Бірыңғай еңбек нарығына қадам

Бірыңғай еңбек нарығына қадам

Сенаторлар ЕАЭО көлемінде азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді зерделеді. Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында тиісті заң жобасы қаралды.

Ол құжат – «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді ратификациялау ту­ралы» деп аталады. Келісім ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аума­ғында қызметкерлерге зейнетақы жарналарын тө­леуде де, зейнетақы тағайындау мен төлемі бары­сында да жұмысқа орналастырушы мемлекеттің аза­маттарымен тең құқықтарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Келісім күшіне енгеннен кейін біздің аза­мат­тарымыз ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумақ­та­рында еңбек еткен кездегі зейнетақы құ­қық­тарын қалыптастыруға, сақтауға және іске асы­руға толық құқылы болады», – деді комитет төрағасы М.Бақ­тиярұлы. Келісімді ратификациялау ЕАЭО аясында еңбек ресурстарының бірыңғай нарығын орнықты дамыту үшін жағдай жасайды және ЕАЭО-ға мүше мем­лекеттердің аумағында еңбекшілердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға ықпал ететін болады. Құжат Сенаттың жалпы отырысында қарауға жіберілді.

Елдос СЕНБАЙ