Шетелдік жетекші партиялардың төрағалары Елбасын Nur Otan партиясының мерейтойлық ХХ съезінің өтуімен құттықтады
Шетелдік жетекші партиялардың төрағалары Елбасын Nur Otan партиясының мерейтойлық ХХ съезінің өтуімен құттықтады
192
оқылды

Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына шет мемлекеттердің жетекші партияларының төрағаларынан Nur Otan партиясының мерейтойлық ХХ съезінің өтуімен құттықтау жеделхаттары түсіп жатыр.

Елбасыға «Единая Россия» партиясының төрағасы, Ресей Федерациясының Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Д.Медведев, Қытай Коммунистік партиясының Орталық комитетінің Бас хатшысы, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Түркия Президенті, Әділет және даму партиясының төрағасы Реджеп Тайып Ердоған,  Жапония Премьер-министрі, осы елдің жетекші Либералдық-демократиялық партиясының төрағасы Ёсихидэ Суга, Азия саяси партияларының халықаралық конференциясы ұйымы атынан оның негізін қалаушы және тең төрағасы Хосе де Венеция және басқасы құттықтау жолдады. Дмитрий Медведев Қазақстанның Тұңғыш Президентін Nur Otan партиясының мерейтойлық ХХ съезінің өтуімен шын жүректен құттықтайтынын жеткізді. «Құрылғаннан бергі уақытта Сіздің партия елдің саяси өмірінде ерекше орынға ие болды, көшбасшы саяси күш ретінде өз тұғырын нығайтты, маңызды саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге қабілетті екенін паш етті. Біздің елдерімізді дәстүрлі түрде достық пен тату көршілік қарым-қатынастар байланыстырады. Біз Қазақстан мемлекеті басшылығының Ресеймен көпжақты ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы күш-жігерін толығымен қолдаймыз. Бұл біздің халықтарымыздың тұғырлы мүдделеріне сәйкес келеді, сондай-ақ еуразиялық континенттегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға септеседі. Nur Otan мен «Единая Россия» партиялары арасында ашық және сенімді қатынастар қалыптасқанын, оның стратегиялық әріптестік пен одақтастық рухында үдемелі түрде дамып келе жатқанын үлкен қуанышпен атап өткім келеді», – деген Д.Медведев Елбасыға зор табыстар мен мықты денсаулық, ал Nur Otan партиясына – Қазақстан халқының игілігі үшін одан әрі қызмет ете беруін тіледі. Қытай Коммунистік партиясының Орталық комитетінің Бас хатшысы, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ҚХР компартиясы мен жеке өз атынан Нұрсұлтан Назарбаевты мерейлі межемен құттықтады. Сондай-ақ Елбасының басшылығымен Nur Otan партиясының ұлы істерде, Қазақстанның ұзақмерзімді стратегиялық мұрат-мақсаттарын жүзеге асыруда үлкен жетістіктерге жетуіне тілектестік білдірді. «Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік қатынастар үдемелі дамуда. Саяси өзара сенім үздіксіз тереңдеуде. «Бір жол және бір белдеудің» бірлескен құрылысы жемісті нәтижелер әкелуде. Халықаралық істерде тығыз өзара іс-қимылға берікпіз. Коронавирус індеті тарай бастағалы бері екі елдің халықтары бір-біріне елеулі материалдық және рухани көмек көрсетті. Қытай компартиясы мен Nur Otan партиясы тығыз әрі достық қарым-қатынастан табан аударған емес, билеуші партиялар ретінде тәжірибе алмасуды нығайтуда, екіжақты қатынастарды өркендетуде маңызды рөл атқарады», – деп жоғары бағалады қытай лидері. Ол Елбасымен бірге екі ел халықтарының игілігі үшін партияаралық және мемлекетаралық стратегиялық қатынастардың қуатын арттыруға күш салуға дайын екенін мәлімдей келе, Nur Otan-ға ірі жетістіктер, Қазақстанға – өрлеу мен ұлылық, ал қазақстандықтарға – бақыт пен әл-ауқат тіледі. Жапония Премьер-министрі, осы елдің жетекші Либералдық-демократиялық