Ізгілік іздері
Ізгілік іздері
222
оқылды

«Білінген із біреудің жүргенін білдіреді.» (Махмұд Қашқари)

«Шарлаған жолым жатыр жер бе­тінде...» (Қасым Аманжолов)

«... Ізім бар жазушы екенімді өзім де білем...» (Сәкен Жүнісов. «Ақ жол–Қазақстан», 14.05.2004)

«Қарасам, ізім, бардайсың, Бәрің де бір-бір талдайсың. Тағзым етейін сендерге, Жастарым, аман болғайсың!» (Көлбай Әбдірахманов. «Жұлдыз», №11. 2004)

«... Із қалған тарихтың тағасынан». (Дүйсенбек Қанатбаев. «Арнадым саған» кітабынан).

Ойда-жоқта Үмбетбай ағамен ұшырастым. Құрақ ұшып, қаным қалмай амандасып жатырмын. Неге елпідемейін! Осыдан отыз жыл бұрынғы оқиға есіме түсті. Қар жастанып, мұз шайнап жүрген жиырма бес жасымда саяси-сатиралық «Ара» журналына фельетоншы боп орналастым. Үмбетбай ағам бөлім меңгерушісінің орынбасары. Тікелей бастығым. Алғашқы фельетонымды уытты тілмен жаза алмай әбден әуреге түстім. Жатып қалған жабағы тоқтының көтерем күйін кештім. Жазғаным жарамайды. Редактор белден бір сызады да, «Қайтып жаз» деп белгі соғады. Барымды салып шұқшыңдаймын. Тағы да жаратпайды. «Өткірлей түс!» – дейді. Құдай-ау, бұрын-сонды тірі кейіпкеріңнің жон терісін сыпырып, кім фельетон жазып көрген? «Менен түк шықпайды» деген шешімге келдім де, отыра қап жұмыстан шығу туралы арыз жаздым. Ол қылығыма Үмбекең жымиды. Сөйтті де жинаған фактілерім бойынша ойнақы фельетонды өзі жазып, соңына менің аты-жөнімді қойды. Машинкаға бастырып, ұялмай-қызармай өз атымнан редакторға үшінші рет ұсындым. – Е, мынауың жақсы дүние. Сендерге ұрыспай жүр екенбіз ғой. Сонда ғана жақсы жазады екенсіңдер ғой! – деді редактор ризашылық білдіріп. Міне, менің алғашқы фельетонымның тұсауын кескен қазақтың мүйізі қарағайдай сықақшысы, қамқоршы ағам Үмбетбай Уәйдаұлы жетпіс жасқа да жетіп қалыпты-ау! Ағам ер жасы елуге келгенде екі шумақ әзіл тастағам: Біз ойлаймыз Үмбетбай Инабатты кісі деп. Үйге барар күн батпай, Жүрген емес кісінеп. Есіледі жібектей, Жанға жайлы күлкісі. Сәл нәрсеге дір етпей, Жүре алмайды бұл кісі!. Шay тартқан шалға ұқсамайды. Мінезі қойдан жуас қоңыр көрінгенімен — шалт. Анау-мынау артық-тыртық қылығыңды жібермейді, қолма-қол қағып тастайтын қалыбы қабағының астында бұғып жатқандай. Адалдығы алыстан мұнартып көрінгесін өзің де аса батып артық кете алмайсың. Жібектей мінезі жіпсіз байлап қоятындай. Бірінші рет болмысына анықтап қарап, назар аудардым. Сол баяғы мен көрген Үмбекең. Өзгермеген. «Тоғызыңда қандай болсаң, тоқсаныңда сондай боласың» деген рас-ау. Екеуара әңгімеге көштік. – Жетпіске жеткен де бар, жетпеген де бар, аға. Шүкір, абыройыңыз асқақ! Қазақ әдебиетінде, соның ішінде сатира саласындағы ізіңіз сайрап жатыр, – дедім ағымнан жарылып. Ол кісі тамағын бір кенеп алды да, Абай атамның қарасөздерінен үзінді келтіре сөйледі. — Иә, иә, тәубә! «... жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айқастық, тар­тыстық — әурешілікті көре-көре келдік», – деп Абай айтқандай, жалпы тіршіліктің тауқыметін аз тартқам жоқ. «Бірталай өмір?..» Бірталай өмір бол­ғанда, сонда, Абай атамыз қанша жасқа келіп өмірден озған? Алпысқа да жетпеген ғой. Ал біздің тұстас-өкшелестеріміз, үзеңгілестерімізге жетпістің