«Ұлттық кино»: жаңа басшы өзгеріс әкеле ме?
«Ұлттық кино»: жаңа басшы өзгеріс әкеле ме?
361
оқылды

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орта­лығына жаңа басшы келді. Есетжан Қосубаев – мәдениет саласынан алыс адам емес. Бұған дейін мәдениеттің тізгінін ұстаған, мемле­кеттік басқару орган­дарында қызмет істеген адам. Қосубаев Гүлнәр Сәрсенованың орнына келді. Ал Сәрсенованың ке­туіне Ұлттық киноны қол­дау мемлекеттік орта­лығындағы тексеріс себеп болуы мүм­кін бе?

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Айқынға» берген сұхбатында: «Бүгін­гі күні Ұлттық киноны қолдау мемле­кет­тік орта­лығының төрағасына қатысты құзырлы органдар тергеу жұмыстарын жүр­гізіп жатыр. Сондықтан бұл іске қатысты ал­дын ала қандай да бір пікір айту ертерек деп санаймын. Тиісті тергеу жұмыстарының ақырын күтейік» деген еді. Өткен жыл бүкіл қазақстандық кине­матография саласы үшін айтулы болғанын атап өту керек. Өйткені республикада «Кине­матог­рафия туралы» заң қабылданды. Ал бұл заңды киногер қауымның күткені қашан! Осы заңның арқасында қазақ кинематографиясын қолдайтын Ұлттық киноны қолдау мемлекет­тік орталығы құрылған еді. Орталықтың атқаратын функциясы көп: мемлекет қаржыландырған фильм про­катынан түскен жалпы табыстың 20 пайызы ұлттық фильмдерді одан әрі дамыту және қар­жы­ландыру үшін киноорталыққа қай­тарылатыны, ал 80 пайы­зын өз компаниясын дамыту, өз қызметкерлерінің дағдысын шың­дау және өндірістің басқа маңызды мәселелері үшін продюсердің алатыны маңызды болып отыр. Алайда «Қазақфильм» киностудиясы мен орталықтың арасында әуелде түсініспеушілік болғаны рас. Киностудияның бұрынғы  бас­шылығы  фильм түсіруге арналған қаражатты бөлу ісін реттеуші қызметін өзіне қайтаруды талап еткен екен. «Қазақфильм» компаниясы дирек­торлығына Ақан Сатаев келгелі бұл мәселенің түйіні тарқаған секілді. Орта­лықтағылардың айтуынша, бір-екі жыл ішінде «Қазақфильм» өзін-өзі қаржылан­дыратын деңгейге жетеді деп отыр. Олардың бай­ламынша, киностудия жылына 600-700 мил­лион теңге жұмсап, шамамен бір миллиард теңге табыс таппақ. «Қазақфильм» киностудиясы директоры Ақан Сатаев киноның қыр-сырын жақсы білетін адам. Дегенмен киностудия өзін-өзі қаржыландыра ала ма? Продюсерлер  «Қазақ­фильмге» қаржыландыру ісін қайтарып беру керек деген пікірде. Ал продюсер Қанат Төре­бай: «Негізінен басшылыққа байланысты. Орталықты басқарған адамның саясаты қандай, мәселе соған келіп тіреледі. Кино туралы заң қабылданды. Сол заң бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылды. Оны құрудағы негізгі идея – «Қазақфильм» кино­студиясын ғана емес, жекеменшік студияларды да қолдау  басты мақсат болды. Бұл бір жағынан кино нарықты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бәсеке­лестік туған жерде сапа болатыны белгілі. Нәтиже қандай болды, оған баға беруден аулақпыз. Өйткені нақты нәтижені енді көре­тін боламыз. Карантинге байланысты әлі толық бір фильм тапсырылған жоқ. Негізі, Есетжан Қосубаев – өте тәжірибелі адам. Өмір бойы өнерде жүрген кісі. Ата-анасы