Алматылықтар қант диабетін анықтайтын арнайы скринингтен өтеді
Алматылықтар қант диабетін анықтайтын арнайы скринингтен өтеді
168
оқылды

Бүгін Алматыда Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институы «Ашық есік күні» аясында 2-типтегі қант диабеті бойынша скринингтен өткізеді. Бұл туралы аталған институттың баспасөз қызметі хабарлады.

Айта кетейік, бүгін Дүниежүзілік қант диабетімен күресу күні.

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының Жоғары және қосымша білім беру департаментінің эндокринология курсының жетекшісі Лаура Даньярованың айтуынша, бүгінгі таңда диабетке шалдыққан науқастардың жалпы саны планета тұрғындарының 7 пайызын құрайды.

«2-типтегі қант диабетінің қауіптілік факторларының бірі – физикалық белсенділіктің бәсеңдеуі, сонымен бірге жасының 45-тен жоғары болуы. 2-типтегі қант диабетіне скрининг жүргізу осы жаста басталады, егер зерттеу қорытындысы қалыпты болса, онда зерттеу 3 жылда 1 рет қайталанады. Қант диабетіне ұшыраған бірінші дәрежелі туыстардың болуы, белгілі бір этникалық топтарға жатуы да рөл ойнайды», – дейді Л.Даниярова.

Әйелдердің салмағы 4 келіден асатын бала табуы және гестациялық қант диабетінің болуы, яғни әйелдердің жүктілік кезінде гормоналдық тепе-теңдігінің бұзылуы да қант диабетінің алғашқы белгілері екен. Жүрек-қан тамыры ауруларының анамнезі, қан қысымының көтерілуі, семіздік, қара акантоз (теріде көптеген қара дақтары бар (гиперпигментация) қалың учаскелердің болуы) да дәрігерге қаралуды талап етеді екен.

«Ауыздың құрғауы, шөлдеу, жиі несеп шығару, терінің қышынуы, әлсіздік, тез шаршау да қант диабетінің симптомдарына жатады. Қант диабетінің алдын алу үшін дұрыс тамақтану, физикалық белсенділікті арттыру, артық салмақты азайту, ішімдік ішу мен темекі тартудан бас тарту қажет», – дейді дәрігер.