Погонсыз полиция: күзеттің рөлі күшеймек
Погонсыз полиция: күзеттің рөлі күшеймек

Ағалы-інілі қызмет. Полиция мен жекеменшік күзет фирмаларын атқаратын қызметіне қарап осылай деп атауға болады. Өйткені өздері күзететін нысандарда күзетшілер қоғамдық қауіпсіздікті қадағалай отыра, тәртіп бұзғандарды да ұстап, ішкі істер органдарына үлкен көмек көрсетеді. Тіпті, арнайы көлігімен көшеде шақыртуға кетіп бара жатып та, жолай тап болған ұрылар мен бұзақыларды құрықтауға атсалысқан кездері аз емес екен. «Бұл – біз үшін міндет емес, парыз» дейді олар. Іні қызметтің аға құрылым алдындағы жедел ахуалды нығайта түсудегі үлесі келер жылдан бастап тағы да арта түспек.

574 нысан – 12 000 қызметкер

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев полицияға тән емес функциялардың бірі – күзет қызметінің жаңа жылдан бастап бәсекелес ортаға берілетінін мә­лімдеген болатын. Бұл міндетті бүгінде Мамандандырылған күзет қызметі басқармалары (УССО) атқарады. Олар Үкімет, Парламент, Ұлттық компаниялар мен банк, сот, прокуратура, әкімдік сынды мемлекеттік мекемелердің және елші­ліктер мен консулдықтар се­кілді дип­ломатиялық өкілдіктердің кү­зетін жүзеге асырып жүр. «Жыл аяғына дейін еліміз бойынша 574 нысаннан полиция күзеті алынып тасталады. Олардың қауіпсіздігін қамта­­масыз ету функциясы бәсекелес ортаға берілмек. Бүгінді таңда ІІМ-ді профильді емес функциялардан босату жөніндегі арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеуде. Желтоқсан айының аяғына дейін бейіндік оңтайландыру бойынша тағы да ұсыныстар берілетін болады», – деді министр. Ендеше бұл – республика бойынша 12000 ішкі істер қызметкері босап шығады деген сөз. Олардың дені полицияның тікелей міндеті – қоғамдық қауіпсіздік және қылмыспен күреске жұмыл­ды­рылмақ. Осы ретте министрдің өзі еш­қандай қысқарту жасалмауын, ал егер өз еркімен шыққандар мен зейнеткерлікке кеткендерден бөлек, қысқаратындар болса, 2 айлық өтемақы беруді тапсырған екен. Әзірге аталған нысандардың басым көпшілігі сот және прокуратура ғи­мараттары екені белгілі болып отыр. «Негізінен бұл Үкімет деңгейінде қабылданған шешім. Өз басым өте батыл қадам деп бағалаймын. Қазақстанның барлық аймағында филиалдары бар ірі күзет ұйымдары енді осы нысандарды қарауына алуға ниет танытып отыр. Олардың оған мүмкіндіктері жетеді. Бірақ бұл мәселеде бірқатар қиындық туып отыр. Бас прокуратура мен Жоғарғы сот қалалар мен аудандардағы нысандарын күзетуге тендерді бір лотпен өткізгелі жатыр екен. Былайша айтқанда, олардың барлығын бір мекемеге жүктемек», – дейді Қа­зақстан күзет ұйымдары қауым­дас­тығының төрағасы Анатолий Калинин.