партиясының төрағасы Ёсихидэ Суга өзі және партиясы атынан Nur Otan партиясының XX мерейтойлық съезінің өткізілуімен шын жүректен құттықтайды. – Nur Otan партиясы құрылған күннен бастап Қазақстанның басты саяси партиясы ретінде елдің дамуына қолайлы жағдайлар жасап келеді. Сіздің көп жылғы салиқалы басшылығыңызбен Nur Otan партиясының кең ауқымды ұлттық міндеттерді шешудегі белсенділігін жоғары бағалаймын. Жапония мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдетуде маңызды рөл атқаратын партияаралық достық байланыстар жылдан жылға қарқынды дамуда. Жапонияның билеуші партиясының төрағасы ретінде Жапония мен Қазақстанның өзара түсінушілікке негізделген парламентаралық және партияаралық қарым-қатынастары алдағы уақытта да кең көлемде дами түсеріне сенімдімін, – деді Ёсихидэ Суга. Түркия Президенті, Әділет және даму партиясының төрағасы Реджеп Тайып Ердоған өзі және түрік халқы атынан құттықтай отырып, Nur Otan партиясына «Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуының негізгі тіректерінің бірі» деп биік бағасын берді. – Nur Otan партиясы Қазақстанның дамуы және қазақ халқының гүлденуі үшін соңғы 20 жылдан астам уақыт ішінде үлкен күш-жігер жұмсап келеді. Съезде қабылданған шешімдер Сіздің көреген жетекшілігіңіз арқасында Nur Otan партиясының Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін күн өткен сайын арттыра беретініне сенімдімін. Nur Otan партиясы елде ішкі бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуі арқылы Қазақстанның Еуразия кеңістігінде және жаһандық деңгейде халықаралық қатынастардың маңызды ойыншысына айналуына үлкен ықпал етті, – деді Р.Ердоған. Елбасының және көшбасшы партияның тарихи рөліне кеңірек тоқталған Түркия басшысы партияның және қазақ халқының табысы табысқа жалғаса беруін тіледі. Қазақстанның Тұңғыш Президентіне және Nur Otan партиясына Азия саяси партияларының халықаралық конференциясы ұйымы атынан оның негізін қалаушы және тең төрағасы, Филиппин өкілі Хосе де Венеция, ұйымның Тұрақты комитетінің тең төрағасы, Оңтүстік Корея Президентінің арнайы кеңесшісі Чан Ю Янг те құттықтауларын жолдады. Азияның 52 елінен 350-ден астам жетекші партияларды біріктіретін Азия саяси партияларының халықаралық конференциясы ұйымы атынан құттықтау: «Құрметті Нұрсұлтан Назарбаев мырза, – Азия саяси партияларының халықаралық конференциясы атынан Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХ съезіне орай біздің жылы лебіздеріміз бен құттықтауларымызды қабыл алыңыз. Соңғы екі онжылдықта Nur Otan партиясы көптеген этникалық және мәдени топтардың мүдделерін үздіксіз қорғай отырып, Қазақстандағы қоғамдық үйлесімділік пен ұлттық бірліктің нығаюына қомақты үлес қосты. Сонымен қатар, Nur Otan әйелдер мен жастардың мемлекеттің саяси өміріне қатысуына жол ашып, әлеуметтік интеграцияны алға ілгерілетуде. Nur Otan партиясының жетістіктері бәсекеге қабілетті білім беру жүйесін дамыту, денсаулық сақтау сапасын арттыру, инфрақұрылым мен жеке секторға инвестициялар тарту арқылы экономиканы нығайту сияқты салалар бойынша да айқын көрініп отыр. Сіздердің партияларыңыз азаматтардың мұқтаждықтарына қызмет ету мақсатында бұрынғыдай дами отырып, өзгере беретініне сенімдіміз. COVID-19 өршуі мен жаһандық экономиканың баяулауына байланысты, саяси көшбасшылардың арасындағы ішкі және халықаралық ынтымақтастық бұрынғыдан да маңыздырақ болмақ. Азия саяси партияларының халықаралық конференциясының мүшелері және Біз қазіргі сын-қатерлерді шешуде Nur Otan партиясымен одан әрі диалогқа, ынтымақтастыққа және достыққа үміт артамыз»