төбесі кө­рінді... Иә, ал, не тындырдық, қанша шақырым жер жүрдік? Із... Бар-жоғы екі әріптен тұратын осы бір сөз көптен бері менің аузыма жиі түсетін болды. Осы екі әріп көзіме түссе, түртіп алу дағдыма айналды. Жиналып қалды. Үмбетбай ағам папкісін ашып, «із» туралы айтқан қаламдастардың қағи­дасын кесе-көлденең тастады. Әр-әр жердегі басқосуда, көбінесе дастархан басында әлгі екі әріп талай адамдар әңгімесінің ортақ тақырыбына жол ашты. Бір кездескенімізде ол (із) сықақшы ініміз Жарылқасын Дәулетов екеуміздің арамыздан жымиьш жүгіріп өтті. Сол жолы Жарылқасынның аузы алдағы уақытта маған қаратып кө-ө-п сауал-сұрақ қоятын, ал менің аузым оның сауал-сұрақтарының аяғын жерге тигізбей қағып алып, жауап қайыратын болып, бір жақсы идеяның басы қыл­тиған-ды. Қарбалас тіршіліктер мұрша бермеді ме, білмеймін, Жарыл­қасынның аузы кейін ұзақ уақыт үнсіз қалды. — Мен не істейін? – дедім ағама мәселенің мәнісін түсінбей. — Екеуміз сұхбаттассақ қайтеді? — Мақұл, аға. Айтарыңыз бар айшықты қаламгерсіз. Тәуекел, бастасақ — бастайық... — Пайғамбар жасынан әлдеқашан астыңыз. Шариғат бойынша, адамның бір иығында періште, бір иығында шайтан отырады екен. «Періште пендесін Алланың ақ жолына қарай жетектесе, шайтаны түскір азғырып, теріс жолға түсіруге барынша итермелейді», – дейді. Пендешіліктеріңіз бар ма? — Періште емеспін, пендемін. Пенденің пендешілігі болмай тұрмайды. Пендешілік дегеніміз, — екібастан, біліп, білмей, байқамай, әдейі, жорта жасаған әркімнің ағат қателіктері. Өмірімде бір-екі рет кешірілмес қылмысқа бара жаздадым. Құдай сақтады. — Сіздің аты-жөніңіз алты алашқа әйгілі болса да, атақ-дәрежеңіз жоқ. Неге? Жарықтық Жарасқан Әбдірашев та: «Атақ жоқ менде, Медаль жоқ менде, Жоқ орден!.. Отызға келдім, Осыған қалай көнермін!» – деп толғағанын білеміз. Осы тұрғыдан қарағанда, іштей өкініш немесе қызылды-жасылды дәрежеге қыжылыңыз кей-кейде бой  көтере ме? — Ол жағын өзің жақсы білесің: бай да, батыр да, Еңбек ері, өнер, спорт жұлдызы да, не болмаса атақ-даңқы жер жарған қоғам қайраткері де емеспін, қатардағы қарапайым қаламгермін. Парламент мүшесі де болғаным жоқ — зәулім сарайды көзіме елестете алмай­мын. Қанатты орындықта шалқайып отырған әйдік әкім де, ғылымға зор үлес қосқан академик те мен емес. Тұлғаға жатпаймын. Космонавт... лауреаттық та менің пешенеме жазылмаған. Лау­реаттыққа татитын, яғни, қыр басында жарқырап, өткен-кеткенді қол бұлғап шақырып тұрған керемет туынды жаздым деп те айта алмаймын. Омырауымда қаз-қатар тізілген орден-медальдарым һәм жоқ. Көңілге жалғыз медетім: ауызша, жазбаша мақтау-марапат жағы, шүкір, баршылық. Олардың ішіндегі ең-ең мәртебелісі — Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Пре­зидиумының «Құрмет грамотасы». Оның өзін осыдан жиырма жыл бұрын алғам. — Түпкі ойыңызды түсіндім, аға. Абыройлы болу – аяққаптай кеудеңе таққан орденнен жоғары сияқты. Белгілі кісілер үлгі етіп, көпшілікке паш етсе, мақтау грамотасын алғандай сезінеміз. Меніңше, медаль мен орден еңбегіңді ресми тұрғыда бағалау ғана емес пе? — Енді абырой дегеніміз осы емес пе? Ырғыз, Шалқар аудандарының Құрметті азаматымын. Орден-медаль, иегерлік (лауреаттық) — адам еңбегінің бағасы, бағалануы. Мен оны бірде-бір замандас-армандастарыма көпсінбеймін, әңгіме қылмаймын. Өзім үшін ең үлкен мақтау-марапат адамдардың шынайы, жылы сөзі. Атыма айтылған бірер ауыз өкпе-наз немесе жылы сөздерді мен бүктеп-бүктеп, умаждап, қоқыс жәшігіне лақтырып тастамаймын, жинап жүремін. Мен оларға құрметпен қараймын әрі оларды ештеңенің парқын білмейтін, сөздің бағасынан мақрұм кім көрінгенге көрсетпеймін. Ешкімге еш жерде айтпаймын. Өйткені мен үшін ол жақсы сөздер — мақтаныш емес, мерей! Жақсы сөз! Жақсы сөзді кім жек көреді. Бала кезде құманмен қолға су құятынбыз. Үлкендердің үйретуі бо­йынша, құманның шүмегінен ұстап, сарылдатпай, шашыратпай, үзіп-үзіп құю — әдеп, тәртіп-тұғын. Сондайда қарттар: «Ай, бәрекелді, мынау қандай жақсы бала, қолға суды әдемі құяды екен», «Көп жаса, үл-к-е-е-н жігіт бол», «молда бол» десе, ішімнен мәз болатынмын. Алғыс, жақ­сы сөзге сол кезден етім үйреніп кетті ме, білмеймін, күні бүгінге шейіп соған мойыным бұрылып тұрады. Өмір бойы жақсы сұз есту қайда, жеке мұрағатымда түрлі түсінбестіктен туындаған жайсыз хаттар да кездеседі. Сын, өкпе-ренішті мен, жалпы, бетім быттиып өте қиын қабылдаймын. Мүмкіндігімше ондай жағдайдың алдын алуға тырысамын. Әлдекімнің сәлемі, не сөзі дұрыс болмаса: Біреу сәлем бермей кетсе қайрылып, Қабағыма ұялайды қайғы-бұлт. Қай уақытта өкпелетіп алдым деп, Дөңбекшимін түнде ұйқымнан айрылып, – деп ақын Сырбай Мәуленов ағамыз жырлағандай, жаным жабығып қалады (Мен, жалпы, өсек-аяң, қаңқу-шаншудан күштімін, көңілсіздіктің, көз жасының алдында әлсізбін!..) — Атам қазақ «Жақсы сөз — жарым ырыс» дейді. Жылы сөзге майдай еріп, жібектей есілесіз бе? — Әрине. Жылы сөз естігенді өзім қалай жақсы көрсем, басқаларды да жақсы сөзбен қуантқанды ұнатамын. Имандай шыным. — Жұмыр басты пенденің бәрі табиғатпен тамырлас, сабақтас. Өсіп-өнуі де аумайды. Жапырак-жүрек жас қайың, Жанымды айырбастайын. Сен адам бола бастасаң, Мен қайың бола бастайын. Келісесің бе, жас қайың? – деп Мұқағали ағамыз тамырын тап басып жырлаған ғой. Сіз өзіңізді табиғаттың қай тұстарына балайсыз? Үйіңіз Алматының төрінде, аржағы – Алатау. Самал жел, сиқыр көріністен тыныс аласыз ба? — Гүлге, гүлзарға қарап, жаңа салынып, тұтынуға берілген үйлерге, ерсілі-қарсылы машиналар зулаған әдемі көшелерге, адамдардың қуанған көз­деріне қарап денсаулығымды түзеймін. Құдай сәтін салған шығар, біз тұратың үйдің терезе-балконы жағынан айнала-төңірек (панорама) тамаша көрінеді. Денеме сол көріністен денсаулық сорамын. Сол арқылы бақытымды бағалаймын. «Кейбір адамдар өздерінің қаншалыкты бақытты өмір сүріп жүргенін де аңғара бермейді» (Люк де Вовенарг). Бұл сезімімді мен оқта-текте балаларыма қарасөзбен, өлеңмен түсіндіріп қоямын. .. Махаббатқа мал дағы сезіміңді, Гүр еткізіп оталдыр төзіміңді. Сосын бар ғой, әй, балам, сосын бар ғой, – Алатауға аунасын көзің күнде. Гүлге қонсын жайнаған көзің күнде, Онсыз семіп қалады сезім мүлде. Жұлдыздармен бір мезгіл әңгімелес, Жүрегіңнің жымыңын өзің біл де... Табиғатта өтірік ештеме жоқ: күйдіріп-жандырса да — шын, борандатып-дауылдатса да — шын. Адамзат та табиғаттың бөлшегі. Солай бола