Полицейдің мәліметінше, оқиға Павлодар облысы Шарбақты блокбекетінде болған.
Көлік жүргізушінің дөрекілігі полицейдің видеожетонына жазылған. Видеода ер адам полицейді балағаттап, блокбекеттен өтпек болады. Бірақ полицейлер оны уақытша ұстау камерасына жеткізеді. Павлодар әкімшілік сотының мәліметінше, павлодарлық кәсіпкер кезінде облыстық мәслихат депутаты болған.«Mitsubishi L200 көлігінің 53 жастағы жүргізушісі құжаттарды тексеру үшін тоқтатылған. Өзінде және әйелінде Павлодарға кіруге рұқсат болған. Құжаттарды тексеріп жатқан кезде полиция қызметкері жүргізушіге қауіпсіздік белдігін тағу керегін ескерткен. Ал жүргізуші оған ашуланып жауап беріп, балағат сөздер айтқан», – дейді Полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы Ғалым Сарғұлов.
«Ер адам құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 667-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сот қаулысы бойынша жүргізушіге 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады», – деді Ғалым Сарғұлов.