Інісі бардың – тынысы бар

Мамандардың айтуынша, елімізде жекеменшік күзет қызметі ТМД бойынша көш ілгері дамып кеткен. Нақтырақ айтқанда, Ішкі істер министрлігі және өзге де мемлекеттік органдармен арадағы өзара байланысы өте жоғары деңгейде. Соның ішінде, салалық заң шығару мәселелерін жетілдіре түсуде Қазақстан күзет ұйым­дары қауымдастығының ықпалы күшті екен. «Биыл біздің қызметкерлер заң шы­ғару бойынша 11 шараға, соның ішінде жұмыс тобының 7 отырысына қатысты. Нәтижесінде, дайындалған кезекті заң жобасы бүгінде Мәжілісте талқыланып болып, Сенаттың қарауында жатыр. Қазақстанда күзетшілердің құқықтары мен міндеттері полиция қызметкерінің құқығына жақын. Мұндай артықшылық посткеңестік кеңістікте ешбір елде жоқ. Мәселен, заңмен қарастырылған жағдай­ларда күзет қызметкерлері қылмыс жа­саған немесе әкімшілік құқық бұзған адамды ұстауға және өз бетінше полиция бөлімшесіне жеткізуге құқы бар. Егер ол адамда қару әлде сол сияқты қауіпті не­месе тиым салынған заттар болатын болса, киімін тексеріп, алып алуға рұқ­сат», – дейді Анатолий Иванович. күзет Қауымдастықтың құрамына 64 ұйым кіреді екен. Олардың бірі дабыл қаққыш қондырғыларды орнататын компания болса, енді бірі күзетшілерді дайындау және біліктілігін арттырумен айналысатын оқу орталықтары. Нысандарды күзету, оққағар жалдау, жүкті алып жүру сияқты тағы да басқа кең спектрлі қызметтер ке­шенін көрсететіндері де бар. Осы санаулы ұйымдардың өзінде респуб­ликамыз бойынша 43 мың адам қызмет етеді екен. Ол барлық күзетші санының тең жартысы, яки 44,4%-ы. Ал жалпы елімізде 5 000-ға жуық күзет фирмасы бар. Олардың жартысы қаржылық қиын жағдайда болса да, лицензиясын тап­сыруға асығып отырған жоқ. Бәсекелес ортаның қарасын көбейтіп, келер жылы туар мүмкіндікте бір кәдеге жарап қа­ларына сеніп, алақанын ысқылап дайын отыр.

Кең спектр – ауқымды ая

Елімізде күзет қызметінің кең спек­трін таба аласыз. Тіпті, бүгінде бұл қыз­меттер «күзет» деген ұғымның аясынан асып кетті десе болады. Пери­метрлік қарауылдауды айтпағанда, олар қарауына алған кә­сіпорынның экономикалық қауіп­сіздігіне де жауап беріп, бух­галтериясына дейін араласады. Көлікпен келіп тұрған тауарды жүкқұжаты бойын­ша салыстыра тексеріп, санап шығуға да дайын. Керек десеңіз, әр бір клиенттің жеке қауіпсіздігін дербес ай­қындайтын нормативті құжаттар жазып шығуға бар. Ең бастысы, қызмет алу­шының абсолютті қауіпсіздікті сезіне алғаны. Мұндағы жетістіктерді саланың кезінде талай қылмыстарды, соның ішінде эконо­микалық қитұрқылықтарды зерт­теген бұрынғы кәсіби құқық қорғау қыз­меткерлерінен тұратынымен түсін­діруге болады. Бірақ олар бұл жетіс­тіктерімен де тоқтайын деп тұрған жоқ. Төменде осы сала мамандарының бірнеше ұсыныс­тарын келтіріп отырмыз. Олег ВЕЙСАЛОВ, «Жедел күзет» ЖШС директоры: – Бізге оқу-жаттығу кешендерін орта­лықтандырып, дене шынықтыру бойынша нормативтік сынақ талаптарын бір стандартқа түсіріп алу керек. Әр өңірлерден бөлек, республикалық оқу орталығын ашу қажет. Сонда күзет қызметкерлеріне де қойылатын кри­терийлер бірізге түседі. Таяуда күзет фир­маларын террористік осал ны­сандарды қорғауға қабілетті және қабілетсіз деп бөлудегі жаңашылдық та осыны талап етеді. Талғат СӘДУАҚАСОВ, «Сарбаз-Күзет» ЖШС құрылтайшысы: – Тағы бір мәселе, қызметкерлердің ортақ мәліметтер базасын жасақтау. Бұл әсіресе, оққағарларға қатысты. Егер барлық ақпарат бір жерде тұратын болса, әр қызметкерден «психдиспансерден, наркологтан анықтама әкел», «қару ұс­тауға рұқсатың қайда?» деп сұрап отыр­майсың. Бірден компьютерден тауып ала қоясың. Жұмысқа адам іздесең де солай, мәліметтер базасында бос тұрған қыз­меткерлерден таңдап ала қоясың. Артем ЛЮЗЕ, «Алмаз Секьюрити» ЖШС директоры: – Заң бойынша қоғамдық көліктерге бөлінген Bus Lane жолақтарымен біздің арнайы белгілері мен жанып-өшетін жарық шамдары бар қызметтік көлік­терімізге жүруге рұқсат. Біз ол мүмкіндікті көп ретте шұғыл шақыртуларға бара жатқан шақта қолданамыз. Бірақ сонда да болса бейнебақылау камера­ларынан айыппұл келіп тұрады. Оны өшірту үшін қанша босағада бозарып күтіп, қанша табалдырықты тоздыру қажет. Кейде айыппұлды төлеп құтылғанды оңай көре­міз. Осы жерін реттесе.

Нұрлан ҚОСАЙ