тұра, адам баласының өтірігі аяқ басқан сайын. Отанға опасыздық дейміз бе, отбасының ойраны дейміз бе — көп сұмдық содан! Оған жалған сыпайылықты қосайық. Қытай данагөйі Конфуций: «Жақсы адамды көргенде оған теңелу жайында ойлан да, ал жаман адамды көргенде өзіңді-өзің зертте» депті ғой. Жалған сыпайылыққа бұрылып бара жатсам, мен әдемі көріну үшін әсем сөйлемейтін Өтежан, қос Сәкен (Жүнісов, Иманасов), Ғаббас, Қадыр, Беқділда, Қалихан, Мұхтар (екеуі де), Ақұштап сияқты қаламдастарды көз алдыма әкелемін. — Мұрағатыңызға аз-маз сүңгіп-сүңгіп шығуға рұқсат па? — Рұқсат. Саған сенемін. Тек бір есіңе салмағым: онда дос-жаран, ағайын-туыстарымның аузынан шыққан «Со¬крат», «Салтыков-Щедрин» деген сықылды менің размеріме келмейтін артық мақтау-мадақтаулар бар. Сон­дайларды айналып өт. Әйтпесе, жұрт бізге ернін шығарады. Размерімді көзің таниды, сөйт. Студент-жас­тардың ықылас-ниетінде көп өтірік болмайды, оларға орден бермесең де, қағазыңнан шамалап орын бер. – Балалық шақ – бақытты шақ. Қайғы жоқ. Уәйiм жоқ. Алаңсыз ойнайсың. Әрине, сiздiң балалық шағыңыз соғыспен тұспа-тұс келдi. Таңның атысы, күннiң батысы – елдiң бәрi еңбекте. Құмырс­қаның илеуiндей құжынаған халық бiрi соқа сүйретiп, бiрi арба айдап дегендей қыбырлаған тiршiлiктен басқа есiңiзде қалған ерекше оқиғаларды айтыңызшы. – Балалық шағым қағазыма бұрын бiршама түстi. Қайталап кетпеймiз бе? Қазiргi балалар өмiр-тұрмысымен салыстырғанда, бiздiң тұстас-заман­дастарымызда балалық қызық болмаған сияқты. Олай десек, ақыл-парасатқа қиғаштау келiп қалмаймыз ба деген ой бет-аузын көрсетедi. Ол неғылған «бет-ауыз?» Адам бала кезде не болса соған күледi, не болса соған жылайды. Күндiз-түнi жылау жоқ. Күлгенi – қуанғаны. Бiз де мұзға сырғанап қуандық, күлдiк. Биiк құмның төбесiнен төмен қарай домалап, суға шомылып күлдiк. Бiреу ұшталған, ұшталмаған қарындаш, басталған, басталмаған дәптер әкеп берсе де – қуандық, күлдiк. Қалам-қарындаш, дәптер қазiргi балаларға қызық емес. Олардың қызығының өлшемi басқа. Бiздiң тұстас-замандастарымыздың бәрi емес, көбiсi қанша қиын болса да сол ышқыры быжынаған бит-сiрке дамбал, ұлтарған байпақ, өкшесi қисайған етiк, иығы жыртық, кiр-кiр көйлек – балалық, жастық шағын күлiп, күрсiнiп еске алады. Жетiмдiктi айтып, жесiрлiктi айтып, олар зарлай бермейдi. Сол жетiмдiк, жесiрлiк қара бұлтынан бүгiнге тағлым-сәуле iздейдi. Сезiм тәрбиесi тұрғысынан бiз де отбасымызда балаларымызға балалық-жастық шағымыздан күлiп, күрсiнiп әңгiме айтып қоямыз. Жеткенiне – жетедi, жетпегенi – есiнейдi. Қай жылы, қанша жасымда екенiм есiмде жоқ, бiр жылы менi Таубай, Мүгiлсiн есiмдi аға-жеңгем қолдарына алды. Олар әуелi «Шабаған» деген колхозда тұрып, көп ұзамай аудан орталығы – Ырғызға қоныс аударды. Бiр бөлмелi үй. Кiреберiсте қазан-ошақ. Мен кейде ошақтың аузында отынды ысырып тұрамын. Су шамалы қайнағаннан кейiн жеңешемнiң көзiн ала бере қазанның қақпағын жайлап ашып, сорпаның бетiндегi қалқып шыққан туралған майды бақыраш, қасықпен алып жей бастаймын. Ол «қулығымды» бiрде жеңешем байқап қалып, ошақтың аузына қайтып жолатпады. Ендi қайтсiн, жоқ қой! Әлсiз-әлжуаз, аурулы-сырқаулы болдым. Тұлабойым күптей