Авторлық құқықтан 70 жылға айырыла жаздады
Авторлық құқықтан 70 жылға айырыла жаздады
309
оқылды

Мәдениет туралы заңға енгізілген өзгерістің бірі – қаламақы мәселесі. Мемлекет әдебиетті мем­лекеттік кітапханаларға өтеусіз не­гізде тарату үшін ғана сатып алады. Ал бұл автордың кітапты қайта шығаруына не­месе кітап дүкендеріне сатуына, не болмаса басқа жолдар арқылы сатуға құқын шектейтін. Жаңа заңда бұл шектеулер өзгеріске ұшырап, енді автордан әдебиетті белгілі бір мер­зімге сатып алуды қарастырып отыр.

Министрлік жаңа заң бойынша енді автордың құқы шектелмейді дегенді айтып отыр. Бастысы, автор баспамен келісімге келсе болғаны. Демек, баспа  белгілі бір уақытқа автордан кітабын сатып алады да, шығару құқына ие болады. Ол мерзім біткен соң автордың оны қайта шығаруға құқы бар. Бұл ең алдымен бекітілген мерзімге байланысты. Бұрынғы заң автор­дың құқын 70 жылға дейін шектейтін еді. Бұған авторлардың көбі келісім бер­мегені анық. Қаламақысы көбей­генімен, 70 жыл бойы өз кітабының құ­қығына ие бола алмаса, одан авторға пайда бар ма? Қа­ламгерді осы мәселе көбірек толған­дыра­тын еді.

Қаламгер мен қаламақы

Осыдан бірнеше жыл бұрын қа­ламгерлер қаламақының аздығына қамығатын. Әрі мемлекеттік тапсырыспен шығарылатын кітаптардың таралымы 2 мыңнан аспайтын еді. Белгілі жазушы Сұлтанәлі Балғабаевтың: «Ең ауыр еңбектің бірі – қаламгер еңбегі. Соған сай әлемнің барлық елінде жазушының еңбегі барынша жоғары бағаланады. Кез келген кітапты шығарарда оның авторына лайықты қаламақы төлеу мәселесі бірінші кезекте ескерілуі тиіс. Кітап шығаруға бөлінген қаржының авторға берілетіні 10 пайызға да жетпейді» деп өкпе артқаны бар. Кейінірек бұл жүйеге өзгерістер енді де, авторға бір баспа табағына 150 мың теңгеден төлене бастады. Бірақ мұның да «шикі» тұсы бар еді. Мәселен, қаламгердің 20 баспа табақ кітабын мемлекет сатып алса, оған кемінде 3 млн-ға дейін қаламақы төленеді. Ал оның әттеген-айы, келісім­шарт бойынша, ол кітап мемлекеттің меншігі болып есептеледі. Яғни, кітапқа енген шығарма не өлеңді екінші бір кітапта жариялауға құқы жоқ. Сөйтіп, қаламгердің меншігін шектеп қойды. Сонда бір кітаптың құны – 3 млн теңге деген сөз. Ал 3 млн-ға жетпіс жыл бойы өмір сүре алмайтыны тағы бар. Мұндай шектеуге қаламгердің қай-қайсысы да келісе қой­майтыны анық. Өйткені  өз шы­ғармасынан басы бүтін кім айырылғысы келеді дейсің. Ал 2015 жылға дейін кітапқа бөлінген қаржының 10 пайызы авторға қаламақы ретінде беріліп келді.  Ал 2018 жылдан бастап баспа табағы 150 мың теңге болып өзгергенімен, шектеулер тағы шықты. Соған қарағанда, қаламгер мен қаламақы мәселесі түбегейлі әлі шешімін таба қой­маған секілді.

Баспаға неге қаржы аз бөлінген?

