Әкімдер аламанға дайын ба?
Әкімдер аламанға дайын ба?
154
оқылды

2021 жыл сайлау жылы болғалы тұр. 10 қаңтарда Мәжіліс пен жер­­­гілікті барлық мәслихат де­пу­тат­тарының додасы өтетіні мә­­лім. Бұ­дан бөлек, қала, кент және ауыл әкімдерінің сайлауы ұйым­дас­ты­рылмақ. Бір қызығы, әкім сайлау келесі жылы екі рет өтеді екен. Осы­ны қа­растыратын жаңа конс­ти­туциялық заң жобасы әзір және қо­ғамдық талқыға ұсынылды.

Сайланғаны тағайындалғанының шылауында

Жалпы, ауыл әкімі бұрын да сай­ланған. Ондай эксперимент алғаш 2005 жылы пилоттық 4 ауданды қамтыды. Келесі жылы тәжірибе барлық облысқа таратылды. Айт­­пақшы, сонда қай қала мен ауылдың «әкім орынтағы» сайлауға таста­латынын анықтау құзыры облыс әкімдеріне берілді. Нәти­жесінде, Ақтөбе, Атырау, БҚО, СҚО, Жам­был, Қызылорда облыстары сай­лауға бірде-бір қаласын «қи­мады». Сөйтіп, 2006 жылғы 20 қазанда сол кездегі 196 аудан мен об­лыстық маңыздағы қаланың 30%-ында «әкім-дода» ұйымдастырылған. Сайлау қорытындысында рес­­­­публикада 49 аудан орталығы мен 10 облыстық маңызы бар қаланың (Степногорск, Текелі, Риддер, При­озерск, Сәтпаев, Теміртау, Руд­ный, Жаңаөзен, Екібастұз және Арыс қалала­рының) басшысы өзге әріп­тестерінен «сай­ланған» деген ай­­қындауышымен дараланып шыға келді. Рас, одан басқа ерекшелігі жоқ-тын. Иелігінде жеке бюджеті болмаған соң сайланғаны да жоғары тұрған, тағайындалған әкімге қол жаюға мәжбүрленді. Тиісінше, соған тәуелділікке түсті, ашса алақанында, жұмса жұдырығында болды. Ол кезде республикада бюджет тек 3 дең­гейден ғана тұратын: бі­ріншісі – рес­пуб­ликалық бюджет. Екіншісі – облыстық бюджет, рес­пуб­ликалық маңыздағы қала­лар­дың бюджеті. Үшіншісі – аудандық және облыстық маңыздағы қалалар бюд­жеті. Ал ауыл-кент бюджеті де­ген бол­майтын. Оларға тек Қаржы ми­нистрлігінің қазына­шы­лығында ашыл­ған және ау­дандық бюджет құрылымына жататын есепшот қана тиді. Мұндай жағдайда әкім сай­лау­дың көз­бояушылық екені бай­қалды. Сондықтан заң қабылданып, 2018 жылдың 1 қаңтарынан елімізде бюджеттің 4-ші деңгейі енгізіле бастады. Бұл деңгейге аудандық маңыздағы қала, ауыл, кент және ауылдық округтер кірді. Бюджеттің жаңа деңгейі алдымен екі жыл бұрын 2 мыңнан көп тұрғыны бар шаһарлар, ауыл-кенттерде пайда болды. Ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан бері бұл қатарға екі мыңнан да аз тұрғыны қалған шағын ауылдар қосылды. Олардың бәрінің енді төл бюджеті бар. Оны толтыруға да, шығындауға да жергілікті әкім жауапты. Соған қарамастан, сайланған әкімдер әлі күнге аудан және облыс әкімінің айдауынан шыға алмай жүр. Бұған ауыл бюджетінің аздығы, ау­дан бюджетінен дотацияланатыны, ауылдықтардың жоғары билік өкіл­дерінен ығатыны және басқа да фак­торлар себеп. Оның үстіне, жоға­рыдағы әкім кез келген уақытта өзіне ұнамаған «сайланған әкімді» орны­нан алып тастау өкілеттігіне ие. Негізі, әкімдердің жаппай сай­лауы 2013 жылғы 5-9 тамыз аралы­ғында дүркіреп өтті. Барлығы 7 мил­лион 632 мың қазақстандық тұратын аудандық маңыздағы қала­лардың, ауылдық округтердің, кенттер мен ауыл­дардың 2 454 әкімі 4 жылға сайланды. Әкім аламанына шамамен 7 мыңдай кандидат қатысты. Қазіргі кезде сол 2,5 мың сайланған әкімнің қаншасы орнында отырғанын білмек болдық. Алайда ондай ста­тистика жүргізілмейтіні анықталды.

