Ақтау портында контейнерлер айналымы артты
Ақтау портында контейнерлер айналымы артты

Тұрақты фидерлік желіні іске қосу Каспий өңірінде контейнерлеудің артуына ықпал етуде,– деп хабарлайды «Қазақстан темір жолы» ҰК» баспасөз қызметі.

Ақтау порты алғашқы іске қосылған күннен бастап бүгінге дейін 10 мыңнан аса ЖФЭ контейнер өңделіп, өткен жылдың барлық кезеңімен салыстырғанда 400% артық болды. Бұған Транскаспий халықаралық көлік маршрутына (ТХКМ) барлық қатысушылардың үйлестірілген іс-қимылы және контейнерлерді жеткізудің бүкіл кезеңінде техникалық және коммерциялық аспектілерді келісу арқасында қол жеткізілді.

Контейнерлер құрамындағы негізгі жүк үлесі – Қытайдан Әзірбайжан, Грузия, Түркия, Еуропа елдеріне (Италия, Румыния т.б.) және кері бағыттағы түрлі тауарлар.

Ақтау порты стратегиялық мақсаттарды көздей отырып, мультимодалды тізбек серіктестерінің өзара іс-қимылы үшін өз аумағында оңтайлы жағдай жасады. Сонымен бірге бүкіл маршруттың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, іс жүзінде тұрақты контейнерлік сервисті дамытып отыр.

Айта кетейік, ТХКМ – Қытай, Қазақстан, Каспий теңізі, Әзірбайжан, Грузия және әрі қарай Түркия, Еуропа елдері арқылы өтетін мультимодалды халықаралық көлік дәлізі.