеді. Өткізу әлеуетін арттыру бойынша Қы­таймен жүр­гізілген келіссөздер нә­ти­жесінде көрші ел Қазақстаннан тәулігіне 80 автокөлік қабыл­дай­тыны туралы уағда­ластыққа қол жет­кі­зілген еді», – деді Мем­кірістер ор­ганы. Бұдан бөлек, кезекті сол жерде, жедел режимде реттеу үшін арнайы штаб құрылды, оған меморгандардың құзыретті депар­та­­менттерінің өкіл­дері тартылды. Штабты Ал­­маты об­­лысы Панфилов ауданының әкімі басқарады. Бұл штаб Қытайға өте алмай, «Алматы–Қорғас» тас жо­лында кезекте тұрған 1 785 көлік­тің тізімін жасап шықты. «Биыл 9 қыркүйектен бастап GoCargo.kz веб-сайтында элек­тронды кезек жүйесі енгізілді. Ол кезекті алдын ала, мобильді қо­сым­ша арқылы брондауға мүмкіндік бе­реді. Жүйеде «кері байланыс» қарас­ты­рылған: ол тасымал­дау­шыларды SMS-хабарламамен құ­лағдар етеді. Аталған жүйеге арнайы штаб түзген 1 785 көлік кірді. Олар 22 қазанға дейін шекарадан өте алды», – дейді ме­морган. Рас, ақпарат құралдарында кей­бір көліктердің электронды кезектен тыс өтіп кет­кені туралы мәліметтер жарияланды. МКК уәкілетті орган­дармен бірге бұған тексеру жүргізіпті. Оның барысында Қа­зақстаннан ҚХР-ға өткен көліктерді элек­тронды кезектегі көліктермен салыс­тырған. Қорытындысында қозғалыс тәртібін бұзу оқиғалары анықталмады. Қалай болғанда да, 23 қазаннан бастап кеден арқылы қозғалу тек электронды кезек жүйесі арқылы жү­зеге асырылады. Осы кезеңде жүйе арқылы барлығы 821 көлік өтті. Оның ішінде 583 көлік бос, 123-і – экс­порт­тық жүкпен, 115-і мем­жобаларға қажетті өнімді алып өт­кен. Отандық экспорттаушылар тауар­­­лары үшін жеке кезек құрылды. Шекара арқылы өту кезінде тауар­лардың бұл санатына ба­сымдық беріледі.

Кедендегі кептеліс тыйыла ма?

«20 қарашадағы жағдай бойын­ша, жүйеде 6 357 бос және 615 экс­порттық жүк тиелген көлік элек­тронды кезегін брондап қойды. Алайда биылғы жылдың 10 қара­шасынан бастап, Қытай тарапы қазақ­стандық тараптан қабылдайтын көліктердің санын шектеді. Ал экспорттық тауарлары бар көліктер мүлдем қабылданбайды. Жал­пы, 10-20 қараша аралығында Қытай небары 364 автокөлікті қабылдады. Сонымен бірге, қабылданатын бос автомобильдер санын төмендету себептері, экспорттық тауары бар көліктердің қозғалысына тыйым салу туралы Қытай тарапынан ешқандай ресми ақпарат болмай тұр», – деді Мем­лекеттік кірістер комитеті. Қалыптасқан жағдайдың ше­шімін табу үшін Қаржы министрлігі еліміздің Сыртқы істер министр­лігіне және басқа да уәкілетті мемо­р­­гандарға көмек сұрап жүгінген, олар­ға шекарадағы жағ­дай бойынша жедел шаралар қабылдау қажеттілігі туралы хат­тар жіберілді. «Ал отандық экспорт­тау­шы­ларды қы­тайлық серіктес-кон­тра­гент­терімен дереу келіссөз жүр­гі­зіп, ке­лісімшарттық мін­дет­те­мелерді орын­дау мәселелерін, со­ның ішінде бекітілген мерзім­дерді ұзар­ту мүм­кіндігін пысық­тауға ша­қыра­мыз! Егер мемле­кеттік кі­ріс­тер орган­дары тара­пы­нан заңсыз әрекеттер бол­ған жағдайда, 1414 немесе 8-800-080-7777 арқылы МКК бай­ланыс орта­лығына ха­барласуды сұрай­мыз», – деді ко­митет. Тұтастай алғанда, мұндай жағдай жалғыз бізде ғана емес, әлемдегі өзге елдерде де байқалады. Сондай-ақ Ресей және Қырғыз Республи­касы­мен арадағы кеден бекет­терінде де кептелістер байқалған. «Төрткүл дүниені жаһандық дағ­дарыс аяусыз қыспаққа алған за­манда әр елдің төл ішкі нарығын қор­ғауы, қатаң импорт алмастыруға көшуі түсінікті. Осы үшін біз ешбір мемлекетті айыптай алмаймыз! Оның орнына Қазақстан бұл мә­селеде етек-жеңін жинап, импорт­ты өз өнімі­мізбен алмастыру шара­ларын өрістете бергені жөн. Әрине, 19 мил­лиондай, бір ірі мегаполистей ғана халқы бар елімізде ішкі нарық тым тар, шағын. Сондықтан ешбір елмен, соның ішінде Қытаймен жүз шайы­са алмаймыз. Қайта Ел­ба­сымыздың көп бағдарлы саяса­тын жалғастырып, өз нары­ғын ашуы үшін көр­шілермен мәмі­ле-келіс­сөздерді белсенді жүр­гізе беруіміз керек», – дейді эко­номист Дәурен Оспан.

Елдос СЕНБАЙ