Үйеңкіге үйленем!
Үйеңкіге үйленем!
117
оқылды
Адамзат ақылынан адасып, болмашыға шатасып, шайтанның арқасына ырғып мініп алғандай ма қалай? Құлағыңыз керең болмаса, миыңыз терең болса, не естіп, не көрмейсіз? Сырға таққан жігіт­теріміз сахнада ән шырқағанда шалқамыздан түсе жаздағанбыз. Интернетті иіскесеңіз, небір сұм­дық оқиғалардың ортасында жүргендей, солармен бірге ойнап-күлгендей боласыз. Мәселен, Бразилиядағы бір жігіт қалыңдығы тастап кеткен соң, өзіне-өзі үйлене салды. Айна алдына келіп: – Мен сені сүйемін, жаным! – деді. Сөйтті де, өзіне-өзі үйленіп, дүркіретіп той жасады. Нақұрыс дейміз бе? Не деуге болады өзі? Диего Рабелло  350000 реал, біздіңше  28 миллион теңгеге той жасады. Ал, бізде ше? Небір аптал азаматтарымыз кедейшіліктің арбасын сүйретіп,  мұндай той жасамақ түгілі, үйлене де алмай жүр.Түлкібаста тұратын Нұрлан есімді жігіт үйіне келіншек әкелген. Анасы қуаныштан құлап қала жаздап, етегіне сүрінген. Сонда қалыңдық жігітінің  жәпірейген үйін көріп: –Мына «молада» тұрамыз ба? – деп сұраған. –Мола емес, өз үйім – өлең төсегім ғой. – Ибии, жерге жатамыз ба, не? – Ыспалный сатып алуға ақша жетпей жатыр. – Ибии, дәретхана жоқ па ішінде? – Көршінің дәретханасына барамыз, жаным. – Ибии, үйің құрысын! – деген қалыңдығы кетіп қалған. Сол жігіттің жасы бүгінде 33-ке келсе де, үйленбей жүр. Кедейшіліктен. Ал, Ұлыбританияның Стокпорт қаласында жалғызбасты ана кілем­ге тұрмысқа шығып, дүркіретіп той жасаған. –Жаным, кілемім, мен сен­дікпін! –деген үздігіп. Бірақ кілем үн қатпаған. Шетелдегі нақұрыстар ақшаға батып жүр, біздегі жігіттер үйлене алмай, суықта қатып жүр.Үйленбеген соң «за күйік» ішіп, насыбайын атып жүр. Шетелдегі демекші, біздің елде де сондай нақұрыс табылды. Ержігіт деген жігіт инстаграмға өзінің бір ағашқа үйленетінін жайып салды.  Ағашты құшақтап тұрып: – Алтыным, ағашыым менің! Қарағайға немесе елкаға байға тиіп кетпеші! Мен сені соондай жақсы көремін! Мен саған ғашықпын, саған сөзсіз үйленемін! – депті. Бір қарағанда, әзілкеш пе деп қаласың. Ал, оның тірлігі шынайы болғанда, тоқтық не істетпейді деп, жағаңды ұстайсың. Байдың баласы ағашқа үйленсе, кафеде дүркіретіп той жасаса, тойына ақ қайыңдарды, теректерді, шыршаларды, шы­бықтарды, қарағайларды шақы­ратын шығар? Тағы бір есуас әйел­інен ажырасқаны үшін  бірнеше Джиптер жалдап, «гулянка» жаса­ғаны үшін Астана  полицейлерінің назарына іліккен еді ғой? Мына заман не болып барады өзі? Бұған кінәлі заман ба, жоқ әлді тоқ­шылықтан ықылық атқан азын-аулақ топ па? Әншілеріміз бірін тастап, екіншісін бастап, байдан-байға тиіп жатса да, беташар, той жасап әлек. Екі беташар, екі жар-жар болғанын бұрын-соңды естіп көрген бе едіңіз? Бірі байдан байға тиіп, екіншісі қатын алғандарын мақтанышпен  әлеуметтік желі­лерге салған өнер жұлдыз­дарының мақтаншақтығын қалай түсінеміз? Елімізде үйлене алмай, немесе үйленуге құлқы жоқ  жастар  30 пайыздан асады екен. Ал,үйленіп алып, ажырасып жатқардардың саны қаншама? Олардың негізгі себептері-жоқшылық! Жетпейтін дүние,әйтеуір! Сіз інішек, үйлен­генсіз бе? Әлде, көлеңкеңізге үйленіп, айды аспанға шығарғалы жүрсіз бе?

Ратқұм МІРЕШ