Атырауда COVID-19 вирусының таралуын болдырмау мақсатында құрылған мониторинг топтың жұмысы жалғасуда. Оған жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық кеңестер, «Атамекен» ҰКП өкілдері, жергілікті полиция қызметі қызметкерлері және Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті және оның аумақтық басқармаларының мамандары кірді.
Атырауда аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен COVID-19 вирусының таралуын болдырмау мақсатында құрылған мониторинг тобының жұмысын талдау мақсатында өткізілген жиынға құзыретті мекеме басшылары мен қала, аудан әкімдері қатысты. «Қазір әлемде болып жатқан жағдайды көріп отырсыздар, кейбір елдердегі ахуал күрделі. Тіпті, бірқатар облыстағы жағдайды да көріп отырмыз. Сондықтан кез келген уақытта дайын болуымыз керек. Қауіптің алдын алу үшін мониторинг топтар, әсіресе демалыс күндері жұмысын күшейтсін. Халыққа түсіндіру, ескерту жұмыстарын да жандандырыңыздар, – деді Махамбет Досмұхамбетов. Жиын барысында Денсаулық сақтау, Полиция, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменттері, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы және қала, аудан әкімдері өз салалары бойынша жасалып жатқан жұмыстары бойынша есеп беріп, ұсыныстарын жеткізді. Әкім аппараты басшысының орынбасары Ерлан Ғалиев мониторинг топтардың жұмыс тиімділігін арттыруға қатысты бірқатар нақты ұсынысын айтты. Сондай-ақ шекара бекетіндегі келушілерге бақылауды күшейту, сенбі-жексенбі күндері тексеріс шараларын көбейту, кәсіпкерлер карантиндік шараларды бірнеше рет бұзған жағдайда лицензиясынан айыру мәселелері де талқыға салынды. Басқосу соңында өңір басшысы қаулы талаптарын қатаң сақтауды, мониторинг тобы жұмысын тұрақты зерделеп отыруды, түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізіп, жауапты тұлғалардың бірлесе іс-қимыл жасауын, сонымен қатар бақылауды күшейтуді тапсырды. Биылғы 5 маусым мен 20 қараша аралығында мониторинг топтар 6 120 тексеріс жүргізіп, 15 122 нысан тексерілген. Нәтижесінде, 2005 материал жинақталып, 86 млн теңгеге жуық айыппұл салынған. Оның ішінде 579 әкімшілік іс жеке және заңды тұлғаларға қатысты толтырылған. Мұның бәрі әлі де болса өңірде індеттің қауіптілігін тұрғындар жіті түсінбей жүргенін айқындап беріп отыр. Халық қылышын сүйреп келген қыс айларында тұмаудың өршуі мүмкіндігін ескеріп, індет жұқтырмаудың қағидаларын ұстанғанда ғана аман қалуға болатынын ұғынатын уақыт жетті. Сондықтан COVID-19 вирусының таралуын болдырмау мақсатында құрылған мониторинг тобы індеттің қауіптілігін халыққа түсіндіруді жаңдандыруда жұмыла іс атқаруы қажет. Аймақ басшысы М.Досмұхамбетов жиынға қатысушыларға осы жауапкершілікті абыроймен атқарып, індеттің тоқтауына барлық күшті жұмылдыруды тапсырды.