Банкрот басы – барымта
Банкрот басы – барымта
135
оқылды

 «Мал ашуы – жан ашуы» дейді қазақ. Күнкөрісінің өзегіне айналған төрт түлік малын белгісіз біреулер айдап кетсе, кім ашуланбасын?! Қаншама зая еңбек пен уақыт, қарайған шығын мен қағылған табыс емес пе бұл? Соңғы 5 жылда мал ұрлығы азайып келеді. Бірақ оларды ашу мен иелеріне шығынын қайтаруда түйткілді мәселелер әлі де шешімін таппай тұр. Бұл проблема таяуда Парламент Сенатының деңгейінде көтерілген болатын.  

Қайтқан малда қайыр бар

Қараша айының 14-нен 15-іне қа­раған түні Павлодар облысы Оль­гинка ауылындағы «Рыжов» шаруа қожа­­лығының 24 бас жылқысы өрісте жүр­­ген жерінен жоғалып кетеді. Иелері бірден мал ұрлығы бойынша полицияға хабарласады. Учаскелік инс­пектор, капитан Дәулет Балғин мен оның кө­мекшісі, аға лейтенант Руслан Мұсә­ділов дереу тергеу-іздестіру жұ­мыс­­тарын жүргізіп, 5 күн дегенде бір үйір жылқыны Аққулы ауда­нының аума­­ғынан тауып, иесіне қайтарады. Қо­жалық иесі Владимир Рыжовтың қуа­нышында шек жоқ. 2006 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл шаруашылық тек қана ірі қара малмен ет өндірісі бағы­тында кәсіп етеді. Бүгінгі таңда мұн­да 357 жылқы, 136 сиыр бар. «Мүйізді ірі қара – қазақтың ақбас сиыр­лары. Оларды бақташы бағады. Ал жыл­қылардың қасында күн-түн демей өзім жүремін. Еш­кімге сенбеймін. Сол күні боран бол­ды да, бір үйірімді біреулер айдап кеткенін байқадым. Бірден полицияға хабарластым. Жі­гіттерге рақмет. Үлкен көмек көрсетті. Жыл­қылардың ізіне түсіп, ауыл­дарды, қора­ларды аралап сұрау сал­ды. Содан сескенді ме, ұрылар жыл­­қыларымды қай­тадан жібере салыпты. Қылмыскерлер табылды ма, біл­меймін, бірақ жылқыларым табыл­мағанда 8 миллион теңгедей шығынға бататын едім», – дейді Владимир Васильевич.

Ұрлық азайды, жаза қатайды

Статистикаға жүгінсек, соңғы 5 жылда мал ұрлығы 42 пайызға азайған екен. 2015 жылы 8 004 дерек анықталған болса, 2019 жылы 4 709 қылмыстық іс тіркелген. Соған сәй­кес ұрланған мал саны да 25 мыңнан 16 мыңға, 38 пайызға кем. Биыл 10 айда да бұл динамика жал­ғасып келе жатыр. Былтырғы осындай кезең­мен салыстырғанда деректер саны 41 пайызға, яғни 3 789-дан 2 248-ге және мал басы, ширегіне дейін 11 276-дан 8 888-ге кеміген. Биылғы көр­сет­кіштерге пандемияға байла­нысты енгі­­зілген ка­рантин шарала­рының үлкен әсері болғаны анық «Жыл басынан бері 1 024 мал ұрысы қолға түссе, оның 145-і топ болып әрекет еткендер. Мәселен, Түркістан облысы ПД қызмет­керлері үш адамнан тұратын топты құ­рықтады. Олардың Кентау ауда­нындағы 19 мал ұрлығы дерегіне қатысы бар екені анық­талды. Ал БҚО-да сәуір айында ағайынды Ешовтар ұсталды. Олар 52 рет ұр­лыққа шы­ғып, бас-аяғы 170 малды айдап кеткен», – дейді ІІМ Крими­налдық полиция де­партаментінің бастығы, полиция пол­ковнигі Ду­ман Таев. Полиция қызметкерлері мал көбіне өрісте жайылып жүрген же­рі­нен ұрланатынын айтады. Айлап, апталап қараусыз жүретін мал ұры­лардың оңай олжасына айна­лады екен. Биылғы 2 248 деректің 1 529-ы, яғни 60 пайызы далалық жерде тіркелген. Ал қылмыс саны бойын­ша Алматы (408) мен Түркістан (214) облысы көш бастап тұр.

