Перзентханадағы қателік: 35 жылдан кейінгі кездесу

Перзентханадағы қателік: 35 жылдан кейінгі кездесу

Павлодар облысында осыдан тура 35 жыл бұрын перзентханада белгісіз себеппен екі от­басының балалары ауысып кеткен. Бұл шын­дықтың беті енді ғана ашылып отыр. Туған ата-анасымен қауышқан атпалдай аза­маттардың оқиғасы құдды бір шытырман оқи­ғалы телехикаяның желісі ме дерсіз.

Павлодар облысының Железин ауданында туып-өскен Нариман мен Ержан бүгінгі күнге дейін қалыпты өмір сүріп келді. Мұндай жағдайға тап болатыны екеуінің түсіне де кіріп шықпаған. Тек айналасындағы дос-жаран, таныстарының барлығы бірауыздан «сендер ата-аналарыңа ұқсамайсыңдар де­генді жиі айтатын», – дейді жігіттер. Алайда оған еш­кім аса мән бермеген. Осылай жылдар бір-біріне жалғасып өтіп жатты. Екеуі де отбасын құрып, бала-шағалы болды.  На­ри­ман туған ауылында тұрып жатыр. Ал Ержан Пав­лодар қаласына қоныс аударған. Екеуі бір-бірін та­нымаса да, жерлес болған соң бертін келе ортақ та­ныстары пайда болған. Міне, оқиғаның  өрбуіне осы та­ныстарының пікірі себеп болған. Олар Нариман мен Ержанның бір-бірінің ата-аналарына қатты ұқ­сайтынын айтқан. Тіпті, фотоларын да көрсетіпті. Бұл жайт жігіттерді ойландырмай қоймайды. Жыл­дар бойы елден естіп келе жатқан күмәнді сейілту үшін Нариман облыс орталығына барып, ДНК тестін тап­сырған. – Тестілеудің нәтижесі бойынша Нариман мен әкесінің ДНК көрсеткіштері  99,99 пайызға сәйкес­пей­тінін көрсетті. Төбемізге жай түскендей болды. Одан кейін ол тағы бір тестілеу жасатып, анасының ДНК-сымен сәйкестігін тексерді. Өкінішке қарай, оның да көрсеткіші дәл солай болып шықты. Бұл жағ­дай Нариман мен ата-анамызға қаншалықты ауыр соққы болғанын айтып жеткізу қиын, – дейді Нари­манның жары Махаббат Хамитова. Кейін анықталғандай, Нариман мен Ержан  бір күн­де, 1985 жылы  8 шілдеде Железин аудандық пер­зен­тханасында дүниеге келген. Екі ұл да отбасының тұңғыштары. – Әлі күнге дейін сене алар емеспін. Теледидардан осы тектес оқиғалар туралы көптеген фильмдер, бағ­дарламалар көрдім. Бірақ мұндай жағдай өзімнің ба­сым­нан өтуі мүмкін екенін тіпті ойламаған да едім. Мені осы күнге дейін бағып-қаққан, өсірген  әкем Өмір­бай Хамитов. Бұл жағдайға қарамастан оны туған әкем деп есептеймін және қатты жақсы көремін, – дей­ді Нариман. Ал Ержан Әнуарбек Қуанышевтің отбасында тәр­биеленіп, өсті. Ол да тұмсықтыға шоқыттырмай, қа­наттыға қақтырмай өсірген  ата-анасын барлығынан арт­ық жақсы көретінін, құрметтейтінін айтып отыр. Балалары перзентханада ауысып кеткенін біл­ген екі отбасы жақында жүздесті. Бұл кездесудің қан­­­шалықты жүрек елжіретер, көңіл тебірентер сәт бол­ғаны айтпаса да түсінікті. Туыстарымен ақылдаса келе Нариман екі от­ба­сы­ның тағдырын түбегейлі өзгерткен қателік үшін жауап­қа тартпақ ниетпен перзентхананың үстінен сот­қа арыз түсірді. Ол мұндай сорақылықты кешіруге бол­майды деп есептейді. Егер екі жігіттің ортақ та­ныс­тары пайда болмағанда, бұл шындық ешқашан ашыл­маған күйі қалар еді. Павлодар облыстық сотының баспасөз хат­шы­сы Жанар Жұматаева Железин аудандық перзент­ха­на­сының үстінен арыз түскенін растап отыр. Істің анық-қанығы алдағы уақытта белгілі болады. Міне, 35 жылдан кейін железиндік екі азамат био­логиялық ата-аналарымен жүздесті. Үлкендер болса ба­лаларымен қауышып, туған немерелерін көріп, мәз болып қалды. Олардың өмірі енді бұрынғыдай бол­масы анық. Бұдан былай Ержан мен Нариманның екі әкесі, екі анасы бар. – Әрине, мені өсірген ата-анама деген көзқарасым еш­қашан өзгермейді. Олар мен үшін өмірдегі ең қым­бат жандар болып қала береді. Ал биологиялық ата-аналарыммен қарым-қатынасымыздың қалай өр­битінін уақыт көрсетеді. Біз барлығымыз үлкен сы­нақты бастан кешірдік. Сот мәселенің анық-қа­нығына жетіп, тиісті құқықтық бағасын береді деп се­немін, – дейді Ержан Қуанышев.

Данияр ЖҰМАДІЛ, Павлодар облысы