Бала тілі қанша жастан шығады?
Бала тілі қанша жастан шығады?
2,443
оқылды

«Нәнә жейсің бе? Қарашы, көйлегі әйәй екен!». Сіз де кішкентай ұл-қызыңызбен осылай сөйлесіп жүрген боларсыз. Алайда бұлай сөйлесудің арты бала тілінің кеш шығуына әкелуі мүмкін. Мамандардың айтуынша, 1 жастағы бала кемінде 10-15, екі жастағы бала 300 сөзді анық айтуы ке­рек. Ал балаңыз күніне неше сөз айта­ды? Қандай ойыншықпен ойнайды?

«Молекула» арт-терапия орта­лығының мәліметі бойынша, бала тілінің кеш шығуына 3 себеп бар. Біріншісі – физиологиялық себеп. Мұны анықтау үшін маман баланың жақ сүйегі, ауыз қуысы, тісінде немесе тілінде қандай ақау барын тексереді. Одан кейін – генетикалық себеп. Өйткені ДНҚ арқылы әке-шешеден берілуі мүмкін. Орталық қызметкері бұған алаңдаудың реті жоғын атап өтті. Дер кезінде логопед көмегіне жүгініп, арнайы жаттығу мен терапия арқылы проблеманы шешуге болады. Ал үшіншісі – психологиялық себеп. Бала құрсаққа біткен сәттен-ақ анасының көңіл күйін бақылаған жөн. Себебі ананың әрбір әрекеті бала денсаулығына әсер етеді екен. Айта кетерлігі, дені сау бала үш жасқа дейін белгілі бір дәрежеде сөйлей алуы тиіс.

Қазақша үйрететін логопед таппадым

Ілімді толық меңгеруге бір жағдай әсер ететіні бесенеден белгілі. Алуа Серікқызына логопед атануға басынан өткен оқиға себеп болған. 7 айында дүниеге келген қызының құлағы естімейтінін 1 жасқа толғанда бір-ақ білген. Себебі дәрігерлер оған қызының толғақ жарақатын алғанын айтпаған. Сондықтан логопед ата-аналарға бала туралы бәрін білуге кеңес береді. «Көбінесе ата-аналар тұңғыш баланың бойындағы кемшілікті байқамайды. Сол үшін балаға 6 ай толғанша толық тексеруден өткізу керек. Бір невропотолог «бәрі дұрыс» десе, екіншісіне барыңыз. Көзіңізді толық жеткізіңіз. Адам организмінде бәрі бір-бірімен байланысты. Мысалы, бір ғана құлақ естімеуінен мүмкіндік шектеліп қалады. Ал бұл анық сөйлеуге кері әсер етеді. Есіңізде болсын, дені сау сәби 6 айлығында буындарды айта бастайды. Осы ара­лықта дұрыс күтім жасаса, сөйлеу тілінде кемшілік болмайды», – дейді Алуа Серікқызы. Сөйтіп, «қызымды қайтсем де қатарға қо­самын» деген әке-шеше Көкшетаудан Алматыға көшіп келген. Квото арқылы қызының құлағына ота жасап, жүріп кетуі үшін де біраз тер төккен. Баласын сурдопедагогке апарып, дыбыстарды толық тануына жағдай жасаған. «Қызымда ДЦП болды. Барынша ем-дом жасадық. Нәтижесін берді. 3,5 жасында алғашқы сөздерін айта бастады, аяқтан тұрды. Білесіз бе, 2012 жылдары Алматыны шарлап, қазақ тілінде сөйлейтін логопед таппадым. Қызыма логопедтің көмегі керегін ерте кезден түсіндім. Содан Абай атындағы ҚазҰПУ-ге оқуға түстім. Қазір балалардың еркін сөйлеуіне барынша көмектесіп жүрмін. Мысалы, жақында қабылдауыма 7 жастағы бала келді. Өзі мектепке барады. Бірақ дұрыс сөйлей алмайды. Ата-анасынан неліктен логопедке ертерек әкелмегенін сұрадым. Көбі мұны еркелікке балап, «балам мектепке барғанда еркін сөйлеп кетеді» деп ойлайды екен. Бұл – дұрыс емес», – дейді логопед.