Неге бұл «әкімдердің алғашқы сайлауы»?

Ұлттық экономика министрлігі алдағы әкім сайлаудың құқықтық тұғырын қа­лыптастыратын қос заң жобасын – «Сайлау туралы» консти­туциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» конс­ти­туциялық заңының, сондай-ақ «Кейбір заңнамалық актілерге сай­лау мәселелері бойынша өзге­­­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын әзірледі. Олар бірнеше жаңалықтан тұрады. Біріншіден, тек аудандық маңы­зы бар қалалар әкімдерін сайлау ғана облыстық бюджет мойнында қа­лады. Ал ауыл, кент, ауылдық округ әкiмiнiң сайлауын Орталық сайлау комиссиясы республикалық бюджет қаражатына өткізбек. «Ауыл-кент әкімдерінің сайлауы құпия дауыс беру тәсілімен тікелей сайлау құқығы негізінде өткізіледі. Яғни, ол Президент, Мә­жіліс, мәс­лихат сайлауына ұқсас, ал бұлар республикалық бюджеттен қаржы­лан­ды­рылады. Осыны ескере оты­рып, біз сайлау өткізудің осы жолға қойылған, ұтымды жұмыс істеп тұр­­ған тетігін пай­да­лануымыз қажет және бұл сайлауды Орт­сайлауком арқылы республикалық бюджет есебінен қаржыландыруымыз керек деп есеп­тей­міз», – деп түсіндірді Ұлттық эконо­мика министрі Руслан Дәленов. Екіншіден, заң жобасында көр­сетіл­гендей, тек ауыл, кент, ауылдық округ әкiмiн ғана жергілікті тұр­ғындар тікелей сайлап ала алады. Ал аудан және аудандық маңыздағы қалалардың әкімдерін сай­лаудың сапы­рылысында тұрғындар «ат тер­лете» алмайды: олардың орнына таң­дауды «таңдаушылар» (выбор­щики) жүзеге асырады. Бұл мәртебе мәслихат депу­таттарына берілген: 2021 жыл­ғы 10 қаңтарда сайланатын мәслихаттар келесі жылы қа­лалар әкімдерін сайлайтын болады. Билік бұған маслихаттардың бедел-қары­мын көтеру үшін барып отыр. Әділін айтайық, жаңа заң жо­­басының бір жаңалығы да осында: бұған дейінгі сай­лаулардың бәрінде, яғни аудан, қала, ауыл, кент әкім­дерінің бәрін тек мәслихат депу­таттары сайлайтын, былайғы жұрт алыстан бақылап, не болып жат­қанынан бейхабар қалатын. Ал келесі жылы жанама сайлау орнына, тікелей сайлау енгізіледі: барлық ауылдық өз әкімін өзі сайлап алу үшін дауыс беруге ағыл­мақ. Би­лік өкілдерінің және ақпарат құрал­дарының «Қазақстан тари­хындағы тұңғыш әкім сайлауы» деп дәріптеуі де осыдан. Әйт­песе, әкім­дерді сайлау 2005 жыл­дан бері жүріп жатқанын айттық. Үшіншіден, аудан әкiмiне ауыл, кент, ауылдық округтің сайланған әкімінің өкі­леттігін тоқтату құзыры беріледі. Бірақ сон­дай шешім қа­былдамас бұрын аудан әкімі ауыл-кент тұрғындарын жинап, жергілікті қоғамдастық жиынының келісімін алуы тиіс. Сонымен қатар сайланған әкімді орнынан алып тастау туралы бастаманы жергілікті тұрғындар да көтеріп, аудан әкіміне ұсы­ныспен шыға алады. Ал қаланың сайланған әкімін аудан әкімі өз бетінше қызметінен қуа алмайды: ол ниетін жүзеге асыр­ғысы келсе, жергілікті қауымдас­тықтың ғана емес, сондай-ақ облыс әкімінің келісімін алуы шарт.

