Қасым ханға құрмет

Қасым ханға құрмет

Қасым ханға арналған мону­­мен­талды ескерткіш бой кө­те­реді. Ес­керткіш Сарайшық қала­­шығының маң­ынан орын теп­пек. Бұл туралы Премьер-Министр Асқар Мамин Мәжіліс депутаттарына берген жауа­бында айтты.

Депутаттар Сарайшық қалашығына қатысты кешенді жоспар күтті. Тақырып бойынша Үкіметке сауал жолдады. Үкі­мет басшысы сауалға жауап беріп, республикалық бюджеттен 52,2 млн теңге қарастырылғанын айтты. Аталған қа­ржы «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы» РМҚК қызметін қамтамасыз етуге жұм­­салмақ. Сарайшық қалашығын кон­сервациялау мен қалпына келтіруді қамтамасыз ету үшін 58 млн теңге бөлінеді. Аталған қаржы 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасынан қарастырылмақ. Одан бөлек музей-қорықтың қыз­ме­­тін қамтамасыз етуге 163,1 млн теңге жұмсалады. Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігіне музей-қо­рық­тың материалдық-техникалық база­сы мәселелерін қосымша қарау тапсырылды. Олар 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақ­­тылау кезінде база мәселесін жіті қадағалайды.

Сондай-ақ Асқар Мамин Алтын Орда­ның 750 жылдығын республикалық деңгейде мерекелеу жоспарланғанын айтты. Осыған орай, 2020 жылға арналған мереке жобасы әзірленді. 2019 жылы 10-11 қазан күні музей-қорықта «Жошы ұлысы және Сарайшық – Қазақ мемлекеттілігінің бастауында» атты ха­­лықаралық ғылыми-тәжірибелік кон­ференция өткен. Жиынға Түркия, Ресей, Қытай мен Германиядан келген ғалымдар қатысқан. Іс-шара барасында музей-қорықтың виртуалды нұсқасы таныстырылған.

– Келесі жылы музей-қорықта Кер­уен сарайдың, ортағасырлық Са­рай­шық қалашығы цитаделінің қақпасы қалпына келтіріледі. Сарайшық қала­шы­­ғының маңында Қасым ханға мону­менталды ескерткіш орнату жос­­пар­ла­нып отыр, – дейді Үкімет бас­шы­сы.

Қазіргі таңда ғылыми-реставра­ция­лау жұмыстарын жүргізуге ғылыми-жобалау құжаттамасы әзірленіп жа­тыр. Асқар Маминнің сөзінше, 2020 жы­лы ортағасырлық Сарайшық қала­шы­ғы­ның қорғау аймақтарын анықтау бойынша жұмыс жүргізіледі.

 

Айбике ЖАНАСЫЛ