"Nur Otan" партиясы нақты шаралар кешенін ұсынады - Мәулен Әшімбаев

"Nur Otan" партиясы нақты шаралар кешенін ұсынады - Мәулен Әшімбаев

Бүгін онлайн форматта «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ съезі өтті. Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл съездің бұрынғылардан өзгерек және алдымызда тұрған мақсат-міндеттерді іске асыру үшін маңызы зор екенін айтты. Расымен, пандемия кезінде ұйымдастырылып отырған осы жиын егемен еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуы тұрғысынан ерекше мәнге ие.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Съезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев партияның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Президентіміз атап өткендей, бұл – жан-жақты пысықталған, барлық талап-тілектер ескерілген нақты құжат. Онда алдағы уақытта іске асыратын негізгі басымдықтар айқын көрсетілген.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Олар: әр азаматқа өз әлеуетін жүзеге асыру үшін тең мүмкіндік беру, интеллектуалды ұлт қалыптастыру, өңірлердің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ету, халық үніне құлақ асатын, есеп беретін мемлекет және азаматтардың жауапкершілігін арттыру.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Президентіміз айтқандай, бағдарлама елдің әлеуметтік ілгерілеуіне және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға арналған нақты шаралар кешенін ұсынады. Оларды іске асыру үшін 21 триллион теңге бөлінетін болды. Бұл қаражат мемлекет тарапынан халықтың барлық тобына бірдей қолдау көрсетуге жұмсалады.⁣⁣⠀
⁣⁣⠀
Алдағы уақытта аталған басымдықтарды жүзеге асыру жолында бәріміз жұдырықтай жұмылып, ортақ мақсатқа бірге қол жеткізейік!
Мәулен Әшімбаев