Интернет арқылы той көйлегін сатпақшы болып, бүкіл ақшасынан айырылды
Интернет арқылы той көйлегін сатпақшы болып, бүкіл ақшасынан айырылды
140
оқылды

Петропавлда әйел интернет арқылы той көйлегін сатамын деп 265 мың теңгесінен айырылды. Оқиғаны СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметі хабарлады.

Олардың айтуынша, 48 жастағы петропавлдық әйел интернетте той көйлегін сатпақ болып, хабарландыру берген. Көп ұзамай «сатып алушы» хабарласып, ақша аудару үшін банк картасын екі жақтан фотосуретке түсіріп жіберуін өтінген. Әйел бірден түсіріп жіберген. Сол сәтте оның есеп шотынан 265 мың теңгесі шешіп алынған.

Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында бір күнде интернет алаяқтарынан зардап шеккен үш адам полицияға арызданған екен. Оның бірі – Шалақын ауданының 19 жастағы тұрғыны. Қашықтан білім алып жүрген студент шәкіртақысын жұмсамай жинаған екен. Ол өзінің және анасының жиған-терген ақшасын Telegram мессенджері арқылы хабарласып жүрген таныс қызға аударып жіберген. Сөйтіп барлығы 450 мың теңгесінен айырылды. Ол қыз пайдалы бизнеске ақша салып, бірнеше күнде пайда табуды ұсынған. Бірақ жігіт уәде етілген кірісті күтіп, түспегеннен кейін полицияға жүгінген екен.