Әкімдер әлеуметтік дүкен аша ма?
Әкімдер әлеуметтік дүкен аша ма?

Әу­лие­аталық әлеуметтің де әлеуетін арт­тыру бағытында бағдарын тапқан бас­тамалар жетерлік. Десе де, сананы на­рық билеген заманда  қымбатшылық, ба­ғаның тұрақсыздығы  сынды мәсе­лелер бұқараның қос бүйіріне батуда. Мұндайда не істемек керек? Жақында Жамбылда әлеуметтік дүкендер  ашылатын болды. Бірақ жобаның өміршең боларына кепілдік бар ма?.

«Әрбір ауданда желтоқсанның он бесіне дейін ең кем дегенде 2-3 әлеу­меттік дүңгіршек ашылуы керек. Алдымызда мерекелер келе жатыр. Тұрғындарды әлеуметтік маңызы бар арзандатылған тауар­лармен қамтамасыз етуіміз ке­рек», – деді облыс әкімі Б Сапарбаев. Енді аудан­дарда әлеуметтік дүкендерді ашу бағытында қандай жұмыстар жа­салып жатыр? Жалпы, бұл жобаны жүзеге асыру мүмкін бе? Бұны біз аудан әкімдерінің өздерінен сұрадық. – Қазір 1 және 16 желтоқ­сандағы мерекелерге орай жәр­меңке ұйымдастыруды қолға алып жатырмыз. Одан бөлек бұған дейін сауда үйлерінде жұмыс жасап тұр­ған әлеуметтік сөрелерді де ба­қылауға алдық. Мұнда тауарлар на­рық бағасынан 15-20 пайыз арзан өт­керілуде. Бұдан бөлек  биыл «Та­раз» Әлеуметтік кәсіпкерлік кор­порациясының тұрақтандыру қорынан 20 тонна қант алып, тұрғындарға арзан бағамен беріп жатырмыз. Ал әлеуметтік дүкенге келер болсақ, қазір бұл мәселе бо­йынша  бір шаруашылықпен сөй­лесіп жатырмыз. Егер ол дүң­гіршек ашуға келіссе, арнайы жер бөліп беруге де дайынбыз. Тек келісімі керек болып тұр, – дейді Шу ауданының әкімі Нұржан Кален­деров. Меркі ауданының әкімі Мейір­хан Өмірбеков болса, елді мекенде әлеуметтік дүкен бір жыл бұрын ашы­лып қойғанын айтады. – Аудандағы орталық базардың артынан әлеуметтік дүкенді бір жыл бұрын ашқанбыз. Алайда кейінгі кез­де жұмысы жүрмей, тоқтап қалды. Облыс әкімінің тапсырмасынан ке­йін осы дүңгіршекке қайта жа­рық­тандыру мен жылу жүргізіп, жұмысын жандандыруды қолға алып жатырмыз. Одан бөлек базар маңындағы таксистерді басқа жер­ге орналастырып, әлеуметтік дү­кеннің жарнамасын жаңарту қажет болып тұр. Мамандарым қазір осы жұмыстармен айналысуда. Нақты атқарылған тірлікті айтсам, кеше ғана ет комбинатының басшысымен сөйлесіп, әлеуметтік дүкенде еттің келісін 1700 тең­ге­ден сату туралы келісімін ал­дым. Одан бөлек, сүт өндіруші кәсіп­орындармен де келісіп, ағарғанды арзан бағамен сатуға қол жеткізіп отырмыз, – дейді Меркі ауданының әкімі. Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков болса, әлеуметтік дүкен ашуда қиындықтар туып жатқанын жасырмайды. – Бес сауда орнында әлеуметтік сөрелер бұрыннан жұмыс істеп тұр. Одан бөлек нанды арзан бағамен сатып  жатқан әлеуметтік сауда орны да жұмыс істеп жатыр. Ал нақты об­лыс әкімінің тапсырмасына қа­тысты қиындықтар туып жатқанын жасырмаймын. Себебі әлеуметтік дү­кен ашу үшін бұл жұмысқа бір кәсіпкерді жұ­мылдыру керек. Бірақ оған екінің бірі ке­ліспейтіні белгілі. Оған жер бөліп бергеннің өзінде құрылыс кемі бір айды