Әкім болғың келсе, 2,5 миллион теңге жина

Төртіншіден, үш мегаполистің, сондай-ақ облыс орталығы сана­латын қалалардың әкімдері сайлан­байды. Олардың канди­да­турасын Президент бекітеді. Бесіншіден, аудандық маңызы бар қа­лалар, ауылдар, кенттер әкі­мінің орын­та­ғына жасы 25-ке толған азаматтар таласа алады. Дегенмен мұнда да шектеу бар. Қала әкімінің сайлауына кандидаттарды аудан әкімі ғана ұсынады. Үміткерлер саны екеу не одан көп болуы мін­детті. Аудан әкімі ол кандидатураларға жер­гілікті қауымдастық жиынының келісімін алуы тиіс. Ала алмаса, ұсына алмайды. Яғни, қала әкімінің кім болатынына тұрғындардың ық­пал етуіне бәрібір мүмкіндік болады. Жаңа заң жобасының бір жаңа­лығы да осы: қолданыстағы тәжірибе бойынша тек қаланың ғана емес, сонымен қатар ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі лауазымына кандидаттарды тек аудан әкімі ұсы­натын. Салдарынан өзін-өзі ұсы­нушылар жіберіл­мейтін. Енді ауыл-кент бұл шектеуден құ­тылмақ. Ауыл-кент әкімінің канди­дату­ра­сын саяси партиялар да ұсына алады. Үміт­кер ауыл-кенттегі дауыс беру құқығы бар тұрғындардың кем дегенде 1%-ының қолын жинап, тапсыруы керек. Алтыншыдан, кандидаттың сай­лау қо­рының жалпы сомасы ең төмен жалақы (ЕТЖ) мөлшерінің 50 есе көлемінен ас­пауы тиіс. Келесі жылға ЕТЖ 42 500 теңге көле­мінде бекітілді. Ендеше ауыл әкім­дігіне басшылық етуден үміткерлер сайлау нау­қанына 2 миллион 125 мың теңгеден артық шығындай алмайды. Бұл сомаға оның төл қаражаты және өзгеден жинаған қайы­рым­дылық қаржылары кіреді. Мұн­дай лимит болмаса, бай кандидаттар қар­жыны аяусыз шашып, кедейлеу, бірақ лайық­­ты бәсе­келестеріне еш мүм­кіндік қалдырмас еді. Жетіншіден, әкім-дода 1 жылда 2 мәрте ұйымдастырылады. «Ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің кезекті және кезектен тыс сайлауы жылына екі рет, сәйкесінше тиісті жылдың сәуірінің бірінші жексенбісі мен қазан айының бірін­ші жексенбісінде өткізіледі. Ол Қа­зақстан Пре­зидентінің сайлауы­мен немесе Парла­менттің жаңадан құ­рылуымен сәйкес кел­меуі керек», – делінген заң жобасында. Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша таңғы 07.00-ден кешкі 20.00-ге дейін өт­кізіледі. Әкімнің сұрауымен бұл уақыт өзге­руі мүмкін. Бірақ сайлау учаскелерін таңғы 06.00-ден ерте ашуға және 22.00-ден кеш жабуға тыйым салынған. Яғни, қажет­тілік туындаса дауыс беру мерзімін осы аралықта жылжытуы ықтимал. Әкімдерді сайлау – демок­ратияны ны­ғайту, жергілікті халық­тың билікті бақы­лаудағы рөлін және ықпалын арттыру, сон­дай-ақ дамы­ған елге айналу жолындағы маңызды қадам. Парламент пен ел Үкіметі Ел­басы бастаған реформалар ая­сында жер­гілікті бюджеттер табысын арттыратын әрі орталық бюджетке тәуелдігін азайтатын заңдар қа­был­дауда. Мысалы, шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы енді орталық бюджетке алып қойыл­майды, жергілікті бюд­жет еншісінде қалады. Тиісінше, қай ауылда бизнес гүлденсе, кәсіп­орындар өндірісінің көрігі қызса, сол ауыл бай болады. Өз ісіне мығым, кәсіпкерлікті гүл­дентудің мәнісін білетін ауыл әкімі елді ме­кен қа­жеттілігінен асып түсетін түсім жинап, мил­лиар­дер ауылға айналдырып, орталыққа ала­қан жаймайтын күйге жетуі де ғажап емес. Саясаттанушылар ауыл-қала әкі­мін сай­лау рушылдық пен ұлтшыл­дықты қозды­ратынын айтады. Мысалы, ірі этнос өкілдері шоғырланған елді мекендерде қазақ канди­дат жеңіске жете алмауы әбден мүмкін. Бірақ жеңген кандидаттың сепаратизм секілді қауіпті әрекетке бой ұрмауын билік қада­ғалайды. Мысалы, әр үміткердің сайлау бағ­дарламасына қатысты шектеулер қарас­тырылған, әлеуметтік, ұлттық араздықты қоздыруына жол беріл­мейді. Бұған қоса, заң жобасында сайланған әкімге де мемлекеттік қызметшіге белгіленген талаптар қойы­латыны жазылған. Яғни, мем­лекеттік құ­пиямен жұмыс істей­тіндіктен, олар құзырлы құры­лымдардың тексеруі мен сүзгісінен өтеді. Қалай болғанда да, алдағы жылы ауыл халқын біраз қызық күтіп тұр­ғандай. Әкімді тікелей сайлауға қатысты айтылып келген ұзақ жылғы үрей мен үміттің шындыққа ай­налар-айналмасы да сонда айқындалмақ.

Айхан ШӘРІП