Экс-лаңкестердің картасы неге бұғатталады?
Экс-лаңкестердің картасы неге бұғатталады?

Қазақстан «күмәнді» қаржыны заң­дас­тырумен және лаң­кестікті қар­жыландырумен күресті кү­шей­туде. Осы са­ла­дағы мо­ни­то­­ринг­ке іліккен адам не ком­па­ния­ның әр қадамы қа­да­ға­ланады. Айы­бы расталса, кейінгі тағдыры ауыр бол­мақ. Мы­салы, тиісті бап­пен отырып шыққан адамдар үл­кен қиын­дыққа жолық­қан­да­рын айтады: банк картасы тегіс бұ­­ғат­талады, есепшот ашуына тыйым салынады. Бұлай қа­зір­гі за­­­манда қалыпты өмір сүру, жұ­мыс істеу күрделі екені мәлім.

ТМД-ны артқа тастадық

Еліміз бүгінде бұл салада шың ба­сына шықты, жаһанға үлгі бо­лар дәрежеге жетті деу қиын, со­нымен бірге құрдым-құзға да құ­лаған жоқ. Орташа деңгейде. Атап айтқанда, қаржы жылыстату жә­не терроризмді қаржыландыру бойынша жаһандық рейтингте Қа­зақстан 2020 жылы 141 мем­ле­кет арасында 73-орын алды. Рас, көрсеткіші бір жыл бұрын бұдан әлдеқайда нашар болған: әлемге заңсыз қаржы тарататын және лаң­кестерге дем беретін елдердің отыз­дығына (28-орын) кіріпті. Бұ­ған қазақстандықтардың Си­риядағы, Украинаның Дон­ба­сын­дағы қақтығыстарға қатысуы да кері әсер етсе керек. Жаһандық аталған рейтингте 2020 жылы антилидерлердің бес­тігіне Ауғанстан, Гаити, Мьянма, Лаос және Мозамбик кірді. Осы күрестегі ең үздік елдер ретінде Эсто­ния (лидер), Андорра және Финляндия танылды. Қазақстан Аргентинамен бірге 73-74-орын­ды бөлісті. Посткеңестік кеңіс­тік­тегі өзге елдердің орны тіпті на­шар: Украина – 67, Әзербайжан – 66, Ресей – 52, Өзбекстан – 43, Тә­жік­стан – 32. Ал Қырғызстан лаң­кес­тік ұйымдарды қаржы­лан­дырушы ел­дердің отыздығынан шыға алар емес (27-орын). Базель мем­ле­кет­тік басқару институты құра­тын бұл жаһандық тізімде (Basel AML Index) ел неғұрлым соңы­на қарай ор­­на­ласса, соғұр­лым озық сана­лады. Еліміз бұл бағытта қарқынына қарқын қосуда: енді кәсіп­кер­лерге, заңды тұлғаларға бұрынғыдай қомақты мәмілелер бойынша че­модан толы ақшамен есеп айыры­суға тыйым салынды. Тек тараптар ақшаны бір-бірінің есепшотына аударуы тиіс. Оны кейін қолма-қол ақша түрінде толық шешіп алуға да шектеу қойылған. Банк өзінен ірі соманы «тірі ақша» түрінде алып кеткен әрбір тұлға туралы ақпа­ратты дереу Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитетіне жолдайды. Ұлттық банктің дерегінше, биыл төлем карталарының ішінде айна­лымда жүрген барлық қаржының тек үштен бір бөлігі – 34,9 пайызы ғана қолма-қол ақшаға айналдырылды. Былтыр төлем карталарындағы қаржының 58,4% пайызы, ал 2010-2018 жылдары – 90 пайыздан 72,5 пайызына дейін банкомат не POS-терминал арқылы шытырлаған ақшаға ауыстырылатын. Қазір халық ақшасын негізінен картада қал­дыруға тырысады. Бұған, әрине ко­ронавирус пандемиясы және шек­теулер де түрткі. Осылайша, 2020 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында қазақстандық және шетелдік төлем карталарынан Қазақстан аумағында 12 триллион теңге қолма-қол ақша түрінде бе­рілді. Бұл өткен жылғыдан небәрі 2,3 пайызға көп. Яғни, бұл тәуелсіздік жылдарындағы ең аз өсім. Айталық, 2017 жылы – 21 пайыз, 2018 жылы – 26 пайыз, ал 2019 жылы 22 пайызға артқан-тын. Қаржы мониторингі комитетінің дерегінше, барлық құқық қорғау, мемлекеттік және арнайы орган­дардың үйлесімді қызметінің ар­қасында заңды тұлғалардың, қар­жылық мониторинг субъек­тілерінің қолма-қол ақшаны пай­далануы 39 пайызға кеміген.

