«Аңыздардың» айқасы – тікелей эфирде
«Аңыздардың» айқасы – тікелей эфирде
116
оқылды

Қазақстандықтар Майк Тайсон мен Рой Джонс ара­сындағы бокс кешін тікелей эфирде тама­шалай­ алады.

29 қарашада Калифорниядағы Карсон қаласында Dignity Health Sports Park аренасында 54 жастағы Майк Тайсон мен 51 жастағы Рой Джонс арасындағы жекпе-жек өтеді. Аты аңызға айналған боксшылардың кездесуі елорда уақытымен 07:50-де бастала­ды. Жұдырықтасу кешін Qazaqstan және Qazsport телеарналары тікелей эфирде көр­сетеді. Жекпе-жек форматы 2 минуттан 8 раундты құрайды. Спортшылар рингке шлемсіз және 12 унциялық қолғаппен шығады. Жеңімпазға Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) арнайы белбеуі табысталады. Бұл белбеу Frontline Battle Belt («Майдан шебіндегі шайқас белбеуі») деп аталады. Бұған дейін Майк Тайсон шаршы алаңға оралатынын мәлімдеген. «Мен салмақты азайта бастадым. Күйеу балам маған 30-40 миллион доллар үшін жұдырықтасуға ұсыныс түскенін жеткізді. Дайындалу мен өзіңді қалыпқа келтіру – екі түрлі нәрсе. Өзіңді қалыпқа келтіру күнделікті киіміңді кигенмен тең. Ал бұрынғы қалпыңа оралу өз теріңнен шығып кеткенмен бірдей. Мұны автоматты түрде жасау мүмкін емес»,– деген еді «Темір Тайсон».