Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесінде 2011 – 2018 жылдар аралығында мемлекеттік тілді меңгерген азаматтардың үлесі 25 пайыз өсіп, бүгін 86 пайызды құрапты. Аталған кезеңде мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 56 пайыздан 73 пайызға дейін, ал мемлекеттік органдарда қазақ тілінде құжат айналымының үлесі 88 пайыздан 93 пайызға дейін артқан.
Баяндамасы қазақша, беретін жауабы орысша
Аталған көрсеткіштің ішінде мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тілін меңгеруіне ерекше тоқталып өтуді жөн көрдік. Осыдан екі жыл бұрын Үкімет отырысында мінберге шыққан министрлердің бәрі баяндамасын бастан-аяқ қазақша жасады. Бейнебайланыс арқылы өңірлерден қосылған әкімдер де қазақша отырыстың көркін бұзбады. Тіпті, үкіметке емес тікелей президентке бағынатын ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі де мемлекеттік тілде сөйлеп таңқалдырды. Бұл кезде Үкімет басында Бақытжан Сағынтаев отырған еді. Кейін Асқар Мамин бұл үдерісті өзгертпеді. Бірақ Үкімет үйінің мүшелері алдын ала дайындайтын слайд пен ақпараттар әлі қазақшаланбады. Бұған дейін де Үкіметтің қазақша сөйлеуге тырысқаны, бірақ оның соңы ұзаққа бармағаны есімізде. Бұл жағдай Мәсімовтың кезінде болған еді.Шенеуніктер қазақша тесттен сүрінбей өтті ме?
Мемлекеттік қызметкер жұмысқа қабылданар алдында қаншалықты қазақ тілін меңгергенін анықтайтын тест тапсырады. Қазтест тапсырмаларын тестология саласын игерген, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының тілші-ғалымдары, әдіскерлері мен ғылыми зерттеу институттарының мамандары әзірлейді. Осы ретте, жоғарыда біз атап өткен тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында қазақ тілін меңгерген азаматтардың үлесін Қазтест жүйесі арқылы бағалау көрсетілген. Оның ішінде «Қазтест» арқылы анықталатын мемлекеттік тілді орта (В1) және жоғары (С1) деңгейде меңгерген мемлекеттік қызметшілердің үлесін анықтау міндеті қойылған. Осыған орай, аталған бағдарламаға сәйкес жыл сайын мемлекеттік қызметшілер Қазтест тестілеуінен өтеді. Бүгінгі күнге дейін Қазтест жүйесі бойынша тестілеуге 400 мыңнан астам адам қатысты. Оның ішінде, 2015-2020 жылдар аралығында 100 мыңнан астам мемлекеттік қызметші тестілеуге қатысты.Қазақша таза сөйлей алмайды
Осы ретте, мемлекеттік қызметкерге қызметінің жоғарылауына байланысты қазақ тілінен кешенді тестілеу тапсыру міндеттелмеген. Алайда Қазтест жүйесі бойынша тестіленуден өту «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадрлық резервіне үміткерлерге, халықаралық «Болашақ» стипендиясына үміткерлерге, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ мұғалімдері мен басқару персоналына, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясына үміткерлерге міндеттеліп отыр. Қазтест жүйесі бойынша тест тапсырған тестіленуші қарапайым (А1), базалық (А2) деңгейі бойынша сертификат алған жағдайда сертификатының жарамдылық мерзімі – 2 жыл, орта (В1), ортадан жоғары (В2) деңгейі бойынша сертификат алған жағдайда сертификатының жарамдылық мерзімі – 3 жыл; жоғары (С1) деңгейінде сертификат алған жағдайда сертификаты 5 жылға дейін жарамды екен. Елімізде 2013-2020 жылдар аралығында 131 412 әртүрлі лауазымдағы мемлекеттік қызметкер Қазтест тестілеуі бойынша диагностикалық және сертификаттық тестілеуден өткен. Оның ішінде, қазіргі уақытта 4 министрдің 2-базалық, 1- орта, 1 - ортадан жоғары деңгейді меңгергені, 1- облыс әкімі орта деңгейді меңгергені, 4- қала әкімі 1- қарапайым деңгейді; 2 – базалық; 1-орта деңгейді меңгергені туралы ақпарат бар. Байқағанымыздай, ешқайсы қазақ тілін жоғары деңгейде, таза білмейтін болып шықты.