Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жазушы-журналист, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» және «Үзілмеген үміт» кітаптарының тұсаукесері өтті. Оқу ордасының түлегі Сәуле Мағазбекқызы бүгінде оқырманы қалың қаламгерге айналған.
Университет ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов жазушының қазақ әдебиетіндегі орны, салмағы жайлы айта келіп, кеш жүргізу тізгінін өз қолына алды. Ол бүгінде ақындығымен, жазушылығымен және ән шығару өнерімен танылған талант иесінің сан қырына арнайы тоқталып өтті. Автор өз шығармашылығымен шетелдерге де танымал екенін айта келіп, Швецияда өткен «Open Eurasian Literature Festival & Book Forum-2017» Еуроазия әдеби форумында «Мое чужое сердце» кітабы проза жанрынан бәйге иеленсе, Лондондағы Халықаралық Букер (Man Booker International Prize) сыйлығының тізіміне ілінгенін тілге тиек етті. Басқосуда қаламгерлер мен ғалымдар жазушының жаңа туындысы жайлы өз ойларын ортаға салды. Сәуле Мағазбекқызының «Қасірет пен тағдыр» және «Үзілмеген үміт» кітаптарында социалистік режимнің құрбандарына айналған Семей өңірі тұрғындарының қасіреті баяндалады. Радиация әсерінен қынадай қырылған халықтың мұңын, азабын осы роман арқылы жете сезінесің. «Бұл кітап несімен құнды? Ерекшелігі неде?» деген сұрақтарға филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақованың сөзінен жауап табуға болады. «Семей полигоны туралы біршама шығарма жазылды. Бұл романда оқиғалар желісі зар мен қасіреттің, жоқтау мен біреуге кінә артудың төңірегінде ғана өрбімейді. Семей өңірі тұрғындарының көрген жан мен тән азабы қарапайым жас отбасы мен оның маңайындағылардың азапты өмірі арқылы жан-жақты ашылып, терең суреттеледі. Семей полигонының жабылуына байланысты нақты іс-әрекеттердің басында болған белгілі азаматтардың атқарған істері мен есімдері тұңғыш рет осы романда, көркем шығармада аталып отыр десек те болады», – дейді ғалым Айгүл Ісмақова. «Қасірет пен тағдыр» және «Үзілмеген үміт» кітаптарының жазылуына ұзақ жылдар бойы еліміздің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан генерал-полковник, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушының жары Сәт Тоқпақбаев ықпал етеді. Сәт ағамыз атқарған қызметіне байланысты Кеңес Одағының небір құйтұрқы әрекетінің куәгері. Халқымыздың басына түскен ауыр қасіретке іштей күйзеліп, ел тағдырына алаңдап жүрген ол шындықтың ашылатын кезі болғанын айтып, жазушыға ой салады. Үнемі ізденіп жүретін жазушы қазіргі таңда нағыз шығармашылық бабында. Тарихи шындықты бүкпесіз көрсете білген, құнды дерекке толы кітап – оқырман олжасы. Жазушы алдағы уақытта да Семей қасіреті тақырыбын жалғастыра түспек. Өйткені бұл тақырып өте терең, оған бойлаған сайын жаңа деректер шыға беретіні сөзсіз.Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