Армия цифрландыруға зәру

Армия цифрландыруға зәру

Бүгінгі әлем бұ­рын­­ғылардың «жау жоқ де­ме, жар астында» дей­тіні расқа айналғанын айғақтап тұр. Мемлекетке қауіп төндіруі мүмкін сын-қатердің сипаты да өзгеріп келеді. Бір ғана COVID-19 пандемиясының өзі та­лай мемлекетті әбігерге салғанын көрдік. Ал за­ма­­науи ұрыс техникасы мен соғыс жүргізу тәсілдері, соңғы технология әскердің де мойнына артылар жүктің ауырлап бара жатқанын көрсетіп отыр. Әсіресе, Тау­­лы Қарабақтағы со­­­ғыс­тан кейін армияның етек-жеңін жинау қажет екені байқалып қалды.

­Цифрлы технология армияға да жетті

Өткен аптада Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қор­ғаныс министрлігінің алқа мәжі­лі­сіне қатысты.  Жиында Президент Қорғаныс министрлігінің бас­шылығын жаһандық масштабта да, жекелеген аймақтарда да күрт өз­геріп жатқан әлемдегі ахуалды жіті бақылап отыруға шақыра отырып, қазіргі қауіпсіздік архитектурасы дағдарысқа ұшырағанын айтты. Сөйтіп, іс жүзінде қауіпсіздікке қа­тысты бұрыннан қалыптасқан тұ­жырымдардың өзгеріп кеткенін тілге тиек етті. Әрі Қ. Тоқаев осыған дейін қол жеткен жетістіктерді сақтау үшін Қарулы Күштердің қызметіндегі бірқатар басымдыққа көңіл бөлу қажет екенін айтты. Жоғарғы Бас қолбасшы әске­­рилерге армиядағы моральдық-психологиялық ахуалды және сарбаздардың жауынгерлік рухын көтеру, әскерилерді әлеу­меттік-құқықтық тұрғыдан қорғау, ар­­мияның әскери машығын ұдайы шыңдап отыру керек екенін атап өтті. Сонымен бірге армияны ең озық цифрлы технологиялармен және құралдармен жабдықтаудың маңызды екенін ескертті. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 1 қарашасына дейін Әскери бағыттағы біртұтас ақ­параттық-коммуникациялық ин­фрақұрылым операторын құруды тапсырды. Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет бас­шысы Қарулы Күштердің заманауи сын-қатерге төтеп беру қабілетін арттыру турасында нақты тап­сыр­малар жүктеді. Ал Қорғаныс ми­нистрі Н.Ермекбаев Қарулы Күш­терді дамытудың қоры­тын­дылары, сондай-ақ министр­ліктің стра­тегиялық бағыты жөнінде есеп берді. Әрине, сырт көзге бұл жиын жыл аяқталар тұста кез келген министрлік ұйымдастыратын ке­зекті есеп беру жиналысынан аумайтыны анық. Алайда Пре­зи­денттің алқа мә­жі­лісінде айтқан ойларынан Қа­зақ­станның қор­ғаныс қабілетін арт­тыруға бағыт­талған бірқатар мес­седжді байқауға болады. Біздің пайым­дауымызша, мемлекет соңғы жылдары ар­мияның цифрлан­ды­рылуына ай­рықша көңіл бөле бас­таған. Тіпті, Мемлекет басшысы Қорғаныс министрінің цифрлан­дыру жө­ніндегі орынбасары қыз­метін енгізу туралы шешім қабыл­даған болатын. 2017 жылы қабыл­данған Әскери доктринада да кон­цептуалды өзгерістер бар. Мем­лекет кибер және ақпараттық қауіпсіздік, гибридті соғыстың алдын алу ісіне ерекше көңіл бөліп келеді. Әуе­қорғанысын күшейту, әскер түрлері мен тектерінің радио­оэлектронды күрес элементтерін дамыту, әс­кердің жедел әрекет ету әлеуетін көтеру мақсатында әскери-транс­порттық авиация паркін арттыру бағыттарына басымдық беруде. Мәселен, тек 2020 жылдың өзінде армия үшін 370-тен астам жаңа техника сатып алынған. 200-ден астамына күрделі жөндеу жаса­лыпты. Министр Н.Ермек­баевтың баяндамасына қарағанда, армия қазір заманауи әуе шабуылына қарсы қорғаныс және ұшқышсыз ұшу құрылғыларына ерекше назар аударып отырса керек. Әскери дрон­дар дәуірі басталған кезде мұндай қадамға бару құптарлық іс екені анық. Сөйте тұра, ұшқышсыз ұшу құралдарына қарсы күрес те өзекті болып отыр. Бірақ сарап­шылардың арасында Қазақстанның қорғаныс әлеуетіне күмән кел­тіретіндер де бар.