Баламен ойнаудан қашпаңыз

Иә, логопед қазіргі ата-ананың екі түрлі қате жіберетінін атап өтті. Бірі – бала бойындағы кемшілікті еркелік деп тану. Екіншісі – «басын ауыртпауы» үшін баласына смартфон ұстату. Сіз де осындай қате жібердіңіз бе? Мысалы, Гүлзат Есенғалиқызы тұңғыш баласының 4 жасқа дейін еркін сөйлемеуін еркелік деп жүре берген. «Ұлымның тілі ерте шықпағанына өзім кінәлімін. Мұны логопедке барғанымда түсіндім. Өзіміз балаға мысықты «мяу-мяу», балапанды «чип-чип» деп үйретеміз. Мұндай еліктеу сөздерін қолдану балаға кері әсер етеді екен. Маманның айтуынша, осылай сөйлеген сайын тілі кеш шығады. Қазір қызыммен үлкен адамға сөйлегендей тілдесемін. 1 жастан асқан қызым «ата, апа, мама, папа» деп еркін айтатын болды. Ал ұлымды уақытылы логопедке апарып жүрмін», – дейді Гүлзат Есенғалиқызы. бала тілі Түсінуімізше, баламен ата-ана қаншалықты тығыз қарым-қатынас жасаса, соншалықты пайдалы. Мәселен, логопед Алуа Серікқызы балаға барынша көңіл бөлу – еркін сөйлеуіне кепіл болатынын айтады. Ал смартфон мә­селесіне келсек, кішкентай балаға телефонды аптасына бір рет 20 минут қана ұстату керек. «Телефон болмаса жылайды» дерсіз. Жоқ, сіз онымен бірге ойнап, ертегі айтып, сурет салыңыз. Балаға керегі – осы. Айтпақшы, білікті маман балаға кітап оқып, ертегі айтудың пайдасы ұшан-теңіз екенін алға тартты.

Сақау бала қайдан шығады?

Логопед мұның себебін психологиямен байланыстырады. Бала кішкентай кезінде бір нәрседен қатты қорқып, шошынып қал­са, тұтығып сөйлейді. Ажырасу да бала пси­хологиясына қатты әсер етеді. Салдарынан ба­ланың сөйлеу дағдысы сыр беруі мүмкін. Ма­мандардың айтуынша,  неврологияның да әсе­рін ұмытпаған жөн. Сақаулықты дер кезінде ем­деу керек. Емдеу ұзақтығы 6 айдан 1 жылға дейін созылады. Ал сақау баланы балабақшаға бе­руге бола ма? «Сақау балаға аз сөйлеп, тыныққан жөн. Өз кезегінде ата-ана да меселін қайтармай, әр сөзін мұқият тыңдаса деймін. Бір нәрсені түсіндіргенде де сөзді буынға бөліп айтуға кеңес беремін. Уақытылы дәрісін қабылдап, «сөйлеу режимін» сақтауы керек. Ал балабақшада «сөй­леу режимі» сақталмайды. Балаға көп кү­луге, жылауға, ренжуге болмайды. Сондықтан ба­лабақшаға апармай-ақ, үйде баланың сөйлеу темпіне үйренісу қажет», – дейді логопед.

Дыбысты анық айтуға ешқашан кеш емес

Дыбысты анық айту дегенде, мына фактіге назар аударған абзал. Балалардың тілінде түрлі кемшілік болуы мүмкін. Бірінің тілі жуан, екіншісінікі қысқа... Мұның бәрінің дыбыс жүйесіне ықпалы бар.  Сондықтан арамызда л,р,ш,с,ғ,қ дыбысын анық айта алмайтындар кездеседі. Адам баласы шамамен 4 жасқа дейін барлық дыбысты анық айтуы тиіс. Тек р дыбысын айтуды 5 жасқа дейін меңгереді екен. «Мұндай балалардың артикуляциялық аппараты дұрыс жұмыс істемейді. Яғни, бала қай дыбыстың қайда орналасатынын түсінбейді. Фонетикалық дыбыстарды ажырата алмайды. Негізі, 5 жасқа дейін балаларды маманға апарып, тіл бұзылыстарын дұрыстауға болады. Сондай-ақ тіл жүгеншегін (уздечка) кесіп жатады. Бұл да бір шешім болуы мүмкін. Өйткені жүгеншек бала тілін не жоғары көтеруге, не төмен түсіруге кедергі жасайды. Бірақ бұл ақырғы амал емес. Мысалы, бір ата-ана жүгеншекті кесуден үзілді-кесілді бас тартты. Баламен 1 жыл бойы жаттығу жасап, тілінің астына массаж жасадық. Қазір «Р» дыбысын анық айтып жүр. Мәтін оқығанда «р-ны» анық айтуға машықтанып жатыр», – дейді Алуа Серікқызы. Оның айтуынша, дыбысты анық айтып үйрену ешқашан кеш емес. Себебі логопедтен Голландия, Оңтүстік Корея, Қытайдан бейнебайланысқа шығып, консультация ала­тындар бар екен. Орта жастағылар да тіліндегі кемшілікті жөндеп, жаттығу жасауға тырысады. Сондықтан белгілі бір дыбысты айта алмауды ар санамай, көңіл көншітерлік нәтижеге жетуге болады.

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