Коронавирустан қорғанудың құны қанша?

Коронавирустан қорғанудың құны қанша?

Қазақстанда коронавирус 114 мил­­лиард 826 миллион теңге тұрады. Нақтырақ айтсақ, бұл індепен күресуге Денсаулық сақтау министрлігіне осынша қаражат бөлінген. Дегенмен індетпен күреске бөлінген қаржыны орынсыз жұмсау фактілері анықталып отыр. Мәселен, Қарағандыдағы шен­ділер  бір бетпердені 68 мың теңгеге бағалады.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша,  коронавирустың ал­дын алуға бөлінген қаржының 40 миллиард 58 миллионы Үкімет резервінен алынды. Ал республикалық бюджеттен 74 миллиард теңге бөлінді. Миллиардтаған қаржыны жұтып жат­қан індеттің екінші толқыны иек астында. Коронавирустың бірінші толқыны кезінде жүргізілген сатып алулар мен тендерлер бү­гін­де медиа бетінде талқылауға өзек болуда. Мәселен, күні кеше ғана Қарағанды об­лысы денсаулық сақтау басқармасының бір бетпердені 68 мың теңгеге сатып алуы ел наразылығын тудырды. Әлемді алаңдатқан дертпен күреске жұмсалған қаржының ашықтығын Қазақстанда тәуелсіз Zertteu Research Institute ұйымы қадағалап отыр. Ұйым коронавирустың алдын алуға бөлін­ген қаражаттың қалай жұмсалғанын анық­тау мақсатында 6 сәуір күні жаңа ай­дар ашты. Ол #коросатыпалу деп атала­ды. Айдар сарапшылары мемлекеттік меке­ме­лер жүргізген түрлі сатып алуларды та­ныс­тырып келеді. Соңғы күндері бір данасы 68 мың тең­ге тұратын бетпердені сатып алу  фактісі қоғамда қызу талқыланды  Қарағанды облысында жартылай бет­пер­дені сатып алуға 13,6 млн теңге жұм­салған. Барлығы 200 дана бетперде са­тып алынған. Тапсырыс беруші – Қа­ра­ғанды облысы Денсаулық сақтау бас­қармасының «Облыстық арнайы меди­циналық жабдықтау базасы» КММ. Өнім­ді жеткізуші GoldenStag ЖШС-мен ке­лісімшарт 2020 жылдың 1 сәуірінде жа­салған. «Аталмыш тендер заңбұзушылықпен өт­кен», – дейді сарапшылар.  Жартылай бет­перделер арнайы тәртіппен – «бір көз­ден» сатып алынған. «Сатып алу құжаттамасында са­тып алын­ған тауардың техникалық сипат­тамасы толық берілмегендіктен, бағасы қаншалықты негізді деген сұрақ туды. «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңының 21-бабының талаптары бұзылған. Сипат­тама түсініксіз, қандай тауар сатып алуға сәйкес келетіні анық емес», – дейді Zertteu Research Institute ұйымының сарапшы Ғалымжан Оразымбет. Облыстық Денсаулық сақтау басқар­масының хабарлауынша, аталмыш бет­перде ДДҰ ұсыныстарын, реанимация мен қарқынды терапия бөлімшелерінде COVID-19 бар науқастарды емдеудің ха­лық­аралық және отандық ережелерін ес­кере отырып сатып алынған. «Бетперде беттің ең осал бөліктерін ба­рынша қорғауды қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, инвазивті процедуралар кезінде пациенттің аэрозоль секрециялары көз, ауыз қуысы, мұрын арқылы (интубация, брон­хоскопия, трахеобронхиалды ағаш пен орофаринс, негізгі тамырлардың ка­тетеризациясы) вирустың таралуынан қор­ғайды. Қорғаныс бетпердесі, сонымен қа­тар қызметкерлердің бактерияға қарсы қор­ғанысын да қамтамасыз етуі керек» деп тү­сіндірді басқарма. Ғалымжан Оразымбеттің айтуынша, «Мемлекеттік сатып алулар туралы ере­женің» 4-бөлігінде осындай құжаттарды рәсімдеу стандарттары көрсетілген. Бұл жағ­дайда олар сақталмаған: конкурстың тех­никалық ерекшелігі, тапсырыс беру­шінің деректері, жеткізушілерге қо­йылатын талаптар, сатып алынатын та­уар­дың саны көрсетілмеген. Сипаттамада былай жазылған: «Қатты бөлшектердің ауадағы үлесі шамадан тыс көп болуы мен булануы қиын сұйық бөлшектерден жұмысшылардың тыныс алу органдары зиян шегетін жағдайда, со­лардан жақсы қорғану мақсатында қол­данылады. Көмір шаңдарынан қорғайтын сүзгісі бар». Қымбат бағалы бетпердеге тапсырыс берген құзырлы мекеменің өз уәжі бар. «Бұл ретте, мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарына сәй­кес әлеу­етті өнім берушілерден ауыстырыла­тын көмір сүзгілері бар, 3m аэрозольдерімен қорғанышы бар, медициналық, бетті толық жабатын сүзгіш бетперделерге баға ұсыныстары сұралды. Баға ұсыныстарын «ПТЭК» ЖШС – 69 300 теңгеден,  ЖК «Хон и. в.» – 69 500 теңгеден, GoldenStag ЖШС – 68 000 теңге ұсынды. Салыстыру нәтижелері бойынша ең төменгі бағаны GoldenStag ЖШС қойды», – дейді бас­қарманың баспасөз қызметі. Дегенмен түрлі деректерге қараған­да   коронавирусты ем­деу кезінде қол­данылатын бір құрал-жабдықты әр аймақ әртүрлі бағаға сатып алғанын анықталған. Мәселен, өкпеге газ қоспасын жа­сан­ды жолмен жіберуге арналған ме­дицина құралын алуға елімізде 5,7 млрд теңгенің келісімшарты жасалып, 334 ӨЖЖ аппараты алынған. Ең қымбат ап­паратты Ақмола облысында  Mindray (ҚХР) – бір данасын 31 млн теңгеге алса, ең арзанын Қарағанды облысында  – ТС prisma VENT50-C (Германия) – 9,4 млн теңгеге әперген.  Аппаратты ең көп сатып алған аймақ – ШҚО 1 млрд теңгеге 56 аппарат алған. Ең аз қаржы жұмсаған, халқы көп аймақ Шымкент қаласы 256,8 млн теңгеге 12 аппарат алған. Әрине, біз айтқан деректер пандемия­мен күреске бөлінген қаржының  тиімсіз  жұмасалғанына мысал болатын санаулы мәліметтер. Өкінішке қарай мұндай деректер аз кездеспейді.  Мемлекеттің ко­ронавируспен барын салып жатқанынан қарамастан жергілікті атқамінерлердің мұндай келеңсіздіктерге жол беруі алаң­дататын мәселеге айналып отыр.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,  Қарағанды облысы