Байлар да арзан үйге қызығады

Байлар да арзан үйге қызығады

Мемлекеттік бағдарламаларды «сауынды сиырға» айналдырғысы келетін алаяқтар легі тыйылар емес. Соның бірі «мембағдарлама бойынша аз қамтылған отбасыларға үй алып беремін» деп біраз адамды сазға отырғызып кеткен.

Ұсталған 60 жастағы М. есімді алаяқ әйел бұдан бұрын да ұқсас қылмыс жасап, сотталғаны анық­талды. Ол халық сенуі үшін өзін бел­гілі бір партияның мүшесі ретінде таныстырып, адамдардың сеніміне кіріп отырған. Сөйтіп, олардың ірі көлемдегі барлық жинағын ием­деніп кеткен. – Ол өз құрбандарын таныс­тарының ара­сынан іздестірген. Бір ғажабы, алаяққа алданған кейбір азаматтардың әлеуметтік жағдайы жоғары болып шықты. Соған қара­мастан олар аз қамтылғандарға ар­налған бағдарлама бойынша пәтер алуға ниет білдірген. Әйел оларға тез арада пәтерді алдын-ала кезекке қою үшін төлем-жарна жасауды ұсынған. Осылайша ол жәбірленушілерден 300 мыңнан бастап, 1,5 миллион теңгеге дейінгі көлемде ақша алып отырған. Алаяқ әйелдің арам пиғылына алдан­ған кейбір азаматтар өздерінің соңғы ақшаларын ұстата салса, кейбіреулері несие алуға дейін барған, – деп мәлімдеді Алматы қаласы Бостандық аудандық Полиция бас­қармасы жанындағы полиция бөлімінің бас­тығы Ғалым Қасымбаев. Шынында қу әйел ешкімге көмектесуге ниетті болмаған. Сал­дарынан зардап шек­кендердің еш­қайсысына пәтер тимеді. Ал алаяқ ал­дап жиған қаражатты жеке мүд­десіне жұмсап жіберген. Әзірге күдіктінің 8 алаяқтық қыл­мысқа қа­тыстылығы әшкереленді. Қыл­мыс­тық кодекстің 190-бабының 3-тар­мағының 4-бөлімі бойынша қыл­мыс­тық іс қозғалды. Тергеу амалдары жал­ғасуда.

Ерік ЕРДЕНОВ