Бетбұрыстар баянды болғай
Бетбұрыстар баянды болғай
119
оқылды

– «Nur Оtan» партиясының ХХ сьезінде сайлауалды бағдарлама және Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша партиялық тізімді бекіту туралы мәселелер қаралды. Партияның сайлауалды бағдарламасы әрбір өңірдің өзгешелігіне, өріс алып, өрлеуіне орайлас ойластырылғаны қуантады. Осылайша, әзірленген 216 өңірлік бағдарламаға халық жан-жақты қатысуға, белсенділік танытуға толық мүмкіндік алды. Талқылауда да талапшылдық таныта білді.

Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев мағлұмдағандай, жұрт­шылық тарапынан келіп түскен 17 мыңнан астам ұсыныс ескерілді. Демек, бағдарламаның орын­дауында баянды да байып­ты бол­мақ. Елбасы, Партия Төрағасы өт­кен сьезде «Nur Оtan» пар­тиясы­ның алдына нақ­ты міндет­тер қой­ған еді. Ол мін­деттер ха­лық­қа барынша жа­қындау, елмен етене болу, халық мүддесіне қыз­мет ету сияқты мақ­сат­тарға сая­тын. Осы орай­да, жарасымды да жарқын қадам­дар жасалды. Мем­лекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдар­ламаны таныс­тыру барысында жауапты мемлекет, жауапты қоғам, жауап­ты адам мәселесін терең мәністеді. Нақты жос­парларды баяндады. Барлық ты­ныс-тіршілік халық, ұлт мүд­десіне қызмет етпекке бағыт­талып жатыр. Тұңғыш Пре­зидент­ те, қазіргі Президент те әл- Фараби, Ахмет Ясауи, Абай аманаттарына адал болу туралы айрықша атап көрсетуде. Ар­найы бағдарламалық мақалалар жария­лады. Жолдауда да даныш­пан­дар даралаған мұрат­тарға баса назар аударылды. Алып ойшылдардың асыл мұар­аларын айналымға түсіріп, жас ұрпақ тәр­биесіндегі алтын арқауға айнал­дыруда бетбұрыс бар. Баянды бол­ғай деп тілейміз. Сайлауалды бағдарламаның өңір­лерге ыңғайланып, нақты­лан­ғаны сияқты, әл-Фараби, Ясауи, Абай аманаттарын жүзе­леуде де нақтыланған бағдарлар, нақтылы атқарылар шаруалар мен шаралар өте-мөте қажет. Екінші ұстаз атанған жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фараби бәдіз­дегендей, бәйекшіл парасат, әре­кетшіл па­ра­сат, пәрменді па­ра­сат болғанда ғана сол шар­уалар мен шаралар сапасын ұлт санасы мен сапасын биіктет­пекке қалтқысыз қызмет етпек. «Nur Оtan» партиясы, оның өңір­лік филиалдары бұл бағыт­тарда да жаңашылдық, жоғары жауап­кер­шілік, бастамашылдық таныт­пағы ләзім-дүр.