Қылмыскердің қатаң жазасы – өзгеге үлгі

Ел заңнамасына енгізілген өзгеріске сәйкес, егер азамат ше­телдік қарулы қақтығыстарға, шет мемлекет аумағындағы экстремистік немесе террористік әрекеттерге қа­тысса, онда ол Қазақстан аза­маттығынан айырылады. Президент жанындағы Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияға осындай құ­зыр берілді. Бұл қылмысқа қолын малғандар көп кесірге жолығады. Евгений В. 2014 жылы Қылмыстық кодекстің «Басқыншылық соғысты тұтан­дыруға насихат жүргiзу немесе жария түрде шақыру» деп аталатын, экс­тремистерге қолданылатын 161-бабы бойынша сотталады. Бұл тар­мақ 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырумен жаза­лауды қарастырады. Сот рақым­шылық танытты: 4 жыл жаза кесті. Ал қадағалаушы органдар «жал­пақ­шешейлік» танытпады. «2016 жылы Қаржы мониторингі комитеті менің төлем кар­тала­рымның және есеп­шот­тарымның бәрін бұғаттап тастапты. Бұл жөнінде 2018 жылы еркіндікке шыққанда білдім. Сондай-ақ тіпті жұмысқа орналасу үшін өзіме еңбекақы кар­точкасын аша алмайтынымды анық­тадым. 2020 жылдың сәуірінде түсіндіруді сұрап, Бас прокурорға хат жаздым. Не себепті бұғаттап тас­таған? Бас прокуратура оны Қаржы мониторингі комитеті (ҚМК) жүзеге асырғанын жеткізді. Елде төтенше жағдай жарияланып, карантин ен­гізілгенде 42 500 теңге әлеуметтік төлем алғым келді, содан шот ашайын деп, Нұр-Сұлтан қала­сындағы Қазпоштаға жүгіндім. Қазпошта қызметкерлері маған есепшот ашуға тыйым салынғанын айтып, одан бас тартты», – дейді Евгений. Содан ол еңіреп, етегі жасқа толып, басындағы ауыр жағдайын баяндап әртүрлі инстанцияларды мазалайды. Нәтижесінде, билік пен комитет иіп, көпке тимеген 42,5 мың теңге төлем оған төленеді. «Қазпоштамен, ҚМК-мен хат алмасу, телефон шалысу арқасында ақыры ол проблема жойылды, төлемдерді толық алдым. Әйткен­мен, қазіргі кезде басқа карта мен есепшот ашуға әрі қарай тыйым салынып тұр», – дейді Евгений. Ол сондай-ақ «өзге мемлекет аумағында әскери іс-қимылдарға қатысқаны», қарапайым тілмен айтқанда, сепа­ратистер қатарында соғысқаны үшін сотталыпты. «Мені ешкім қаржыландырған жоқ. Бұл саналы таңдауым, жүрек қалауы болатын. Егер күресімді тыйым салынған ұйымдар қаржы­ландырғанда, онда терроризммен және экстремизммен байланысты басқа баппен соттайтын еді» деп өз «ісін» ақтайды Евгений В. Онысы жалған екен. Қаржы мониторингі комитеті Евгенийдің шын мәнінде «Терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты тұлғалардың және ұйымдардың тізбесіне» кіргізілген адам екенін растады. «Қара тізімге» қосуға Бас прокуратураның 2016 жылғы 21 сәуірдегі хаты негіз бо­лыпты. Бас прокуратураның мә­ліметі бойынша, аталған қазақ­стандық Қылмыстық кодекстің «Жал­дамалық» бабы бойынша сотталған. «Бұл бапта көрсетілген әрекет террористік қылмысқа жатады. Оны тізбеге қосуға Евгений В.-ны тер­рористік қылмыс жасағаны үшін айыпты деп таныған сот үкімінің заңды күшіне енуі негіз болды», – деді ҚМК.