боп iсiп кеттi. Монша дегеннiң не екенiн бiлмеймiз. Бiр күнi дәл менiң қасымнан естiлген Таубай ағамның жуан даусынан оянып кеттiм. – Әй, Мүгiлсiн, берi кел. Мынаны қара. Соның арасынша болмай ағам, мен жамылып жатқан жүн көрпеден бiрдеменi уыстап жұлып алды да, ошаққа апарып салды. Ошақ пышыр-пышыр... Бит! Бiз бүгiнге, әне, сондай уақыттан келдiк. Ауру-сырқау, қауiп-қатердiң талайы өттi бастан. Бiрақ неге екенiн, сары аурумен ауырмаппын. Бит-бүргенiң «арқасы ма» кiм бiлсiн... Тоқ, не iшем, не киемдi бiлмейтiн, бит-бүргенi көрмеген қазiргi ұрпақты алда қандай проблемалар күтiп тұр екен? Аш болмас, жалаңаш болмас. Сонда да?.. Бақыт деген үлкен ұғымға жақындау үшiн, менiңше, адам баласы кiшкен­тайынан көресiнi көргенi дұрыс па деймiн. И.С.Тургенев те солай дептi ғой. «Хочешь быть счастливым? Выучись сперва страдать!» – «Бесiктегi бала да үлкен түс көредi» дейдi Расул Ғамзатов. Бiрақ оны жоритын адам керек. Ең алғашқы көрген түсiңiз есiңiзде ме? – Кiм көрген түстерiн нөмiрлейдi? Бала кезден бермен қарай түстiң небiр түрлi-түстi сериясын көрдiк қой, олардың қайсысы бiрiншi, қайсысы жетiншi – ит бiлiп пе. Соғыстың алдында ма, әлде соғыс басталып кеткеннен кейiн бе, бiр түсiмде қатты дауыл тұрды. Қорқынышты әлдене терезенi сындыра жаздады. Шошып ояндым. Аманжол есiмдi iнiм болды. Бiр күнi бiр сап-сары бала жан-жағын көзiмен шолып, Аманжолдың бесiгiне еңкейiп қараған сияқтанды. Көзiмдi ашсам – түсiм. Үйде сары бала да жоқ, сайтан да жоқ. Шешемiздi «әже» дейтiнбiз, мен «әже-е!» – деп айқайлап шешеме қарай аунадым. Сол түстен кейiн өзiм қатты ауырдым. Ал, Аманжол азаппен өлдi. Ол жайында басқа бiр шығармаларымда жазғанмын. Түс көрмейтiн адам бола ма? Түс жори бiлмейтiн ше? Максим Горький екiншi дүниежүзiлiк соғыс алдында бiр түс көрiптi. Түсiнде аспаннан байпақ жауыпты. Максим Горькийге керiсiнше Шыңғыс Айтматовтың түс көрмейтiн күнi жоқ екен. Көзiн жұмса болды – түс. Өзiмдi айттым ғой, түс көремiн. Бiрақ, көбi есiмде қалмайды. Есiмде қалғанын жорып жарытпаймын. – Әу демейтiн қазақ жоқ. «Түйеге мiнген қазақ төрт ауыз өлең бiледi». Дауысымыз бар ма, жоқ па – оған қа­рамаймыз, ыңылдап болса да ән салып өскен халықпыз. Өлеңдi жақсы айтады жайды бiлген, Дөненге қайдан жетсiн тайды мiнген. Алдымен жұлдызға қол созбай тұрып, Аспанда алам деме айды бiрден. Өлеңдi айт дегенде iркiлмеймiн, Жүнiндей ақ үкiнiң үлпiлдеймiн. Осындай айтар жерiм кез келгенде Азырақ желмей, шаппай бүлкiлдеймiн. Тайраңдар түйе iшiнде қоңыр тайлақ, Жомарттың жоқшылық жүр қолын байлып. Көңiлге тоқ санаған бiр бала едiң, Өлең айт осындайда тәуiр сайлап. Ә дегенде өлеңдi айта алмаймын, Жауыр болған торы аттай қай­қаңдаймын. Алтын берсе өзгелер айтпас едiм, Құдалардың көңiлiн қайтармаймын. Қаршадайымыздан қазақтың қара өлеңiн жаттап өстiк қой, аға. Сiздiң бала кездегi алғаш рет айтқан өлеңiңiз қайсы? Халық әнi ме, әлде соғыс кезiндегi ауыл әнi ме? – Нағашы әжем – Шолпан соғысқа кеткен жалғыз баласы Жасағанбергендi өле-өлгенiнше күттi. Құмалақ салатын. «Осыдан Жасаған-бергенжаным аман келсе» деп басталатын өлеңi бар едi. Қой бағып, мал қайырып жүрiп айтатынмын, есiмде қалмапты.

(Жалғасы бар)

Көпен ӘМІРБЕК