Шымкенттің тарихы тереңде...

Шымкенттің тарихы тереңде...

Шымкентте «Nur Otan» партиясы филиалы  жанындағы  Miras аймақтық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кеңес мүшелері мен зиялы қауым өкілдері, қалалық «Jas Otan» Жастар қанатының мүшелері қатысқан жиында Шым­кент қаласының тарихындағы ескерткіштердің сақ­талуы мен қорғалуы мәселелері талқыланды.

Miras аймақтық қоғамдық кеңе­сінің төрағасы  Момбек Әб­діқайымұлы   осы уақытқа дейін ғалымдардың арасында қазіргі Шымкент қаласының аумағындағы қоныс мекендер XI-XII ғасырларда болған деген гипотеза болатынын атап өтті. Сонымен қатар Шымкенттің бұдан да ертеректе пайда болғаны жөнінде болжам бар. Бұған дәлел – археологиялық қазбалар мен құрылыс барысында табылған қабырлардың жерленуі. Маман­дардың болжамы бойынша, ол біздің заманымызға дейінгі V-VІ ғасырларға тән. «Өткен ғасырдың басындағы қала қамалы болған жерде жа­қында бір еркек пен әйелдің мә­йіті табылды және ол зороастрлық салтпен жерленгені анықталып отыр, олай болса, бұл мәйітке – 1500 жыл. Бірқатар археолог-ғалымдардың пікірі бойынша, бұл жерде үлкен қорым болған, егер бұл расталса, онда қаланың пайда болған мерзімі қайта қаралуы мүмкін. Біздің заманымызға жеткен жазба деректерде Шым­кент алғаш рет елді мекен ретінде парсы тарихшысы Шараф ад-Дин Әли Йаздидің (1425 ж.) біздің жыл санауымыз бойынша 1365-1366 жылдардағы Әмір Те­мірдің әскери жорықтары ту­ралы жазған «Зафар Наме» атты («Жеңіс кітабы») кітабында кездеседі. Қалай болғанда да, қала ескі заманнан-ақ адамдардың өмір сүруіне қолайлы мекен болған. Оған ежелгі қоныстарға жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған мәдениет мұралары дәлел бола алады. Тау етегінде өзен бойын­дағы алқаптарда егіншілік пен жүзімдік, ал көгалды тау­лы жайылым­дарда –  мал шаруа­шылығы дамыған»,  – деп қала та­ри­хының пайда болуы жайлы тың деректер айтты ол. Жиында «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төра­ғасының орынбасары Мұрат­әлі Қалмұратов, Шымкент қаласы­ның Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенов, Шым­кент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі бас­қармасының жанындағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Зауре Оралбаева және М.Әуезов атындағы ОҚУ «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Гүлнар Жанысбекова сөз алып, тақырып төңірегінде пікірлерін ортаға салды.

Назгүл НАЗАРБЕК,  Шымкент қаласы