Аутизмге шалдыққан балалар мәселесі талқыланды
Аутизмге шалдыққан балалар мәселесі талқыланды

Кездесуге қатысушылар нұротандықтарға қоғамда орын алатын бірқатар объективті проблемалық мәселелер туралы айтып берді.

Олардың негізгілері – оқушыларды инклюзивті біліммен қамтудың төмендігі, білікті педагог кадрлардың тапшылығы, мүгедек адамдар арасындағы жұмыссыздықтың жоғары деңгейі, мүгедек азаматтар үшін әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының көпшілігінің қолжетімді болмауы, олардың мегаполистің қоғамдық өмірінде әлеуметтену деңгейінің төмендігі. Аудандағы балалары аутизмге шалдыққан аналар мектептерде аутист балаларға жеткіліксіз жағдай жасалмағанына шағымданды. «Осындай балаларымыздың есеюінің әрбір кезеңінде қиындықтармен бетпе-бет келуге тура келеді», – деді кездесуге қатысушы. «Nur Otan» партиясы Алатау аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жарқынгүл Алдамбергенованың айтуынша, алдағы 5 жылда мегаполисте қалалық инфрақұрылымның бейімделген нысандарының үлесін 70%-ға дейін, инклюзивті білім беру үшін жағдай жасаған мектептердің үлесін 100%-ға дейін арттыру жоспарланған.

«Қаланың Медеу және Алатау аудандарында мүгедек балаларға арналған күндізгі бөлімшелер жұмысын ұйымдастыру жоспарлануда», – деп атап өтті Жарқынгүл Алдамбергенова.

Айта кетейік, бүгінгі таңда қаланың 130 мектебінде инклюзивті сыныптар бар. Арнайы түзету кабинеттері ашылды, жаңа штаттар енгізілді. Сонымен қатар, мұндай кабинеттердің саны қажеттілігіне қарай ұлғаятын болады. Алматыда 2013-2019 жылдары 3 мың әлеуметтік инфрақұрылым нысаны бейімделді. Биыл мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қосымша 300 нысан қолжетімді болды. Әрине, бұл жұмыс жалғасады, – деп атап өтті партия мүшелері.