Әлем чемпионы Жанат Жақияновқа сыйланған пәтер жалған болып шыққан
Әлем чемпионы Жанат Жақияновқа сыйланған пәтер жалған болып шыққан
179
оқылды

Жанат кәсіпқой рингте 29 кездесуге шығып, 27 рет жеңіске жеткен

Бізде кәсіпқой бокстан шыққан әлем чемпиондары көп емес. Бұл ретте ауызға бірінші болып Геннадий Головкин ілігер. Ол түсінікті де. Бұрынырақта жеңіл салмақта Марат Мәзімбаев чемпион болған. Сондай озат ұлдардың бірі де бірегейі – Жанат Жақиянов.

Кәсіпқой бокста өріп жүрген қазақ жігіттерінің қашан чемпион боларын білмейміз. Ол жайында қысқа қайырып, мақала да жаздық. Ал Жанат ешкімге міндетсінбей, атағын алысқа жаймай-ақ, адал еңбекпен өз биігіне көтерілген боксшы.

Жеңіл салмақта жұдырықтасып, WBA супер және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанған. Өз категориясында кіл мықтыларды жеңіп, 2018 жылы ақпан айында кәсіби мансабын тәмамдаған еді.

Журналист Рауан Оқастың YouTube каналындағы «Бәстесейік» бағдарламасында Жанат Жақияновқа Ақмола облысы әкімі сыйлаған пәтердің шикілігі туралы айтылады. Бұл жайында журналист Серік Ноян баяндаған.

«Жақында Жанат ағамызбен сұхбаттасып қайттым. Түсінгенім – ол кісі еңбекқор, қарсыласпен айқасуға еш жүрексінбейді. Бірақ ел алдына шығып, қазіргі боксшылар сияқты көпшілікпен жұмыс істеу жағынан, өзін жарнамалаудан қашқақтайды екен. Айтайын дегенім – чемпион болғаннан кейін облыс әкімі оған журналистердің, көпшіліктің көзінше пәтер сыйлайды. Бірақ сол өзіне сыйланған пәтерді Жанат Жақиянов қайтадан ақшаға сатып алады. Әрине, жеңілдіктерімен, бірақ ақшаға сатып алады. Ал Фируза Шарипова кім, Жанат Жақиянов кім? Фирузаға берген 200 миллионнан астам теңгенің тым құрыса үштен бір бөлігін Жақияновқа беретін болса, Жанат кемі екі жыл кәсіпқой бокста жүретін еді. Қазіргіден де атағы аспандайтын еді» дейді журналист.

Жанат кәсіпқой рингте 29 кездесуге шығып, 27 рет жеңіске жеткен, оның 18-ін нокаутпен аяқтаған. Екі рет жеңілген.