Қызылорда облысындағы жөнделіп жатқан жолдар талапқа сай емес

Қызылорда облысындағы жөнделіп жатқан жолдар талапқа сай емес

Қызылорда облысының Жалағаш–Жосалы автожолының асфальтбетон жамылғысында жарықтар мен шұңқырлар пайда болған, асфальттың шытынауы байқалады, жол қалыңдығының сәйкессіздігі анықталды.

Бұл туралы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының баспасөз қызметі хабарлады.



«Аталған жол теліміне бұған дейін де 10 рет тексеру жүргізіліп,  жол-құрылыс материалдарынан 61 сынама үлгілері алынған. Олардың ішінде 23 материалдың тығыздық коэффициентіне сәйкес келмейтіндігі анықталды.  Барлық  фактілер бойынша тапсырыс берушіге, мердігерге және уәкілетті органдарға аталған кемшіліктерді жою туралы хаттар жіберілді», – дейді орталық мамандары.



 Аталған жол телімінде 2018 жылдан бері орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Жөнделетін жолдың ұзындығы 27 шақырымды құрайды, ал жөндеу жобасының құны – 736 млн теңге. Тапсырыс беруші –  Қызылорда облысы жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы, мердігер – KAISON Construction ЖШС.



Айта кетейік, аталған жолды тексеруге  «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының»  бас директоры Замир Сағыновтың өзі  барды.  Оның айтуынша, кез келген азамат жол сапасына байланысты өтініштер мен ұсыныстарды орталықтың +7 (7172) 739-739 телефоны арқылы хабарлап айта алады.