Сенатор Мұрат Бақиярұлы «2021-2023  жылдарға арналған республикалық бюд­жетке» қатысты маңызды бірқатар мә­селелерді атаған. Оның ішінде «Баспа ісі» бойынша бөлінген қаржының да жұпыны екенін жеткізіпті. «Келесі жыл тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл толады. Еліміз, халқымыз үшін ерекше жыл болмақшы. Өткеніміз бен жетістіктеріміз туралы көп­теген кітап жарық көреді деп ойлаймын. Бірақ бюджеттің «Баспа ісі» бағдарламасы бойынша 2021 жылға 1 487 830 мың теңгеге өтінім берілген қаржының орнына 587 751 мың теңге, яғни 2,5 есе аз беріліп отыр. Бұл –  мүлдем түсініксіз жайт», – дейді. Ал мемлекеттік тапсырыс, қаламақы мәселесі туралы сауалымызды министр­лікке қойғанымызда баспа ісіне қаржы бөлінуде ешқандай кедергінің жоқ екенін айтты. «Биылдан бастап мемлекеттік тапсырыспен шығарылатын кітаптың таралымы – 3 мың дана. Баспа мен автор арасында келісімшарт алдын ала жасалады. Мәселен, 2021 жылы шығарылатын кітаптардың дені желтоқсан айына дейін бекітілуі тиіс. Одан бөлек, мерейтойлық шығармалар жарық көреді» дейді. Ми­нистрліктің айтуынша, биыл 313 кітап жа­рық көріпті. Биыл атаулы күндер өте көп болғандықтан, мерейтойлық жинақтар да өте көп шыққан. Мемлекеттік тапсырыспен кітап шығаратын 33 баспа өтінім берген екен.  Автордың 16 баспа табақ кітабына кем дегенде, 4 млн-ға дейін қаламақы тө­ленеді екен. «Қазығұрт» баспасының директоры, белгілі ақын Темірғали Көпбаев мемле­кеттік тапсырыспен шығарылатын кітап­тардың таралымы әуелде айтылғандай, 5 мың емес, 3 мың данаға жеткенін айтады. «Қаламақы мәселесі әлі де өзекті болып тұр. Осыдан екі жыл бұрын, экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының тұсында қаламгерге баспа табағына 150 мыңға дейін қаламақы төленеді деп Парламентте мәселе көтеріліп, ақын-жазушыларды қуантып қойған еді. Расында да, дәл солай бекітілді. 10 баспа табақ кітап шықса, автор 1,5 млн теңге қаламақы алады. Бұл – ақын-жазушы үшін үлкен көрсеткіш.   Бұған бәріміз қатты қуанған едік. Бірақ олар шарттарын күрделендіріп жіберіпті. Мә­селен, 150 мың теңге төлейтін тәртіп бойынша ақынның кітабы шығатын болса, оның 70 жылға дейін авторлық құқығын шектеп жібереді» дейді. Ал бұл «ақын-жазушының құқығын шектеумен бірдей» дейді баспагер. «Ал мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жаңа заң бо­йынша   70 жыл деген шартты қысқартыпты. Толық қанша жыл екенін әлі нақты білмеймін. Мәселен, 5 жыл деп алсақ, сол бес жыл бойы кітапты қайта шығаруға болмайды. Тіпті, шықпай қалуы да мүмкін. Сондықтан баспалар автор­лармен келісім жасап, шығарып отырған кітаптарымызға бөлінген қар­жының 10 пайызын беріп отырмыз», – дейді Темірғали Көпбаев. Егер кітапқа 5 млн теңге жұмсалса, автор 500 мың теңге алады, 2 млн бө­лінсе, 200 мың теңге алады деген сөз.

15 мыңнан астам кітапханаға кітап жете ме?

Жазушы Смағұл Елубаев мұндай қаламақы алмағанын айтты. Ал драматург Сұлтанәлі Балғабаев «кітап шығару мен тарату мәселесі «Мәдениет туралы» заңға тікелей қатысты екенін» айтып отыр. «Бұрын бұл заңда кітап мәселесі тек «әде­биетті шығару» деген баппен шектелетін. 2016 жылы заңға толықтырулар мен өзгерістер жасау туралы мәселе кө­терілгенде осы бапқа өз тарапымнан «Әде­биетті сатып алу мен тарату» деген мә­тінмен толықтырып, кітап таралымын 2 мыңнан 5 мыңға көтеру керек деп ұсыныс жасадым. Бұл ұсыныс Жазушылар ода­ғының сол кездегі басшылары тарапынан толық қолдау тауып, заңға енді. Бірақ жағдай сонда да түзелмей тұр» дейді. Өкінішке қарай, жазушы  мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптың таралымы қайта 3 мыңға түскенін айтты.  «Оның бірде-бір данасы кітап дүкендеріне бар­майды және бұл 3 мың таралым Қазақ­стандағы 15 мыңнан астам кітапхананың бестен біріне де жетпейді. Яғни, халықтың кітапқа деген сұранысын мүлдем өтемейді. Не жазушыға дұрыс қаламақы төлемейтін, не халықтың сұранысын өтемейтін мұндай бағдарламаға мемлекеттің қаржысы неге босқа ша­шылады? Мәдениет және спорт ми­нистрлігі Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесе отырып, осы мәселені реттеп, бір жүйеге түсіруі керек» дегенді айтып отыр. Кітап шығару мен тарату ісі нарық заңдылығына бағына алмай келеді. Бір жыл бойы көз майын тауысып жазған дү­ниесіне кей баспалар 200 мың теңге тө­лейді. Ал мемлекеттік тапсырыспен шы­ғаруға – шартына келіспейді. Қазақ кітап нарығының дамымауының бір себебі – осында.

Гүлзина БЕКТАС