Ақша сорпа асқазанға сіңе ме?
Ақша сорпа асқазанға сіңе ме?
148
оқылды
Сіз ақаша салатын жеп көрдіңіз бе? Әлде, ақша сорпасын ішпеген боларсыз?  Немене, таңдайыңыз кеуіп, таңданып отырсыз ба? Tengri банк басқарма төрағасының  бұрынғы орынбасары Бақтияр Ильиясовтің ақшадан жасалған сорпа ішкісі келіп, әйелінің қасында қасын керіп тұрды. – Жаным, бірдеңе айтайын ба? – Айта бер, отағасы? – Ақшадан сорпа ішкім келіп тұрғаны.   Әйелі оған таңдана қарады. Не айтар дегендей, көздерін жыпылық­татты. Ал, күйеуі ыңыранып, ықы­лық атты. Сосын күйеуінің бе­тін шымши тартып көрді. – Сен.. сен  «срочно» жынданып кеткен жоқсың ба? – Жоқ, кәдімгі ет сорпаға ақша турап пісірсең, ақшаның дәмі кіреді. Ақшадан жолымыз болады. Миллиардер боламыз. – Оны кім сыбырлады? –деп сұрады әйелі. – Солай, құлағым өзінен-өзі жыбырлады, – Ну, смотри, ол сорпадан мен ішпеймін. – Досымды шақырамын. Түске дайындашы?   Сол екен, түске дейін әйелі ақша сорпа пісірумен болды. «Лабровый» жапырақтарының орнына, суға  жиырма мыңдық ақша салып, ет турап, сәбіз турап, сорпаны үш сағат қайнатты. Түске жақын Бақтияр Алматы қаласындағы филиал директорының орынбасары Әсет Жадықовқа  ұялы телефонымен хабарласты. – Әлеу, Әсеке, біздің үйге өзіңді ертіп кел. – Тыныштық па? – Әйелім ақша сорпа  қайнатып, дастарханды жайнатып жатыр. Ішіп кетесің. – Мен... ақша сорпа ішіп көрген емеспін. –Сол сорпадан ішсең, мил­лиардер боламыз. – Қойшы, рас па?    Әсет  ә дегеннен сене қоймаса да, Бақтиярдың үйіне тез жете қойды. Екеуі  дастархан  төрінде қоқайып отыр. Бір кезде әйелі ақша қосылған сорпаны буын бұрқыратып, алдарына қойды. Бақтияр сорпа ішінде қалқып жүрген қағаз ақшаның бірін шанышқымен іліп алып, тістеп көрді. Сосын  жыртып жей бастады. Көздерін жұмып, рахаттана жеді дейсің. Аузы аңқиып қарап отырған Әсет те бір жапырақ теңгені алып, үстіне майонез жағып, бұрыш сеуіп болды да, көздерін жұмды. Сосын аузына салып, ұзақ шайнады. Бір кезде Бақтиярдың әйелі он мың тең­геліктерден  пісірілген кәуәп әкелді, Әр еттен кейін құйрық орнына ақша салыныпты. Екеуі рахаттана жеді. Одан кейін доллардан пісір­ілген дімләмәдан да қарындарын қампитты. Тиын салаттар кере­мет! Жүз теңгеліктерді жалайсың. Майын сорғалатып.  Жиырма теңгеліктерді жұтып та жатыр. Ммм, неткен дәмді, әрі дас­тарханда сәнді еді?! Оо, бес мың тең­геліктерден қуырылған қуыр­дақты айтсаңызшы! Екі мың теңгеліктер салфетка орнына қойылыпты! Байлық, дарақалық не істетпейді десеңші? Мың, бес жүз теңгеліктер ас мәзіріне қосыл­маған. Оларды банкир байлар мен­сінбейді ғой?   Бір кезде екеуі  әжетханаға қарай жүгірді дейсіз! Шетелдік долларды араластырып жеген соң, іштері өтіп, мазалары қашты. О, дүниеқоңыздар, ауру астан емес, ақшадан, ақшадан!   Шынымен сеніп отрсыздар ма? Сіздердің көңіл-күйлеріңізді білгім келіп, қайтер екен деп жазып отыр­ғаным ғой. Ал, шын мәнінде,  Бақ­тияр Ильиясов пен Әсет Жа­дықов  аталмыш банктен жалпы сомасы  8 миллиардтан астам тең­гені жымқыра салған да, жей сал­ған. Бүгіндері екеуінің де іштері өтіп... жауапқа алынып, нетіп...

Ратхұм МІРЕШ