Түркістан облысында газға уланған екі әйел қайтыс болды
Түркістан облысында газға уланған екі әйел қайтыс болды
111
оқылды

«ҚазТрансГаз Аймақ» баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы жағдай Төлеби ауданының орталығы Ленгер қаласында болған.

Оқиға орнына жеткен жедел-құтқару тобы үйдегі газ қондырғыларының орнатылуы техникалық талаптарға сай емес екенін анықтаған.

Бүгін түнгі сағат 01:40 кезінде апаттық-диспетчерлік бөлімге жергілікті үйлердің бірінде екі әйелдің қайтыс болғаны туралы хабарлама келіп түскен. Олар – 1971және 1973 жылы туған жергілікті тұрғындар. Тұрғын үйдегі газ құрылғыларын тексерген мамандар көмір жағатын пеші бар моншаның дәретханасына KLIMA маркалы газ су жылытқышы мен VANS жылыту қазандығы орнатылғанын анықтаған.

Ал негізі мұндай бөлмелерге газ су жылытқышын орнатуға тыйым салынады. Оның үстіне су жылытқыштың және жылыту қазандығының мұржасы шатыр арқылы сыртқа шығарылмаған.

Төтенше жағдай жөніндегі арнайы топ су жылытқыштың клапанын жауып, газ беруді тоқтатты. Тиісті акті толтырылып, қазір қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.