Ешкім естімеген езутартар

Ешкім естімеген езутартар

Қазақ – шешен халық. Сөздік қоры аса бай болғандықтан, өмірдің барлық сәтеріне байланысты мақал-мәтелдер шығара білген. Мақал-мәтел – қазақтың рухани қазынасы, философиялық пайым, түсінігі. Сөз қадірін білген әрбір қазақ жүйелі сөзге қонақ берген және артындағы ұрпағын осы үрдіспен тәрбиелеген. Біз сіздерге күнделікті өмірде көп қолданбайтын мақалдар жиынтығын ұсынамыз. Істің ақыры жігіттің пақырына қалады. Тапқан қуанады, таныған алады. Арқан үзіледі, борыш үзілмейді. Сау төрде, ауру көрде. Ластың досы шыбын. Кещеге бәрі күлкілі. Кебіс ұрлаған бір кісі, күмәнді болған мың кісі. Түйенің басы тегешке сыймас. Семіз қойдың ғұмыры қысқа. Жерінен ауғанға жеті жыл қоныс жоқ. Ел аузына елек қойып болмас. Елді іс біріктіреді, сөз бұзады. Сауатсыз молданың сәлдесі үлкен. Адам құлақтан азады, көңілден семіреді. Темір сырын отта таны, адам сырын жоқта таны. Халық ханға бағынғанда – бала, ашуланғанда – әке. Көпті жылатқан көп жүрмес. Кілемге бергісіз алаша бар, ханға бергісіз қараша бар. Әмірші есірсе, әлеумет сорлайды. Көшбасшының кигені жылы, жылаған баланы не қылсын. Атадан бала озбайды, мойыннан жаға озбайды. Баланы ақырып үйретпе, ақырын үйрет. Жұрттан Сүлеймен туады, бізден сілейген туады. Балаға айтқан сөз – байлаусыз бұзау. Аға ұрар болса, іні тұрар болсын. Алты қойы артық болса, інісі ағасына сәлем бермес. Біз де кісі болармыз, атқа кісен салармыз. Көп ақымақтың ағасы болғанша, бір ақылдының інісі бол. Қызды жеңге, жеңгені теңге бұзады. Ері жоқ әйел – ескегі жоқ қайық, әйелі жоқ еркек – ауыздығы жоқ ат. Екі әйелдің басы қосылса, үшінші әйелдің соры. Сұлу алған жолдасынан айрылар. Сыланайын десем байдан қорқам, сыланбайын десем тоқалдан қорқам. Құданың тайын алғың келсе, құлынды биесін сұра. Қонақ алдымен қабағыңа қарайды, содан кейін табағыңа қарайды. Қонағыңның алдында мысығыңа «пыш» деме. Қыдыр дарымаған адам есек базарында делдал да бола алмайды. Күміс есіктінің күні ағаш есіктіге түсер. Екі қылыш бір қынапқа сыймас. Жолбарыстың артында тері, батырдың артында елі қалар. Жара бет жазылғанмен, қарабет жазылмас. Ащы сұраққа тұщы жауап күтпе. Киген тоның ескірер, кидіргенің ескірмес. Ашу – пышақ, ақыл – таяқ, жона берсең тау­сылар. Ақ Еділдің өзі болмасаң да бұлағы бол, ақылды бастың өзі болмасаң да құлағы бол. Пішені өртенбегеннің бәрі ақылды, түйесі жо­ғалмағанның бәрі есті. Аюды жеңген – жарты ер, ашуды жеңген – бүтін ер. Жасыңда ұқпағанды жасай келе түсінерсің. Оқ жетпес жерге қылыш суырма. Жықсаң да, жығылсаң да, алысқаның арыстан болсын. Құлайын деп тұрған тамға сүйенбе. Тілмен байлаған қолмен шешілмейді. Ұзын шапан аяғыңа оралады, ұзын тіл мойныңа оралады; Жер астында жатқанды, қазбай жатып тіл табар. Біреудің ат көтермес бөзі бар, біреудің ат көтермес сөзі бар. Құлақтан кірген суық сөз, көңілге барып мұз болар. Қисық отырсаң да, түзу сөйле. Біріктіріп айтса бидікі жөн, құрастырып айтса құлдікі жөн. Сиыр баққанда бірге едік, жаңғақ шаққанда бөліндік. Айға жетпес асыңды, ауылдастан аяма. Жолдағы құйрықтан, қолдағы өкпе артық, жайлаудағы жылқыдан, қорадағы қой артық. Шай ішіп үйренген, қымыз сұрап қыстамайды. Атасы жер жырта білмегеннің, баласы тұқым себе білмейді. Сақтағаныңды жесең, сағынғаның келер. Ақшасыз базарға барғанша, кетпен алып мазарға бар. Қисықтың көлеңкесі де қисық.  

Жинақтаған Айсұлтан ЖАҚЫП