Бала сатқан бәтшағар

Бала сатқан бәтшағар

«Балалы үй ‒ базар» дегенді «Ба­ла­лы үй ‒ барахолька» деп өзгерткен дұрыс  болар едім. Бала бауыр етің, бала бақытың, шаттығың емес пе?  Баланы бақадай көріп, арам ниет­терімен ашық саудаға салатындарды сырдың суына лақтырып жібергің келіп тұрады.  Осындай безбүйрек аналардың бірі Назгүл Есенова.  Ол бір күні танысына сыбырлап былай деді. – Сатайын деп едім. – Не сатпақшысың? ‒деп сұрады құрбысы. – Баламды. – Жындысың ба? – Қиналып кеттім. Ақшадан.. Шымкентте жұмыс жоқ. – Өз балаңды? – Енді көршінің кеңкелес баласын сатпайтын шығармын? – Бала құспай ма? – Құспайды. – Бұтыныа тышпай ма? – Тышпайды... ‒деп қойып қалды анау. – Жыламай ма? – Жыламайды, «Мамам қай­да?» деп сұрамайды. – Қанша жаста еді? – Екі жасар. – Айтып көрейін, кейін жылап жүрмейсің бе? – Одан бөлек төрт балам бар, төртеуін ғана асырауға шамам бар. «Отыз ауыздан шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» деуші еді бая­ғыда. Сол әңгіме полицейлердің де құлағына қоңырау болып соғыл­ды. Сосын екі полицей ерлі-зайып­тылар болып келіп, Назгүлмен сөйлесе бастады. –Кешіріңіз, бала сатады деп естідік. –Ия. – Балаңызды өзіңіз туғансыз ба? – Жоқ, біреумен бірігіп тудық. – Ашуланбаңыз, жәй сұрап жатқанымыз ғой. Қанша дейсіз? – Келісеміз ғой. – Кейін байбалам салып жүр­мейсіз бе? – Құдай сақтасын! – Полицейлер құжаттарын көрсеткенде, келіншек кеңкілдеп күле бастады. – Неге күлесіз? ‒деп сұрады полиция инспекторы. – Бәсе, сидаңдаған сұрақ­тарыңыздан секем алып едім, дұ­рыс болжаппын. – Не үшін сатпақ болдыңыз? – Қиналып кеттім. – Қиналғанның бәрі балаларын сата беретін болса, не болады мына өмір. – Өмір... Өмір деген бықсыған көмір. – Көмірді қоя тұрыңыз, сіз бұрын да алаяқтық жасап, сот­талған екенсіз. – Ол менің тағдырым. Орысша‒судьба. – Сіздейлерді безбүйрек ана дейтінін білесіз бе? – Жоқ, мен супер бүйрек анамын. – Неге олай дейсіз? – Балам бақуатты жерде өмір сүретін болар еді, нанға зар болып, қиналмас та еді. Ол кінәсін мойындап, екі қолын созды. Тап сол жерде қолына кісен салынды. Сот үкімі шыққанша тағы да аяғы ауырлап үлгерді. Осыны ескерген судья оған алты жыл ғана  бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Мұндай сорақылық тек Шымкентте ғана емес, еліміздің әр түкпірінен шаң беріп қалатыны бар. Адамды зат ретінде қарай­тындар кейін өкініп, өгіздей өкіріп, бармақ тістеп те жатады. «Балалы үй‒барахолька базары ғой» ағайын, арды сатпайық, баланы жылат­пайық!

 Ратқұм МІРЕШ