алатыны анық. Ал облыс әкімі желтоқсан айының 15-не дейін әлеуметтік дүкенді ашуды тапсырып отыр. Сондықтан шынымызды айтқанда, не істерімізді білмей отырмыз. Алай­да тапсырма талабы нәтиже екені белгілі. Сол себепті қазір бұрыннан жұмыс істеп тұрған бір сауда орнымен сөйлесіп, соны әлеу­меттік дүкенге айналдыру жол­дарын қарастырудамыз, – дейді Н. Ергебеков. Сарысу ауданының әкімі Бақыт­жан Жақсылықов та әлеуметтік дүкен ашу оңай емес екенін  ашып айтып отыр. – Бүгінде аудандағы 9 сауда орнында әлеуметтік сөрелеріміз жұмыс істеп тұр. Алайда нақты әлеу­меттік дүкен ашу үшін бізге қол­дау керек. Олай дейтінім, біз әлеуметтік дүкеннің құрылысына бюджеттен қаржы бөле алмаймыз. Сондай-ақ оған таурларды да қазына қаржысына алуға құқығымыз жоқ.  Ал «Тараз» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы болса биыл бір-ақ рет ауданға келіп жәрмеңке өткізді. Оның өзі жалынып жү­ріп шақырдық. Егер аталған корпорация ауданнан әлеуметтік дүкен ашамын десе, біз жер бөліп беруге дайынбыз немесе кәсіпкерлерге аштырған әлеуметтік дүкенімізді тұрақтандыру қоры азық-түлікпен қамтамасыз етуі керек. Әйтпесе, қазіргідей қиын экономикалық жағдайда біреуді қинап, әлеуметтік дүкен аштыру мүмкін емес, – дейді Бақытжан Алпысұлы. Әрине аудан әкімінің сөзі орынсыз дей алмаймыз. Себебі қазіргідей қиын жағдайда біреуге күштеп дүкен аштыру мүмкін емес екенін әркім түйсініп отыр. Мұны біз хабарласқан аудандардың дені құптауда. Алайда кәсіпкердің тілін тауып, жұмысты жолға қойған аудан да бар. Атап айтсақ, Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев бұл мәселеге күні бұрын кіріскен екен. – Аудандағы негізгі азық-тү­лік тауарларының бағасын  тұ­рақтандыру мақсатында арнайы штаб құрылды.  Бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында 139 мемо­рандумға қол қойылып, жұмысшы топ апта сайын сауда орындарында  мониторинг жүргізуде.  Зерделеуге  аудан орталығынан 5 ірі сауда орны және әр ауылдық округтен бір негізгі сауда орындары,  барлығы 20 нысан таңдалды. Сауда орын­дарынан әлеуметтік сөрелер бел­гіленді. Сөрелерде азық-түлік тауар­ларының 19 түрі бойынша өнімдер  шекті бағамен сатылуда. «Тараз» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорымен тікелей жұмыс істеудің нәтижесінде  ауданнан павильон ашуға ниет білдірген жеке кәсіпкер Б.Нүпбаевпен келісім жасалып, қазір жер телімі белгіленіп, қажетті құжаттары рәсімделуде, – дейді ау­дан әкімі. Әрине, бұл жанға жылу беретін ақпар. Тараз қаласына жақын ор­наласқан аудан  болғаннан кейін өзгеге үлгі болғаны да құптарлық. Енді тек осы жүйе бойынша өзге аудандар да тірліктің тетігін  тапса нұр үстіне нұр болар еді. Әйтпесе, «болмайды» деп қол қусырып жата бергеннен ешкім елді мекенге келіп  әлеуметтік дүкен ашып бермейтіні белгілі. Оған қоса 15 желтоқсанға дейін тапсырма орындалмаса, аймақ басшысы әкімдердің басынан сипамайтыны тағы анық.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы