Өлім жазасы заңсыз деп танылады
Өлім жазасы заңсыз деп танылады
180
оқылды

Қазақстан өлім жазасынан түпкілікті бас тартуға кірісті. Мәжіліс спикері Н.Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста палата «Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге» ІІ факультативтік хаттаманы ратификациялайтын заң жобасын жұмысқа қабылдап алды. Оны Парламент қабылдап, Президент қол қойған соң, республика жазаның осы түрін қолданбайтын болады.

Жиында депутаттар әзірлеген, агроөнеркәсіптік кешенді дамы­туға арналған бірқатар заң жобасы мақұлданды. Арасында «Астық туралы» заңына толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы бар. Н.Нығ­­­­­­матулиннің байламынша, заңнамаға осы түзетулер елдің азық-түлік қауіпсіздігін қам­та­масыз етуге бағытталған: ол елді астықпен кепілдендірілген түрде қамту үшін қажетті заңнамалық базаны түзеді. Мәжіліс төрағасы, әсіресе ко­ронавирус пандемиясы таралған қазіргі заманда елдің өзін тамақ өнімдерімен қамтуға деген қабілеті ерекше мәнге ие болғанын нық­тады. Ұн, нан және тоқаш өнімдері, макарон түрлері, ұннан жасалатын басқа да әлеуметтік маңызды тауар­­­лардың тапшылығы халық тұр­­мысына да, әлеуметтік көңіл күйіне де теріс ықпал етуі мүмкін. Құжат табиғи және техно­ген­дік сипаттағы төтенше жағ­дайлар туын­дай қалған, ТЖ жа­рияланған кезде елді азық-түліктік астықпен кепілді түрде жабдықтауға бағыт­талған. Қажет болса, экспорт шек­теледі. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық ком­па­ния­сы осы нарықтағы оператор ре­тіндегі стратегиялық мәртебе ие­ленеді, үлкен рөлге қол жеткізеді. Бұдан бөлек, жиында депу­тат­тар ветеринария мәселелері бойын­­­­­­­­­­­­­­ша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Ол бойынша енді ветеринариялық паспортты элек­тронды форматта беру бойын­ша мемқызмет көрсетіледі. Қыз­мет­терді автоматтандыру қағаз құжат­тарды дайындауға шы­ғын­далатын бюджет қаражатын үнем­деуге мүм­кіндік береді, адами факторды жояды, құжат беруді жеңілдетеді және алуды тездетеді. Агроөнеркәсіптік кешенді өр­кендетуге бағытталған жобалар қа­­тарында «Мақта саласын дамыту туралы» заңының күші жойылды деп тану және кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды. Саладағы проб­ле­­маларды заң жүзінде шешу мақ­сатында Парламент депутаттары жаңа заң жобасын әзірледі. Онда мақта қолхаттары ретке келтіріледі, қойма қызметі бойынша қызмет көрсету жөніндегі мақта өңдеу ұйым­­дарының қызметін лицен­зиялау алып тасталады.

Айхан ШӘРІП