Қазан айының соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өткен болатын. Оған ІІМ қызметі мен аумақтық полиция департаменттерінің басшылары және еліміздің барлық аймақтарынан учаскелік инспекторлар қатысты. Жиында биылғы 9 айда ішкі істер органдары атқарған жұмыстардың қорытындылары және Президент тапсырмаларын орындау барысы қаралды.
Президент жиын барысында учаскелік инспекторлар белгілі бір аумақтағы қылмысты болдырмауда, жергілікті халықтың мәселелерін шешуде, қылмыстың тікелей немесе жанама түрде алдын алуда, азаматтардың өмір сапасын арттыруда басты қызмет саналатындығын атап өтті. Жиынға Ақтөбе облысынан шақыртылған учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Нариман Ульянов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының алдында сөз сөйлеп, мыңдаған учаскелік полиция қызметкерлері атынан алғыс білдірді. Қауіпсіз қоғам құру жолында мемлекет алға қойып отырған міндеттерді орындау үшін барлық күш-жігерін жұмсайтындығына сендірді. Сондай-ақ, ол полиция инспекторларына жақсы жағдай жасалып жатқандығын, бүгінгі таңда полиция пункттері толықтай жабдықталып, қызметтік автокөлік, бейне жетондар мен электрондық планшеттер берілгенін айтты. Өз баяндамасында Нариман төтенше жағдай режимі кезінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдын алу іс-шараларына белсенді түрде атсалысқан еріктілердің еңбегіне де ризашылығын білдірді.
– Төтенше жағдай режимі кезеңінде тәулік бойы жұмыс жасауға тура келді. Санитарлық дәрігерлермен бірлесіп рейдтік жұмыстар жүргіздік. Сондай-ақ бұл шараларға еріктілер қатысып, қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуге көмектесті. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда, – дейді ол.
Нариман Қазжанұлы Ақтөбе облысының Қобда ауданы Талдысай және Бұлақ ауылдық округтерінде қызмет етеді. Оған қарасты учаскенің тұрғындар саны екі мыңнан асады. Биыл оның учаскесінде қылмыс саны азайып отыр. Полиция капитанының бұл жиынға шақыртылуының себебі – ол биыл онлайн өткізілген «Үздік учаскелік инспектор» сайысында жеңімпаз атанған болатын. Бұл да болса, 6 жылғы еңбегінің еленгені болар. 2010 жылы осы аудандағы Иманғали Белтабан ауылында орта мектепті бітіріп, Ақтөбе заң институтына оқуға түскен Нариман 2014 жылы диплом алған соң, қызмет жолын туған ауылында бастайды. Содан бері учаскелік нспектор. Қазіргі еңбек етіп жүрген ауылына келгеніне 1,5 жыл болыпты.
– Талдысай, Бұлақ ауылдары Ақтөбеден 70 шақырым жерде Самара – Шымкент халықаралық тас жолының бойында орналасқан. Бұлақ ауылы – қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың туған ауылы. Сондықтан да оның есімін ауыл халқы мақтан тұтады. Мен үшін де батыр жерлесіміздің абыройын асқақтата түсу үшін еңбек ету – мақтаныш. Ауыл халқы тыныш. Малмен күнелтіп отырған жандар. Отбасылық-тұрмыстық деңгейдегі кикілжіңдер болмаса, қылмыс аз. Мал ұрлығы болмасын деп, түнгі рейдтерге жиі шығамыз. Онда маған шаруа қожалықтарынан адамдар көмектеседі. Ауыл тұрғындарынан тұратын қоғамдық көмекшілерім бар. Рейдтерде 6-7 адам болып жүреміз, – дейді ол.
Ішкі істер саласына Нариман өзі жүрек қалауымен келіпті. Болмаса отбасында бұған дейін полиция қызметінде істеген ешкім жоқ. Үйде кенже – ұлдан жалғыз. Екі апасы бар. 2018 жылы шаңырақ көтерген ол қазір екі жасар қыздың әкесі. Жұмысына жанымен бірелген капитан алдағы өзгерістерден де үлкен үміт күтеді.
– Алдағы жылдан бастап учаскелік инспекторлардың жұмысын оңтайландырады деп естіп жатырмыз. Полицияға тән емес функциялар алынып тасталады екен. Ол әрине жақсы бастама. Мәселен, әскерге шақыртушыларды іздеу, сот орындаушыларының шешімдерін орындау, белгіленбеген жерде сауда жасау, қоқыс төгу деректерін анықтау сынды құқық бұзушылықтың алдын алуға ешқандай әсер етпейтін қызметтеріміз көп. Сол сияқты көптеген басы артық жұмыстарды алып тастаса, әрине құба-құп болар еді, – дейді Нариман Қазжанұлы.
Учаскелік инспекторлардың азаматтардың алдында ашық, қолжетімді болуы – Мемлекет басшысы қойып отырған басты міндеттердің бірі. Ішкі істер министрлігінде өткен жиында Президент өз сөзінде тәртіп сақшылары бірінші кезекте халық тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуі қажет екенін айтып, ІІМ қызметі алға қойған міндеттерді абыроймен атқаратынына сенім білдірді.
Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