Ауылда жұмыс көп, маман жоқ
Ауылда жұмыс көп, маман жоқ
215
оқылды

Ауыл шаруашылығына маман жетпей жатыр. Жоғары оқу орындарынан жыл сайын 5 мыңға жуық түлек бітіріп шыққанымен ауылға қайтпайды. Сондықтан салаға маман дайындауда мемлекет есебінен беріліп жатқан гранттық жүйеден несиеге оқытуға ауысуды қарастыру қажет. «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАК басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбеков осындай ұсынысты ортаға тастап отыр. Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте ғалым аграрлық саланың өзге де өзекті мәселелерін айтты.

Төлеутай Рахымбековтің ай­туын­ша, «ҚР Білім туралы» заңы­на өзгерістер енгізілген. Енді оқу бітірген студент ауылдық жерде орналасқан аграрлық мекеме­лер­де кемінде 3 жыл жұмыс істеуге мін­детті болады. Сондай-ақ атал­ған өзгеріс агроөнеркәсіпке кво­та­мен жұмысқа орналасуға мүм­кін­дік бермек. Бұл тұрғыда Т.Рахымбеков Польшадағы уни­вер­ситеттердің жұмысын мысалға кел­тіреді.

«Польшада университетке қабылданғаннан кейін өтініш беруші, университет, Білім министрлігі мен жұмыс беруші арасында төртжақты келісім жасалады. Оқуды бітіргеннен кейін түлек мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс істеуге міндетті. Бізге де осындай жүйе керек, себебі жыл сайын бюджет­тен студенттің оқуына деп қара­жат жұмсалады. Егер несиелік жүйеге оқып шыққан түлек ауыл­ға барып жұмыс істеуден бас тарт­са, несиесі коммерциялық несие­ге айналып, оны қайтаруға мін­дет­ті болар еді» деді ол.

Әрине, ғалымның мұндай ұсы­ныс жасауына негіз бар. Ауыл­­­­­­дық жерлерде агроном, вете­ри­нар тапшы. Жұмыс істеп жүр­ген мамандардың жасы елуді ең­се­ріп қалған. Яғни, олар зейнетке шық­қанда орнын басар кадр қал­мауы мүмкін. Білім және ғы­лым министрлігінің мәліметін­ше, ауыл шаруашылығы маман­ды­ғын бітіріп шыққан студент­тер­дің 68% ғана жұмысқа орнала­са­ды, қалғаны қалада қалып, өзге саланы таңдайды. Бұл жұмыс жоқтықтан емес. Бос жұмыс орны көп, бірақ барлығы ауылда. Биыл жазда ғана Батыс Қазақстан об­лы­сында шекарадағы фито­са­ни­тар­лық бекеттерге 50-ге жуық агроном мен ветеринар маман же­тіс­пейтіні айтылды. Ал респуб­лика бойынша аргосекторға екі мыңнан астам маман қажет екен.

Ауылдық жерге маман жетіс­пей­тінін былтыр Сенат депутаты Әли Бектаев та қозғап, Үкіметке арнайы сауал жолдағаны есімізде. Сенатордың айтуынша, жастарды ауылға тұрақтандыру үшін қабыл­дан­ған «Дипломмен ауылға» бағ­дар­ламасы шеңберінде соңғы үш жылда ауылға 56 маман ғана жі­­берілген. Ал республика бо­йын­ша 2 мыңнан аса маман қажет.

«Гранттарды бөлу кезінде ма­ман­дарға қажеттілік, оқу орын­да­ры­ның материалдық базасы, пе­да­­­гогтардың біліктілігі ескеріл­мей­ді. Мысалы, аграрлық маман­дық­тар бойынша 2018-2019 оқу жылына қарастырылған 2077 мемлекеттік гранттың жартысына жуығы негізінен гуманитарлық, құрылыс, байланыс, техникалық жоғары оқу орындарына бөлінген. Жо­ғары оқу орындарының көп­ші­лігі ескі құрылғылар мен техно­ло­гияларды пайдаланады, ауыл шаруа­шылығы бойынша тәжіри­бе­лік алаңдары жоқ, ал оқыту­шы­лар­дың басым бөлігі өндірісте бір күн де жұмыс істемегендер. Оқу бітірген түлектердің тұрақты жұ­мыс­қа орналаса алмауының не­гіз­гі себебі де осында жатыр» дег­ен еді Ә.Бектаев.

Ауыл шаруашылығына маман дайындау мәселесінде шетелдік тәжірибені де ескерген жөн. Мә­се­лен, Нидерландта жас фермер­лер­ге несиені ең төменгі пайызбен береді. Мемлекеттің қаржылай қолдауынан кейін жас маман агро­секторда жұмыс істеуге ниет­ті. Осы жүйенің арқасында ала­қан­дай ғана Нидерланд дүние­жү­зін­де ауыл шаруашылығы өнімі­нің көлемі бойынша екінші орынға шыққан. Голландиялық­тар жылына 700 келі ірімшік өнді­ріп, оның төрттен үшін әлемдік нарыққа шығаруда. Ал біз аграр­лық әлеуетімізді дұрыс пайдалана алмай, әлі күнге маман таппай отыр­мыз.

Кеңес Одағы кезінде ветери­нар мен агрономға айрықша көзқарас болды. Мал дәрігерлері қысы-жазы шаруашылықтың ішін­де жүріп, төрт түліктің жай-күйін қағадалап отыратын. Со­ның арқасында Қазақстанда егін шаруашылығы да, мал шар­уа­­шылығы да өркендеп өскенін білеміз. Алайда бүгінгі күні оқу бітірген жас маман ауылға қайтуға құлықты емес. Шаруашылық ие­сі­не кеңес беріп отыратын кәсі­би кадрлардың азайып кетуі­нен са­ла­да көптеген проблема қалып­тас­­ты.

Жастардың ат-тонын ала қа­шуы­ның басты себебі – ауылда ай­лық аз. Еліміздегі ең төменгі жа­­лақы ауыл шаруашылығы сала­сын­да екені рас. Екіншіден, дәл қазіргі таңда көп ауылдың жағ­дайы кісі қызығарлықтай емес. Жүдеп-жадаған ауылға ба­рып жұмыс істеуге жастарды күш­теп көндіру нәтиже бермесі анық. Өз еркімен бармаған ветеринар мен агроном мал мен жерге жаны ашып қарай қоя ма? Сондықтан ал­дымен ауылдағы жас маманға лайықты жағдай жасалуы тиіс. Ауылдық жерлерде жаңа кәсіппен айналысу үшін жеңілдетілген несие беріп, мем­ле­кет тарапынан субсидия бөлуді қарастыру қажет. Агро­өн­діріс саласына барған жас­тар­дың үздік бизнес-жоба­лары үшін гранттар тағайындаса да ар­тық етпес еді. Нақты қолдаусыз шаралары жа­сал­май жастарды ауылға қайтару мүмкін емес.