«Қара тізімнен» шығуға сегіз себеп

Мұндай мысалдар өте көп. Мә­селен, қостанайлық Азат – қаржыны бұғаттайтын «қара тізімде» болған адамдардың бірі. «Қостанай облысы ауыл­да­рының бірінде жекеменшіктегі үйім бар. Соны былтыр өзге елді ме­кендегі үйге айырбастайын де­сем, ондай мәміле жасауыма тыйым салып тастапты. Мен ҚМК-нің тер­роризм мен экстремизмді қар­жыландырушы тұлғалар тізі­мінде болғанмын, бірақ кейін одан шы­ғарды. Алайда Қос­танай облысының Әділет депар­таментіне айырбас келісім­шартын тіркеуге беру кезінде ҚМК-нің тізбесінде неге екені белгісіз, сол бойы тұрғанымды біл­дім», – дейді ол. Бұл – меморгандардың ақпа­раттық жүйелеріндегі ақау болса ке­рек. Өйткені ҚМК мәліметінше, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Азаттың экс­тремистік қылмысы үшін сотты­лығының өтелгені туралы құжатты 2019 жылдың 31 шілдесінде жол­дапты. Соған байланысты ол өткен жылғы 31 шілде күні тізбеден шыға­рылған көрінеді. Жалпы, Қаржы мониторингі мамандарының түсіндіруінше, лаңкестік қылмыстар үшін соттал­ғандарды «қара тізімнен» шығару және банкте есепшот ашуына рұқсат ету бірнеше жағдайда ғана жүзеге асады екен. Біріншіден, лаңкестік деп та­нылған ұйымды жою туралы сот шешімінің өзі жойылса. Екіншіден, жеке тұлғаны экстремистік не тер­рористік қылмыс жасады деп айып­таған сот үкімінің күші тоқ­татылса. Үшіншіден, шет мемлекет сотының Қазақстан мойындаған айыптаушы үкімінің күші жойылса. Төртіншіден, тізбеге қосылған жеке тұлғаның өл­гені құжат жүзінде расталса. Бесін­шіден, әлгі ауыр баппен сотталған жеке тұлғаның соттылығы алып тас­талса. Алтыншыдан, ұйым немесе жеке тұлға «терроризммен байла­нысты ұйымдардың не тұлға­лардың халықаралық тізімінен» алып тас­талса. Жетіншіден, БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесі өз қарарымен ұйымға қол­данылған санкцияны жойса, сонда ғана сотталып шыққандар қалыпты өмірге орала алмақ. Әйтпесе, олар­дың үстінен қадағалау және шектеу шаралары жалғасады. Бұл олар қайтадан экстремизмге, сепа­ра­тизмге мен терроризмге ұрынбауы үшін қажет. Евгений В. еркіндікке шық­қанымен, соттылық мерзімі аяқ­талмапты. Құзырлы органның оны банкке жолатпай қойғаны да содан. Дегенмен ел Парламенті 2020 жылғы 13 мамырда «Кейбір заңнамалық актілерге қылмыстық жолмен алын­ған кірістерді заңдастыруға (жы­лыстатуға) және терроризмді қар­жыландыруға қарсы іс-қимыл мә­селелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды. Бұл өзгеріс лаңкестік қыл­мыс­тары үшін жазасын өтеп шыққан және түзелу жолына түскен адам­дарды соттылық мерзімі аяқталмаса да «қара тізімнен» шығаруға мүм­кіндік береді. Ондай өтініштерді сотқа дейінгі тергеуді жүргізген орган қарайтын болады. Аталған заң қабылданғаннан кейін тура 6 ай өткенде, яғни биыл қараша айында күшіне енді. Қалай болғанда, Қазақстан экс­тремизммен, лаңкестікпен және соны қоректендіретін заңсыз ақ­шаны жылыстату қылмысымен күресті жыл өткен сайын қатайта бермек. Демек, азаматтар да заңға мүлтіксіз бағынуға бейімделгені, экстремизмге, сепаратизмге ұрын­бауға тырысқаны жөн. Бұл салада ойнақтап от басқандарға аяушылық жасалмайды. Заңмен татудың көңілі тыныш деген бар.

Елдос СЕНБАЙ