Сыры мол Сыр мектебі
Сыры мол Сыр мектебі

Қызылорда өңірінде атадан балаға мирас бол­ған жырдың қоңыраулы көші Нұртуған, Нар­тай, Жиенбай жыр мектеп­тері арқы­лы дамып, өркендеп отыр.   Бүгінгі жыр көшінің бастаушысы Алмас Алматов «Көр­ғұлы» музыкалық-эпостық жинағына Жиенбай әулетінен ғана 36 мақамның енгенін айтады. Осының өзіақ Жиенбай жыр мектебінің рухты қуа­тын көрсетіп тұр.

Дәл осы жәдігерліктің тінін жалғап келе жатқан өнер тұлғасы, жырау Арнұр Көшенеев туралы айтпау мүмкін емес. Арнұрдың біз дерегін білетін төртінші ата­сы Дүзбенбет дуалы ауызды кісі болған деседі. Дүзбенбет бала­сы Жиенбай – өз заманының дара­боз жыршысы, жыраулықтың жам­позы атанған өнер иесі. Рүстембек әке жолымен жүріп, өзін барша жұртқа жыраулық өнерімен мо­йын­датады. Рүстембек баласы Көшенейдің де өмірі тым келте болған. «Азырақ жүріп ортаңда, көңіліңде қалсам көбірек» де­мек­ші, Мәскеуде оқып жүрген өнер­паз қапыда қаза болғанда бар-жоғы 27 жаста еді. Көшеней – дидарын көрмеген мың­даған адамды дүр өнеріне тәнті қылып, қаза қайғысына жы­латқан жан. Көшенейдің бір­ге туған бауыры Бидас – әкесі Рүстембек жыраудан тәлім ал­ған ізбасар. Көп жыл білім ор­даларында ұстаздық етті. Мә­дениет саласының үздігі атанып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен ма­рапатталды.Оның жыр қор­жынында «Қобыланды», «Алпа­мыс» сияқты алып эпостардан бө­лек бірнеше Сыр сүлейінің кө­лемді терме-толғаулары бар.Көшенейден 4 перзент тараған. Бәрі де жыр айтады. «Домбыраңды қолға ал» десе, тартынатын бірі жоқ. Атадан аманат болып келе жатқан жыраулықтың байрағын түсірмей, байламын босатпай келе жатқан қас жүйрік – Арнұр. Бұл – халықтың бағасы. Арнұр Көшенеев өнер жолындағы оқуын Алматыдағы Құрманғазы атын­дағы мемлекеттік консер­ваторияда бастап, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітірген. Жыршы-жыраулардың көптеген бай­қауында жүлдегер болған жүй­рік. 2007 жылы Тұрмағамбет шайыр­дың 125 жылдығына арналған рес­публикалық жыраулар бай­қауында бас жүлде «Джип» авто­көлігін иеленген. Бұл еліміз бо­­йынша жыраулар байқауына ті­гіл­ген ең алғашқы қомақты жүл­де болатын. Міне, осыдан кейін жыраулар байқауы жиіледі, құзыретті орын­дар тарапынан көзқарас кеңейді. Арнұр бүгінде Шәмшат Тө­ле­пова атындағы Қармақшы ау­дандық мәдениет үйінің ди­ректоры болып қызмет етеді. Өнер жанашыры осы қызметке бар­ғалы біраз игі істің ұйытқысы болды. «Аймақтар аламанын» ұйымдастырып, танылмай жүрген қанша жас өнерпаздың тұсауын кесті. Аудандық мәдениет және клуб үйлерінде қазір 1200-ге тарта тұрақты мүшесі бар 90 үйірме жұ­мыс істейді. Егер біз осы үйір­мелер тарапынан атқарылып жат­қан жұмыстар мен олар жеңіп алған жүлделерді атап-түстесек, соның басында жампоз жырау, іскер ұйымдастырушы Арнұр Кө­шенеевтің тұрғанын айтуға тиіс­піз. Жас мамандар арасындағы «Жас ма­ман – 2019» атты об­лыстық байқауда Халық теа­тры­ның режиссері Мадияр Махам­бетұлы топ жарып, бас жүл­дені иемденді. «Үздік үйірме же­тек­шісі – 2019» облыстық бай­қауында МДК меңгерушісі Ғалымжан Шакизада бас жүлде алды. Облыстық «ХХІ Бозторғай» балалар шығармашылығына ар­налған байқауында көркемсөз оқу­дан Ақ­сұңқар Айдынұлы бас жүлдеге лайық бол­ды. Елбасының «Болашаққа бағдар: Ру­хани жаңғыру» мақаласы аясында «Ұлағат бол­сын ұлыңа, ғибрат бол­сын қызыңа!» атты  әжелер ан­самбльдерінің облыстық бай­қа­уында «Әжелер» ансамблі ар­найы жүлдемен мара­патталды. Облыстық мәдени-үгіт бри­гадалары арасындағы «Жастары белсенді елдің – ертеңі жарқын» атты байқауында «Өрлеу» үгіт бригадасы бас жүлдемен орал­ды. Ау­дандық мәдениет үйі жа­нынан құрылған «Айқаракөз» би тобы Нұр-Сұлтан қаласында өт­кен «Нұрлы жастар» атты рес­публикалық өнер фестивалінде І орын, Шымкентте өт­кен «Таң­ғы шұғыла» республикалық бай­қауында І орын, Алматыда өткен Emotion Dance KZ республикалық би байқауында Гран-при  жеңіп алды. Осылай санамалай бе­руге болады. Елге пайдасы тиген ер жігіттің ер­теңі жарқын болары анық. Арнұрдың алар асуы да, атқарар жұмыстары да әлі та­лай игі сөздің жүйесіне айналар.Мәдениет са­ласының үздігі, жауһар жырдың асыл арқауы Арнұр Көшенеевтің жыр қорында эпостық жырлармен бірге Сыр сүлейлерінің көлемді шығармалары да бар. Баяғы таңды таңға ұрып жырлайтын жыраулардың көзі ортамызда жүргенін білмейміз кейде. Алайда алтынның сынығы да алтын, ол – жарқырамай тұра алмай­тын бір сиқыр.

Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы