Бюджет қаржысы тиімді игерілуі тиіс
Бюджет қаржысы тиімді игерілуі тиіс
194
оқылды

Nur Otan партиясының партиялық бақылау комитетінің отырысында орталық және жергілікті атқарушы органдардың тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету бағдарламасын іске асыруда бюджет қаржысын тиімді пайдалану мәселесі қарал­ды. Жұмысшы тобы мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды іске асыру қоры­тындысын, бақылау комиссиясы тексерісінің нәтижесін, БАҚ жарияла­ным­дары мен осы тақырыпқа қатысты партияның қоғамдық қабылдауларының ақпараттары жөніндегі материалдарды зерттеді.

Жұмысшы тобының жетек­шісі Сәкен Естайдың айтуынша, 2011-2019 жылдары сумен жаб­дық­тау мен су тарту секторына мемлекет 2 688 жобаны іске асыру үшін 850 млрд теңге инвес­тиция құйған. 2019 жылы ауыл тұрғындарының 62%-ын орталықтандырылған сумен қамта­масыз етіп, ал қалада оны 97%-ға дейін жеткізу жоспар­ла­нып отыр.

– Қалаларда орталық­тан­ды­рыл­ған сумен жабдықтау мәселе­сі шешіліп жатқанымен, ауылды жерлердегі жағдай әлі де күрделі. Мысалы, 6 499 ауылдың тек 3 892-і ғана орталықтандырылған сумен жабдықталып, 1,2 млн тұрғыны бар 2 607 ауыл оған әлі қол жеткізе алмай отыр. Көпте­ген ауылдардың тұрғындары жер­гілікті қайнар көздерді, құдық­тардың, ұңғымалардың және жер үсті суларын пайда­ла­нып, сырттан әкелетін суды ішіп отыр. Тұрғындардың нормативті сапа стандартына мүлде сәйкес келмейтін суды пайдаланып отырғандары да бар, – деді Сәкен Естай.

Жұмысшы тобының жетек­шісі өңірлік комитет дайындаған материалдардың сапасыздығына комитет мүшелерінің назарын аударды. Көп жағдайда ұсыныл­ған ақпараттарда статистикалық мә­ліметтер мен мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды іске асыру барысы туралы жал­пы­­ла­ма мағлұматтар ғана бері­ліп, проблемалық нысан­дар­ға бай­ланысты деректер, осы мәсе­лелердің талдауы мен олар­ды шешудің жолдары бола бермейді.

– Мысалы, Павлодар облы­сын­­дағы Құлакөл мен Қарасор ауылының тұрғындары темір­жолдың арқасында ауызсумен қамтамасыз етіліп келеді. Әке­лі­нетін 120 тонна су бірнеше күнге ғана жетеді. Су арнайы жи­нақтағышқа құйылып, колон­ка­лар арқылы тәулігіне бірнеше сағат бойы ауылға беріліп тұра­ды. Бұл ауылдар 2018 жыл­дың соңына дейін орталықтандырыл­ған сумен жабдықталуы тиіс болып, осы жобаға 750 млн теңге бюд­жеттік қаржы бөлінгені бел­гілі. Әкімдіктегілер тұр­ғын­дарды құрылыстың аяқтал­ға­ны­на сендіріп, ұсақ-түйек жұмы­с­тар­дың ғана қалғанын айтқан болатын. Бұл жерде аудандық және өңірлік партия ұйымдары­ның, өңірлік Партиялық бақылау комиссияларының жігерсіздігін айта кеткен ләзім. Есептерінде деректерді тізіп бергеннен бөлек, орталықтан нұсқау күтпей ахуал­ды түзеуге байланысты жергілікті жерлерде шаралар қабылдау қажет, – деп атап өтті ол.

Бұдан да сорақы жергілікті билік­тің әрекетсіздігі Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауда­нында тіркелді.

– Ауданның мыңдаған тұр­ғын­­­ы ауызсусыз қалған, өйт­кені сумен қамтамасыз етуді іске асыруға байланысты 6 жоба қағаз жүзінде ғана жүргізіліп, құрылысшы-мердігерлерге істе­ген жұмысының толық көлемі үшін бюджеттен ақша төленген. Аягөз қаласының өзінде 10,5 мың адам орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілмей қалса, 37 мыңына су тартылған жоқ. Дей тұрсақ та, тек 2018 жылы ғана Аягөз ауданына сумен қам­та­­масыз ету және сумен жаб­дықтау нысандарын жүргізу мен қайта құруға республикалық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлін­гені мәлім. Сол кезде аудан­дық мәс­лихат депутаттары қайда бол­ды, аудан тұрғындарының ша­ғымдары мен өтініштерін олар қалай естімей қалды? Ау­дан­ды он жылдан астам бас­қар­ған Аягөз ауданының бұрынғы әкімі Бақытжан Баяхметовке қоятын жеке сауалымыз бар. Өзіне сеніп тапсырылған аудан­да­ғы жоғарыда айтылған мәсе­ле­лерді оның білмеуі мүмкін емес. Ауданның лауазымды тұл­ға­лары мен басшылары – партия мүшелерінің іс-әрекетіне өз ба­ға­­мызды беріп, аталған аза­мат­­тарды партиядан шығару ту­ра­лы мәселе көтеруіміз керек, – деді Партиялық бақылау комитетінің мүшелері.

Nur Otan партиясының пар­тия­лық бақылау комитеті оты­ры­сының қорытындысы бо­йын­ша, тұрғындарды ауызсу­мен қам­тамасыз етуге бөлін­ген бюд­жет­ қаражатын жұм­сау сала­сын­дағы анықталған кем­­­ші­лік­терді жою жөніндегі жұмысты жеке бақылауына алу үшін пар­тия­ның аудандық филиалының төра­ғасына ұсы­ныстар айтылды. Сонымен бірге кейбір өңірлер­дегі партия­лық бақылау комис­сия­сының төрағаларын қызме­ті­нен босату мәселесі көтерілді.

Бұдан бөлек, партияның тиіс­­ті өңірлік филиалының Сая­си кеңес бюросына Аягөз ауда­ны­­ның бұрынғы әкімі, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Баяхметов пен өңірдегі басқа да бірқатар партияластарға қатыс­ты партия­лық шара қолдану ұсы­­ныл­­ды.

 

Әбілмансұр ЖАСАН