Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясниковичпен әңгімелесті, - деп хабарлады Ақорданың ресми сайты. Бейне конференция форматында өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Михаил Мясникович Еуразиялық экономикалық одақтың қазіргі ахуалын және оны одан ары дамыту перспективаларын талқылады. Тараптар 11 желтоқсан күні мемлекеттер басшыларының қатысуымен онлайн-форматта өтетін Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында қаралатын мәселелер, сондай-ақ, 2021 жылы Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалығы жайында пікір алмасты. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Михаил Мясникович Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмысындағы жекелеген мәселелер жөнінде ой бөлісіп, ұйымның интеграциялық процесстердегі рөліне тоқталды.