Рейтинг деген бар

Әдетте жаһандағы елдердің қор­ғаныс қабілетін түрлі орта­лықтар зерттеп, зерделеп өздерінше рейтинг жасап жататыны бар. Әрине, ондай рейтингтің барлығы елдің қорғаныс қабілеті мен әскери әлеуетінің қан­шалықты екенін дөп басып көрсете алмайды. Дегенмен біраз сыр ақта­рады. Мәселен, GlobalFirePower дейтін рейтингте Қа­зақстан биыл 63-орынға тұрақтады. Соңғы жылдары 53-56-орындар арасында тұратын Қазақстанның неге бұлай «кері кеткенін» түсіну қиын. Бәлкім, қа­руланып, армиясын күшейтіп жат­қан елдер қатар өсті ме, әлде біздің бірқатар дерегіміз қолжетімсіз болды ма, қайдам, әйтеуір рейтингте кері сырғыған жайымыз бар. Алайда тек осынау рейтингтің өзі 50 фактор ескеріле отырып жасалатынын ұмыт­­пау керек. Онда теңізге шыға­тын жолдан бастап халық саны, алтын-валюта қоры, сыртқы қарызы тәрізді түрлі шарт қарастырылған. Алайда ашық деректер негізінде жасалатын рейтингте қателер де бар. Мәселен, зерттеудің есебінде Қазақ­стан армиясында өздігінен жүретін артиллериялық қондырғы жоқ деп көрсетілген. Ал іс жүзінде бар. Тіпті, олардың саны 300-ден асады. «Нона-С», «Акация», «Тюльпан» «Гвоздика», «Айбат» және «Семсер» тәрізді артқондырғылар сөзімізге нақты дәлел. Сол сияқты қорғаныс бюджеті 4 млрд доллар деп берілген. Бірақ Қазақстанның қорғаныс бюджеті мұнша сомаға жете қоймайды. Әри­не, ішкі тәртіп, құқық саласы, шека­ра қызметі мен ұлттық қауіпсіздік бағытындағы қаржының барлығын қосқанда бюджет көлемі аталған деңгейге жетуі мүмкін. Бірақ 4 млрд доллар тек Қарулы Күштерге бөлі­неді деп бағалау қате. Сондықтан GlobalFirePower рейтингінде көр­сеткішіміздің төмендеп кетуін мәлі­меттер аздығымен байла­ныстырған дұрыс. Әрі елдің нақты қорғаныс қабі­летінің деңгейі қандай да бір есеп-қисаппен бағалана қоймайды. Мәселен, Таулы Қарабақта соғыс басталардан бұрын Армения әске­рінің мүмкіндігін ешкім тым төмен бағалаған жоқ. Оларда 480 танк болды. Өздігінен жүретін ар­тил­лериялық қондырғылар, «Град», «Смерч» тәрізді реактивті атыс қару­лары, «Точка У», «Эльбрус» қатарлы тактикалық зымырандар бар еді. Атышулы С-300 зениттік зымыран кешендерінің де жет­кілікті болғаны айтылатын. Алайда 40 күннен астам уақытқа созылған ұрыс кезінде жағдайдың мүлдем басқаша екені белгілі болды. Танктерге қатысты түбе­гейлі өз­гермесе, олардың «қоз­ғалатын темір табыт» болуға ғана жарай­тынын көрдік.

Таулы Қарабақ жанжалынан не түйдік?

