Мәскеуге аттансаң «Шереметьевоға» емес, «Домодедовоға» дөп түсесің
Асқар Беков
Мәскеуге аттансаң «Шереметьевоға» емес, «Домодедовоға» дөп түсесің
Әуежайға қонуға жақындаған ұшағымыз алдымен шассиін түсіретінін сырттай көрмесек те, борт ішінде отырып жақсы естиміз. Аяғыңның астындағы еден қытырлай бастағанда – ішің қылп етіп, тақыр-тұқырдан дөңгелектері шығып жатқан болар деп болжайсың. Бұл уақытта ұшағың жерді аман-есен «иіскеп», түзу қонса екен деген тілек әрбір жолаушының көкейінде сайрап тұрады. Арынымен келіп қонған ұшақ біразға дейін жылдамдығын баяулата алмай, салдыр-гүлдірлетіп «ентігін» әрең басатын. Осы уақытқа дейін еліміздегі көп ұшақ осындай болатын, несіне жасырамыз?! Бірақ бұл жолы мүлдем басқаша болды...
Қазан айының соңында «Эйр Астана» ұлттық әуекомпаниясы Мәскеу қаласына жаңа маршрутпен жетіп, жаңа әуежайға қонды. Тіпті, біз мінген ұшақтың өзі су жаңа Airbus A321LR болатын.
Алдымен ұшақты айтайын. Мақтайын демейсің, бірақ реті келіп тұрғанда неге жазбасқа? ТМД елдерінің үздік әуекомпаниялары бұл ұшаққа енді тапсырыс беріп жатқанда, біздің әуекомпания біреуіне алғашқылардың бірі болып қол жеткізді. Содан болар, біз мінген жаңа ұшақ Мәскеудің «Домодедовасына» қонған бойда, жүз шақты споттердің назарына ілінді. Ұшақ көрсе телміре кететін споттерлер сымға қонған торғайдай жағалай тұрып шытырлатып түсіріп жатты. Сырт келбеті Airbus A321 neo-ға ұқсағанымен мұның ұшу қашықтығында артықшылық бар. Салон толықтай Recaro орындықтарымен жабдықталған. Ол дегеніңіз – жайлы әрі жұмсақ. Барлық орындықтың алдында ойын-сауық жүктелген led-экран орнатылған. Бұл ұзақ қашықтыққа ұшатындарға уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік сыйлайды. Бизнес санатта 16 орын қарастырылған. Аяқкиіміңді шешіп, демалып жатуға да болады.