1 миллиард шығын – 17 пайыз өтем

Таяуда Сенаттың Консти­ту­циялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары коми­тетінде Владимир Волковтың тө­рағалық етуімен өткен отырыста еліміздің шекаралас аймақ­тарында мал ұрлығының алдын алу мәселесі талқыланды. Отырысқа Ішкі істер, Ауыл шаруашылығы министр­ліктерінің, Бас прокуратураның, Қа­зақстан фермерлер қауымдас­тығының және шекара маңындағы өңірлердің жергілікті атқарушы орган­дарының өкілдері қатысты. Сенаторлардың айтуынша, мал иесінің қараусыз қалдырғанын сыл­тау етіп, полиция қызмет­кер­лерінің арыз­дарды тіркеуден бас тарту де­регі де кездеседі екен. Сөйтіп, қыл­мысты жасырудың теріс тәжі­рибесі жалғасып келеді. Мәселен, жыл басынан бері про­курорлар мал ұр­лы­ғы бойынша 18 жасырын қыл­мысты анықтап, қайтадан сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне қосқан. «Ішкі істер органдарының мү­лік­тік қыл­мыстарды ашу бойынша жедел жұ­мыстарының әлсіздігіне бай­ланысты мал ұрлығының ашы­луы төмен дең­гейде қалып отыр. По­лиция бөлім­­ше­лерінің өзара тиіс­ті қарым-қаты­нас­тарының болмауы, әсіресе тергеудің бастапқы кезеңінде бір-бірімен хабар алмас­пауы қылмыстың ашылмауына әкеліп соғуда. Қылмыстық қудалау орган­дарының мал ұрлығын жою жө­ніндегі қызметінің тағы бір кем­ші­­лігі – қылмыстың ұйымдасқан түрімен күрес­тің мар­дым­сыздығы. Шекара маңын­дағы өңірлерде жа­салған мал ұрлығы, оларды шек­тес мемлекеттерге айдап әкету үл­кен проблема болып отыр», – дейді Сенат депутаты Нұрлан Бек­назаров.

Ветеринарлар ұрлықшымен сыбайлас па?

Шекара маңындағы аумақтарда мал ұрлығымен тиімді күресу үшін жер­гілікті атқарушы органдардың, поли­цияның және шекара қыз­метінің, оның ішінде екі шекаралас мемлекет та­раптарының дұрыс жол­ға қойылған өзара іс-қимылы талап етіледі. Алайда мал ұрлығы­ның алдын алу үшін бұл шаралар да жеткіліксіз. Сенаторлар кешенді ықпал ету шараларын қабылдау қажеттігін, әсіресе шекара, кеден, вете­ринарлық қадағалау қызметінде жұ­мысты күшейту, сондай-ақ сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды қолға алу керек екенін айтады. «Жедел-профилактикалық іс-шаралар ұрланған малдың өңірден-өңірге, сондай-ақ елден тыс жер­лерге ауыр жүк көліктерімен ілеспе құжат­тарсыз немесе қатаң есептілік құжат­тары болып табылмайтын жалған ве­теринарлық анықтамалар бойынша тасы­малданатынын көрсетті. Мал дәрігерлерінің жалған анықтамаларды беру практикасы мал ұрлығына қо­лайлы фактор болып отыр. Олардың заңсыз сыйақы үшін күмәнді ет өнімдерін сатуға рұқсат беретінін жоққа шығаруға болмайды», – дейді Нұрлан Құдиярұлы. Қазіргі кезде мал ұрлығының жаса­луына ықпал ететін басты проб­лемалық мәселенің бірі – малдың ұзақ уақыт иелерінің қа­раусыз, бақылаусыз жайы­луы. Осы орайда, жергілікті атқарушы орган­дар ауылдық жерлерде қоғам­дық мал жаю мәселесін тиісті түрде шеш­пейді. Өз кезегінде меншік иелері мал­дың сақталуын қамта­ма­сыз ету үшін тиісті шаралар қабылдамайды. «Мал ұрлығын жасауға ықпал ететін себептің тағы бірі – иелерінің мал басын тиісті түрде есепке ал­мауы. Сыр­ғалап, таңбалап, чиптап инвен­тари­зация жүргіз­бейді. Бұл табылған мал­дың (ұрланған, алын­ған, қараусыз қал­ған және т.б.) иесін дәл анықтауда қиындық тудырады. Оның үстіне шалғай ауылдарда интернет байла­нысының төмендігі немесе тіпті бол­мауына байланысты малды электронды түрде есепке алып, оларды анықтау да қиынға соғуда. Сол себепті малды сатып алу және сату процесін олардың бір өңірден келесі өңірге тасымалдау барысын бақылау мүмкін емес бо­лып отыр», – дейді Сенат депу­таты Нұрлан Бекназаров.

Нұрлан ҚОСАЙ