Негізі, Таулы Қарабақтағы ұрыс­­тар қорғанысқа қатысты тұжы­рым­дарды өзгерткендей кө­рінді. Оқиға­ны бақылап отыр­ған азаматтар мен сарапшылар ендігі ұрыста ұшқыш­сыз ұшатын құ­рылғылар шешуші рөл атқа­ратынын айтумен болды. Қазақстан армиясына да мұндай құрал қажет екенін алға тарту­шы­лардың қарасы көп еді. Бірақ зама­науи ұрыс тағдыры тек бір ғана тех­никаның немесе фактордың әсе­рімен шешілмейтініне назар ау­дарған жөн. Таулы Қарабақта аты­шулы Bayraktar TB2, Horon, SkyStriker дрондары ғана емес, өз­дігінен жүретін артиллериялық қон­дыр­ғы­лар, десанттық-барлау, десант­тық-штурм жасақтары да айрықша рөл атқарғанын ескеру ке­рек. Техника мен өзгеше үлгідегі әскери даярлық үйлесті. Бірақ мұн­дай үлгіні біз де назардан тыс қал­дырған жоқпыз. Мәселен, Қорғаныс министрлігі арнайы операциялар күштерін дамытуға ерекше көңіл бөле бас­таған. Бұл дегеніңіз – Әзер­байжан пайдаланған десанттық-барлау және десанттық-штурм топ­тарының баламасы деген сөз. Одан бөлек, дрондарға қарсы қорғанысқа да көңіл бөлу өзекті. Бәлкім, содан да болар биыл Қазақстан армиясы алғаш рет «Бук» зеннит-зы­­мыран кешенін сатып алды. Одан бөлек, армия төмен ұшатын ны­­сандарды анықтайтын «Роса» радио­­­лока­циялық стансалары мен Қа­зақ­станда жасалған «Нұр» радио­локациялық қондырғыларын пайдалана бастады. Қозғалыстағы нысандарды бар­лай­тын және батареялық күресті бақылайтын «Платформа» радио­локациялық стансасы да қару-жарақ құрамын толықтырған. Әрине, германиялық Rheinmetall тәрізді компаниялар жасайтын қаруларды алсақ ар­тықтық етпес еді. Бірақ Қа­­зақ­станның әскери ынты­мақ­тас­тық саласындағы және бір­қатар одақ­тардағы серіктесінің қай мем­лекет екені еске түссе, бәрібір қор­ғаныс қабілетіміздің көршіге бай­ланысты екенін мойындауға мәжбүр бола­мыз. Дегенмен дү­ниенің түпкір-түпкірінде болып жатқан аймақтық қақтығыстар шабуыл және қор­ғанысқа қатысты тұжырымдар түбе­гейлі өзгеруі мүмкін екенін көр­сетеді. Біздің пайым­дауы­мызша, әскери ІТ мамандарының айы оңынан туып келе жатқан тәрізді.

Ғарыш та қорғанысқа қызмет етуі керек

Негізі, жұрт тамсана айтып жүр­ген әскери дрондар тым озық тех­нология емес. Әзірге көптеген ел оны жердегі кешендерден ра­дио­сигналдар арқылы басқарып жүр. Ал мықты ІТ мамандар мен қуатты радиоэлектрондық күрес құрал­дарды аспандағы дрондарды «айт­қанға көніп, айдағанға жүре­тіндей» етіп «аулай» алады. Осыдан біраз жыл бұрын Иран мамандары АҚШ-тың сондай құрылғысын бір оқ шығармай қондырып алған. Бәлкім, содан шы­ғар бауырлас Түркия әскери дрон­дарды жер серігі арқылы басқару ісін бастады. Әрі олар да жаһанның супер­­державалары тә­різді ғарышта әс­кери мақсаттағы жер серігін ұс­тайды. Goktürk 2 жер серігі – әс­керилердің еншісінде. Алайда заманауи ұрыс техни­калары алдағы уақытта жасанды зейін арқылы басқарылуы мүмкін. Ондай зерт­теулер АҚШ тәрізді елдерде жа­салып жатыр. Мәселен, АҚШ бірер жыл бұрын жасанды зейін орнатылған Skybord деп аталатын әскери жүйені та­ныс­тырған. Онда жасанды зейін орна­тылған әскери дрондар ныса­наны өзі іздеп табуға, олардан тө­нетін қауіпті есептеп, соған сәйкес әрекет етуге, қажет кезінде базаға қайтып, оқ-дәрісін толтырып алуға «машықтанады». Skybord тіпті тұтас әскери опе­рациялар ту­ралы жеке-дара шешім қа­былдауға қабілетті. Яғни, оларды сарбаздар басқарып әуре бол­майды. Мұның өзі еліміздің қор­ғаныс қа­білетін арттыру үшін ІТ тех­но­логияға айрықша көңіл бөлу қа­жет екенін көрсетсе керек. Рас, әске­рилер бізге құпиясын аша бер­мейтіні анық. Ашық деректерге қарағанда, қорғаныс саласын цифр­­ландыру өзекті бола түскенін бай­қаймыз. Алайда моральдық тұрғыда ескірген техникалардан бас тарта қой­мағанымыз да рас.

Амангелді ҚҰРМЕТ