да өнер­дің өз адамдары. Сондықтан бұл кісіден күтетін үмітіміз көп» дейді. Сондай-ақ кей режиссерлер Ұлттық кино­ны қолдау мемлекеттік орталығы емес, «Қазақ­фильм» кино түсіруді қолға алса деген ой айтады. Экс-министр Арыстанбек Мұ­хамеди­ұлы: «Қазақфильм» – өндіруші база. Олар тек өндіріспен айналысуы керек. Бізде жақсы фильмдер бар. Бірақ оның прокаты жоқ. Ақшасын алды, киносын түсірді, лен­таны өткізеді, шаруа бітті. Фильмнің одан кейінгі тағдырына алаңдамайды. «Прокатқа шығардық. Көрермен келген жоқ» деп ауызды қу шөппен сүрте салады. Әлемде кино түсірілмей тұрып, оның жарнамасын ұйым­дас­тырады. Яғни, прокатқа шығару ісі бірінші жолға қойылады. Кино түсіріліп біткенше көпшілік оның жарнама­сына қанық болады. Киноорталықты құрудағы мақсат та осы еді. Ол инвесторларды, продюсер­лерді қызық­тыруы керек» деген еді. Өкінішке қарай, мемлекет тапсырысымен түсірілген фильмдердің прокаты әлі күнге жолға қойылған жоқ. Керісінше, жекеменшік студия­лардың дәурені салтанат құрып тұр. Өйт­кені олар үшін маңыздысы – шыққан шығын­ды ақтап алу. Нарық тұрғысынан келгенде, бұл заңды да. Мем­лекет әлеуметтік фильмдер мен тарихи киноларға ғана қаржы бөлуі тиіс. Қалған фильмдер инвес­торлар арқылы жүзеге асқан жөн. Ал инвестор ақша құйса, сапасына да, прокаты мен жарнама­сына да жауапты болар еді. Режиссерлер осыған дейін «Қазақ­фильмге» толықметражды кино түсіруге қар­жы бөлін­бегенін айтып қамыққан еді. Саты­балды Нарым­бетовтің «Ақша тек майда-шүй­де дерек­ті фильмдер мен жастарға арналған шағын сце­нарийлерге бөлінді. Оның бәрі Ұлттық ки­ноны қолдау мемлекеттік орталығы арқылы бе­ріл­еді. Оған қоса, ақша жекеменшік сту­дияларға беріліп жатыр. Олар бізсіз де өмір сү­ріп, киноларын түсіріп жатыр. Ал мемлекет­тен бөлінген қаржы жекеменшік біреудің компан­иясына беруге қарастырылмаған» дегені де есте. Одан бері бес ай өтті. Қазір шығармашыл қауым Қосубаевтың келгенінен көп үміт күтіп отыр. Режиссер Рүстем Әбдіраш: «Орталықты басқаратын адам тікелей кино маманы не болмаса киногер болмауы керек деп ойлаймын. Ол мәдениет саласын жетік білгенімен, бейтарап адам болғаны дұрыс. Мәселен, біз хат жазған кезде «Ұлттық киноны қолдау орталығын тілді білетін адам басқаруы керек» деген талабымыз болды. Ұлттық киноны қолдау орталығы болғаннан кейін ұлттық киноны білуі тиіс емес пе? Есетжан Қосубаев – мәдениет саласында жұмыс істеген адам. Режиссер-актер, сценарий жазатын адам­дардан хабары бар тұлға. Егер ол кісі режиссер болса, онда мүдделер қайшылығы пайда болар еді. Яғни, өз фильміне өзі қаржы бөліп, у-шу тудыр­майды. Билікке келгесін әр адам әртүрлі қабыл­дайды ғой. Бәрі дұрыс болады деген ойдамыз» дейді. Қосубаев режиссерлер арасындағы дау-дамайды шеше ала ма, жоқ па, уақыт көрсетер. Бастысы, ұлттық киноға көңіл бөлсе – болғаны. Ал қазақ киносының қоржыны биыл қам­пай­майтыны анық. Оған біріншіден, пандемияның да тигізген әсері жоқ емес. Режиссер қауым 2021-22 жылдары жақсы фильмдер қатары толығады деп отыр. Оған Қосубаевтың да үлесі тиері анық. Күтейік!

Айым БЕКТҰР